Көкжиектен құланиектене көтерілген күн жылы жүзбен ұзатылған сұлу қыздай сылаңдап, күймесімен күлім қаға, әдеттегі қалпынан бір танбай күмбезіне ақырын ғана шеру тартты. Шапағын жаға жаныңды жадыратты. Бар дүние нұрға бөленді, тотыдайын түрлене, жандана, жайнай түсті еркін дала төсі. Таңғы жібектей ескен самал желі бетті өбсе, ақшаңқан түтілген мақтадай ақ бұлты әуеде қалықтап, сайрауыш сан түрлі құстары әнімен тербеген. Кеудеңде шаттық күйі кернеген, осынау ғажап өлке!… Жер жұмағының дәл ортасында тұрғандай әсерде қаларсың. Дөңгеленген дүние алақандағыдай. Жер қандай?- деген сұраққа нақ жауап аларсың. Таңның атуы.. күннің алқызылжалқындана батуы. Бәрі-баршасын көру бақытына ие боларсың.
Біздің ауыл, осы бір Оңтүстіктің жаймашуақ өңірі, тіршілік атаулының қадым заманнан қайнар көзі, табиғаттың тылсым сырын, құдірет күшін төрткүл дүниеге паш еткен, әлемдік өркениет бастау алған, шежірелі, бүгінде ел киелілігінің символына айналған жаны жомарт қарт Қазығұрттан баурайының шығыс ылдиын, құнарлы қойнауын өзіне еншілеген, бұрынырақ Ұзынбұлақ аталған, қазіргі – Алғабас ауылы.
Ауылдың қай тұсына да көз тоқтата қарасаң да, жол жиегінде халқымыздың өміршеңдік белгісін танытып, қаз- қатар қарағаш орналасқан. Оның жапырақтары жасыл жібек жіппен әдіптелген әжем кестелеген орамалы жиегіндегі шексіздік өрнегі іспеттес. Арагідік көк терек, ауылдың әр тұсында самаладай сап түзеген ақ теректері түн тыныштығын күзеткен сарбазындай елімнің!
«Ұлтарақтай болса да – ата қоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да — туып өскен ел қымбат» — дейді дана халқымыз. Түлеп, түрленген жастық шағын сағынбайтын, туған жері дегенде толғанбайтын, тебіренбейтін, еміренбейтін исі қазақ баласы жоқ.
Құрбы- құрдас, замандас! Теңіз толқынындай тулаған, ағынан жарылып, ақ жүректен ақ ниет ақтарылар күн бүгін! Жұдырықтай жүрегім, жұмыр жер бетіндегі тіршілік атаулыны тебірентіп, қауызын жарған гулдей тербесін! Ағытып көңіл түймесін, шертіп замана термесін, есіп өмір кемесін!.. Үдере көшкен бұлттай, сынаптай сырғып, жорғадай жортып өткен жастық шақ! Қол созсам алыстайсың, көк белде жеткізбес теңіздей толқыған бұраңдап, бұлдыр қаққан ақ күміс сағымдайсың! Мен неге сағынбайын! Қос қапталын киікотысы қаптаған сай! Көбелек қуып, бүлдірген тере барған сай! Өзіңді сағындым! Қырында көк сағызы «мен мұндалап» көлбеңдеп, қызыл жалқын түлкісі бұлаңдаған қасқа жар, өзіңді сағындым! Топырағы торқа, май татыған, бұлақ, бастау суы бал татыған туған жер! Асыр салып, тобар доп ойнап, әткеншек, ләңгі тепкен жер!
Тау Қазығұрттай қазыналы қарты бар, пейілі кең, көл-дария, мейірімді халқы бар. Балалық балғын, балдәурен шақтың елесі қалған туған жер! Қадірлейді барша жұрт айналайын, қасиетіңнен туған жер! Бесік жыры анамның әлдилеген, айналайын ақ әжем ертегі айтқан туған жер! Күміс қоңырауы сыңғыр қаққан алтын бесік туған жер! Барша жұрт күдер үзсе де, шәкірттерінің жарқын болашағын аңсайтын, зор сеніммен мейірлене қарайтын Әбіштейін ұстазым,әдебиет нұрын төккен жер!
Бүгінде ел ағасы, жаны жайсаң, дала пейіл,бала көңіл менің алтын Бағдаттайын көкешім, игілік нәрін сепкен жер!
