Home » Білім және тарих » «Туған өлкенің ерекше орындарынан Қазақстанның қасиетті орындарына» туристік-өлкетану жұмыс тәжірибесінен

«Туған өлкенің ерекше орындарынан Қазақстанның қасиетті орындарына» туристік-өлкетану жұмыс тәжірибесінен

  Бөлім педагогтарының басты мақсаты туризм мен өлкетану жұмысын тәрбиенің бір құралы ретінде пайдалана отырып, балалар арасында туристік — өлкетану жұмыстарының белсенділігін арттыру арқылы салауатты өмір салтының дағдыларын қалыптастыру, қызығуы мен қалауына қолайлы жағдай жасау, сұранысын қанағаттандыру.Бүгінгі күнде «Туризм және өлкетану»  бөлімінде 2017-2018   оқу жылының бірінші жартыжылдығында балалардың сұранысын қанағаттандыру, шығармашылығын дамытуда «Жас турист», «Өлкетанушылар», «Жаяу туризм», «Тау туризмі», «Туристік көпсайыс», «Жас турист – құтқарушылар», «Жас турист-нұсқаушылар», «Салауатты өмір салты», «Жезтур» және «Шахмат» үйірмелері ұйымдастырылып, қала мектептерінен барлығы 314 бала қамтылған.

Балалар-жасөспірімдер туризмін үйлестіруші орталық туризм және өлкетану бөлімі балалар мен жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеу, экскурсия, саяхат, жорықтарды ұйымдастыру және өткізу саласында бірегей саясатты іске асыруда.

Туризм және өлкетану бөлімі өз жұмысын 15.09.2016 жылы Балалар мен жасөспірімдер сарайында Ашық есік күнін өткізуден бастады. Сарай ауласы туған өлке туристік мүмкіншіліктерін насихаттайтын фотостендтер мен балалар мерекесімен құтықтау лозунгтерімен безендіріліп, балаларға туризмнің алғашқы дағдыларын үйрету барысында, жарыс трассасы жасалынып, жаяу туризм жорық кедергілерінен өту элементтері жеңілдетілген түрінде енгізіліп, жорық қауіпсіздік шараларын қолдана алуға жаттығулар өткізіліп, балаларды қызықтыра отырып үйірмелерге тарту насихат жұмыстары жүргізілді.

Елбасының Қазақстан халқына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдауын іске асыру бағытында бөлімнің «Ұлы Дала тарихы» атты балалар мен жасөспірімдер арасында туристік-өлкетану жұмысын дамыту жобасы жасалынып дайындалды. Жоба 3 бағытта өлкетану, саламатты өмір салты және діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстар жоспарланды.

Балалар мен білім алатын жастар арасында туристік өлкетану қызметін көпшілік тұрғыда (массалық) дамытудың тиімді жүйесі құрылуда, оның айғағы, оқу жылының бірінші жартысында туған өлкенің ерекше тарихи орындарына сондай-ақ қатер төндіретін жат діни ағымдардан сақ болу және Діни экстремизмге қарсы тұрудағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында өлкеміздегі рухани – тарихи құндылығы бар жерлерге саяхаттар мен экспедициялар ұйымдастырылып өткізілді. Балалар еліміздің, өлкеміздің киелі, қасиетті және тарихи орындарын көзбен көріп танысуына, жеке танымдық мүмкіндіктерін қалыптастыруына, діни наным – сенім мен олардың пайда, зияны турасында ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік алуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы орындалу керек міндеттері бойынша өскелең ұрпақты өлке тарихымен таныстыру мақсатында қазақтың ұлт болып қалыптасуына ұйтқы болған Ұлытауға яғни, Хан Ордасына саяхатта болды. Жасөспірімдер қазақ хандарының барлығы дерлік ұлықтаудан өткен, ақ кигізге көтеріп хан сайлап,халқына адал қызмет етуге ант беріскен Хан Ордасын көзбен көріп тарихымен танысты. Хан Ордасында Жошыдан бастау алған хандардың бәрінің осы өңірде ұлықталғанын, тіптен, соңғы қазақ ханы Кенесарының да осы жерде ақ кигізге көтеріп,хан сайланғаны туралы естіп білді.Осы киелі Ордада 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ 2017 жылдың қазан айының 1-жұлдызында Жошыхан кесенесіне Балалар мен жасөспірімдер сарайының 25 оқушысына саяхат ұйымдастырылды. Бұл саяхаттың маңыздылығы БмЖС педагогтарының оқушылардың демалыстарын тиімді өткізуіне, ең бастысы өлкеміздің рухани-тарихи құндылығы бар орындарын көзбен көріп танысуына, жеке танымдық мүмкіндіктерін қалыптастыруына жағдай жасауы.

