Ақпан айының 23 жұлдызында Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты №129 жалпы білім беретін мектепте «Туған жер» атты мерекелік шара болып өтті. «Шараның мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігін білдіру, өзінің тарихына ,мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлай білу. Оқушылардың туған жеріне , еліне деген сүйіспеншілігін арттыру», — дейді ұйымдастырушылар ұжымы. Тағылымы мен тәрбиесі мол болған шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Кешубаева Шолпан Құрманғалиқызы жасаған «Рухани жаңғыру: Туған жер – тұнған тарих» атты баяндамаға ұласты. Бұдан кейінгі мектеп оқушыларының қойған концерттік бағдарламасы көрермендерге сөзбен жеткізе алмастай әсер сыйлай алды. Түрлі ұлт өкілдерінің ұл-қыздары тәлім алып жатқан білім шаңырағының шәкірттері өздерінің таланты мен дарынын паш етіп, интернационалдық рух пен сан ұлттардың рухани үйлесімінің жарқын бейнесін көз алдымызға әкеп берді.
Атап айтқанда, оқушылардың «Ұлытау», «Ақбидай» билері қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйласа, «Туған жер» көрінісі өзінің тағылымдылығымен бір тамсандырып тастады. Бұдан кейінгі оқушылардың ән мен биден жасаған шашуы іс-шараның тартымдылығын арттыра түсті. Мектеп директоры Сулейменова Ш.В. шараға қатысты: «Осындай іс-шаралар орыс мектептеріндегі оқушылардың мемлекеттік тілді тез меңгеруіне үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Көріп отырғандарыңыздай барлық балалар қазақ тіліне жатық, жетік. Біз мемлекет басшысының үш тұғырлы тіл саясатын қолдай отырып, мемлекеттік тілді дамытуды жалғастыра береміз», — деген пікірін білдірді. Бағдарлама соңы оқушылар хорының «Атамекен» әнін орындауымен салтанатты түрде жабылды. Шара соңында сөз алған қонақтар ұйымдастырушылар мен оқушыларға жылы лебіздерін жолдап сөз сөйледі.
Дінмұхамеджан МҰХАМЕТЖАН,
«Білім айнасы»,
Алматы