Әр көктем Қазығұрт сенің қырқаңа шығатынбыз. Бұл біздің елде ежелден дәстүрге айналған… Аласа көрінген Қазығұрттың етегінде тұрып құзар басына оңай-ақ шыға алатын тәрізденетін. Алайда, бір биіктікті алсаң, екінші биіктік алдыңда кесе көлденең тұра қоятын, соған шықсаң, тау басына шыға қоятындай көрінсе, алдыңда тағы да бір биіктік «мені қайтесің?» деп тоса, алға жетелейтін. Тағы да өре ұмтылушы-ек алға! Неге екенін қайдам, біз де тау басына шығуға қалай асықсақ, ер жетуге, есеюге де солай асығушы-ек! Ал қазір ше?…
Қырқасында алғаш қызғалдағын көргенде жапа-тармағай таласушы-ек. Соңыра, әуелгі қарқынымыз басылып, таңдап, сар даланы кезіп сарғалдағын құшағымыз толғанша теруші-ек! Тау пиязын, рауғашын асықпай сағызша шайнаушы-ек! Қазығұрт туралы аңызын құныға тыңдап, табиғаттың тылсым сырына қанығушы-ек! Сан түрлі ой, қиял жанымызды тербеуші еді.Сан ғасыр азаттық үшін күрескен,елі мен жерін қорғау жолында ауыздықпен су кешкен, ат үстінде күн кешкен кешегі өткен батыр баба, баһадүрлеріміздің адал қаны тамған жерге көктем гүлі қызғалдағы көктеп шықты ма?- екен дерсің. Сарғалдағы, кешегі өткен еліміздің жау жүрек , азаматтық туын алға ұстап ел қамын ойлаған ерен ұлдарының елге, туған жерге деген сағынышының мәңгі елесі емес пе?- деген ойға да тағы қаласың. Ал, таңғы шығы бүгінгі күнгі елінің, ұлтының жарқын болашағын ойлаған, рухы биік өрендерінің, абзал азаматтарының халқы үшін төгілген мөлдір, тұнық тері тақылеттес.
Қайнар, Жамбас, Ақбастау, Бұлақ аталатын көшелері – күні кешегі Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында Отаны үшін, бауырлас елдердің азаттық таңы үшін жаумен аянбай шайқасқан «Эфир снайпері» атанған, партизан соғысында ерен ерлігімен танылған, «Қазақстан қыраны», әйгілі чех халқының батыры атанған халқымыздың ардагар азаматы – Көшіков Әліхан атамыздың арғымақ аты болат тұяқтарын серпкен жер! Шыр етіп дүниеге келіп, жарық дүние есігін ашып, кіндік қаны тамған жер! Тал шыбықты тай ғып мініп, асық ойнап, асыр салған жер! Жалаң аяқ жарысып, табаны тасқа тиген жер! Көгіне аунап, кәусарына қанған жер!
«Адамның басшысы- ақыл, жетекшісі- талап, жолаушысы- ой, жолдасы- кәсіп, қорғаны –сабыр, қорғаушысы –мінез, қымбаттысы –ар, таусылмайтыны –арман, таразысы-жүрек, сыншысы-халық, басына тіккен үйі — өмір» атты ұстанған өмірлік қағидасын бүгінгі ұрпағы өнеге тұтқан белгілі ғалым, философ әрі қоғам қайраткері жанам деген жастың жүрегіне от берген, талантты ерге қанат бітірген, ғылымға сара жол салған халқымыздың қамқоршы перзенті – Темірбеков Сәдуақас данамыздың өз сөзімен айтсақ «жалындаған жауһар жастық шағы» өткен жер! Түн ұзақ ақ қағазға үңіліп, көз майын тауысқан жер! Ат жалын тартып, ауыздықпен алысып, ұшқан құспен жарысып, айдарын жел аймалап, маңдайы күнге күйген жер! Ақиқатты дәріптеп, ізгілік дәнін сепкен жер! Елінің алтын діңгегі- бүгінде баршын тартқан шақ. Әндігер, аяулы қыран әлі де өз тұғырында. Күндей нұрлы жүзінен төгілер мейірім шуағы әлі талай жер жүзін қуанышқа кенелтер. Таңғалдырар, тамсандырар ән салдырар…
Қасиетті Қазығұртты асқақ Алатаумен ұштастырушы белес-белес жондары қырық бір күндік жүк артқан, бағзы заман бабаларымыздың түйелі керуені тәрізді.
Алдымызда аспанмен тілдескен сағым буған асқар Алатау мұнарлайды,асқақ арман,ұшқыр қиялдарға жетелеп! Ауыл шетінде үйір жылқы ішінде тұлымшағы желкілдеп, майда жалды, бұлан тектес, күні ертең ұлы өмірдің дүбірлі, аламан бәйгесіне қосылар, өрелі, өрен жүйрік осы өлкеде бір жас тұлпар өсіп, күннен- күнге жетіліп, өршеленіп келеді…
Жанысбек Ләззат Қасымқызы