2017 жылдың 15 қазанында Балалар мен жасөспірімдер сарайының 25 оқушысымен Алашахан кесенесіне саяхат ұйымдастырылды. Оқушылар кесенені қызыға аралап, көзбен көріп тарихымен таныса алды. Алаша хан – бұл тарихта аты аңызға айналған тұлға. Шынында мұндай адамның атының тура аудармасы «ала» дегенді білдіріп, өзі қазақ халқының ата тегі болып саналған адамның болған-болмағанын ешкім білмейді. Алаша хан туралы ескертпелер тек аңыздарда ғана емес, басқа да түркі елдердің аңыз-әңгімелерінде де кездеседі. Сондықтан ғалымдар оны Еуразия далаларындағы көшпенділер бірлігі заманының культтік белгісі екендігін айтады, ал кесененің өзі XI – XII ғасырлар кезеңінде қазақ даласын басқарушысының құрметіне тұрғызылған деп санайды.

Мектеп оқушыларына рухани-тарихи құндылығы бар жерлерге саяхат ұйымдастыру мақсатында 2017 жылдың 22 қазанында Теректі Әулие тарихи орнына Балалар мен жасөспірімдер сарайының 25 оқушысына саяхат ұйымдастырылды. «Теректі әулие» суреттері (пиктограмма, петроглифтер) тас бетінде қашалып салынған, балалар мұнда ежелгі адамдар өмірінің көптеген аспектілерін (материалдық, рухани, әлеуметтік) қайта елестетуге мүмкіндік беретін, маңызды деректер көзі болып табылатын тасқа қашалған бейнелермен танысты.

2017 жылдың қазанның 29-шы жұлдызында Аяққамыр кесенесі мен Басқамыр қалашығына Балалар мен жасөспірімдер сарайының 26 оқушысына саяхат ұйымдастырылды. Өткенімізді іздестіру, байтақ мағлұматтарымызды оқып үйренудің басты мақсаты-даламыздың шежіре сырын тану, тарихи болмысын айқындау,өлкеміздің шежірелі деректерін жинақтау. Кейбір деректер бойынша, бұл жерде Жошы ханның немересі Алтын Орда ханы Құтлық Темір жерленген деседі.

 

Балаларды туған өлкенің тарихи-мәдени ескерткіштерімен таныстыру мақсатында 2017 жылдың 05 қарашасында бөлімнің 30 үйірмешісіне Жошы хан, Домбаул кесенелеріне «Туған жер тарихы» атты саяхат ұйымдастырылды. Домбауыл кесенесі — исламға дейінгі кезеңде Қазақстандағы тастан қаланған ірі құрылыстардың бірі. Домбауыл есімі аңыз — әңгімелерде әртүрлі айтылады. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның Домбауыл мергеннен тараған ұрпақ екені шежірелік жүйемен таратылып айтылса,енді бір аңызда Домбауылды күйші ретінде суреттейді, кейбіреуінде Шыңғыс хан мен Жошы ханның батыр мергені,сақшысы ретінде айтылады.Кейінгі кезде Домбауыл ескерткіші-ғалымдардың ресми деректеріне байланысты оғыз-қыпшақ кезеңінің (ІХ-ХІ ғ.ғ.) ғибадат орыны делінсе,енді бірі осы қорымда Жошы ханның кеңесшісі, «Ақсақ құлан» күйінің авторы,аңызға айналған әскербасы Кетбұғаның әкесі жерленген деседі.Сондай-ақ қатысушылар кесене жанындағы қазақ даласы тарихының бірегейі балбал тастар жиынтығын тамашалап, олар жайлы мағлұматтар алды.

Түрлі іс шаралар өткізу арқылы балалар мен жасөспірімдер туризмін насихаттау, туристік-спорттық шеберліктерін арттыру, дене тәрбиесін дұрыс жолға қою және денсаулық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіншілік жасалуда. Атап айтсақ оқушылар арасында қалалық «Алтын күз» туристік жарысы өткізіліп 75 бала катысты.Сондай-ақ 6 үйірмеаралық туристік жарыс өткізіліп оған, 288 оқушы қатысса, туған өлке аясына 8 жорық ұйымдастырылып 94 тәрбиеленуші қатысты.

Туған өлкенің ерекше орындарынан Қазақстанның қасиетті орындарына танымдық саяхаттар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда БмЖС-ің 15 үйірмешілеріне «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі — Әлемдік жетістік» атты Елордаға туристік саяхат ұйымдастырылды. «ЭКСПО» қалашығы – ертегілер әлемі сияқты.Көрме жәдігерлері-көне дәуірден емес, болашақтан. «Нұр Әлем» кешенінен бастап, Германия, Ресей, Турция, Малайзия, Тайланд, Индия,Өзбекстан,Австрия,Африка елдерін т.б. біршама павильонды араладық. Астана қаласының әсем орындарын,тарихи және мәдени ескерткіштерін, Тұңғыш Президент мұражайында, Назарбаев орталығында, мәдени және демалыс орындарында болып тәуелсіздік жылдарында жеткен еліміздің жетістіктерін көріп тамашалады.

2000 мың жылдан аса тарихы бар Түркістан шахарын болғанда Ислам әлеміне таралған ойшыл қайраткер Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне саяхат жасалды. Ахмет Яссауи мавзолейінің әрбір кірпіші үйлесімді жоспармен қаланып,қабырғалары мозайкалық сырланған,арабша Құран аяттарынан әдемілеп жазылған.Түрлі-түсті кірпіштен өрілген ірі жазулар бүгінгі күнге дейін сақталған екен. Кесененің жекелеген бөлмелеріне әйгілі адамдардың сүйектері қойылыпты.Қожа Ахмет Яссауидің өзінен бастап Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Әмір Темір, Бабыр хан,Қаз дауысты Қазбек би, Жәнібек батыр т.б. белгілі адамдар жерленген. Бұл саяхаттың балаларға өткенін көріп ата-бабалар аруағына бас иіп имандылық қадір-қасиетін қалыптастыруға, елжандылыққа баулу да, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға берері көп болды.

Жезқазған-Түркістан-Отырар бағыты бойынша киелі және тарихи орындарына танымдық саяхат ұйымдастырылып Отырардағы бабалардың бабасы – Арыстан баб кесенесіне танымдық саяхат жасалды. Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың замандасы, Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы.. Арыстан баб Х1 ғасырда өмір сүрген,Ислам дінін қазақ өлкесінің оңтүстігінде,Сырдың орта бойына таратуға күш салған діни ғұлама.

Бурабай таулы аймағында болған уақытында балалар Бурабай көліне, Жұмбақтас табиғат ғажайыбы орнына, Найзатас, Оқжетпес, Жекебатыр т.б. тарихи және табиғаты көрікті жерлерге жорық жасалынды.Көпкүндік жорық балалар демалысын тиімді өткізуге, Көкшенің әсем табиғатымен танысуға және сауықтыру жұмыстарына бағытталды.

«Мерке» санаторийінде табиғаты керемет Қаратау мен Алатаудың түйіскен тау сілемдерінде, шыршалы орман арасында жорықтар мен саяхаттар жасай отырып жазғы демалыстарын тиімді өткізе алды. Сондай-ақ, өлке тарихымен танысу мақсатында жергілікті мұражайда,емдік қасиеті ғажап «Әулие бұлақ» басында,жоңғар шапқыншылығы кезінде қорғаныс есебінде қолданылған бірнеше бөлмеден тұратын «Тас үңгірде», тау басынан 15 метрлік биіктіктен төмен құлай ағып жатқан сарқырамада, «Мерке» өзенінде және санаторий жанындағы бассейінде болып қызығушылықпен демалыстарын көңілді өткізді.

Болашақта өлкеміздегі ішкі туризмді дамытумен қатар,сырттан туристерді тарту арқылы, үйірмеге қатысушы жастардан туризм кадрларын дайындау мүмкіншілігі туындайды. Аймағымызда жоғары дәрежелі туристік қызмет көрсету мүмкіншілігіне жол ашылады.

Жанабаева Перизат,
«Жас Турист-Өлкетанушы» үйірмесінің жетекшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.