Жөлек қорған – 19 ғасырдың 1 жартысында Сырдарияның оң жағасында салынған қорған. Қоқан ханы Омардың тұсында (1809-22) Сырдарияның төменгі ағысы бойын жаулап алу мақсатында іргесі қаланған. Ресей әскерлерінің шабуылынан соң, 1856 жылы бейбіт тұрғындар қорғанды тастап кетуге мәжбүр болды. Жөлекті Ресей әскерлері 1861 жылы жаулап алды.
(Жөлек қорғанының 1866-71 жылдар аралығында түсірілген фотосы “Түркістан” альбомынан алынды).
Алғашқы мектеп
Сырдария облысындағы бірінші орыс мектебі Қазалыда 1860 жылдың 22 қаңтарында, Ақмешітте 14 сәуірде ашылады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін Жөлектегі орыс түземдік мектебі жанынан интернат ашылады. 1885 жылы осы 2 сыныптық түземдік мектепті бітіріп, болашақ қазақтан шыққан кәсіби әскери дәрігер Әли Көтібаров оқуын жалғастыру үшін Ташкентке аттанады.(«1898 жылы дәрігер болған Әли» Тынышбек Дайрабай. Денсаулық журналы №2 2003ж.) 1911 жылдары бұл мектепте Бабабек Есенов, Сейділда Әбдірахманов деген кісілер сабақ береді.1909-11 жылдары бұл мектепте Дүйсенбі қария Тамаша Қожабековпен бірге оқығанын айтады («Аты аңызға айналған адам» Ғ. Сүйіндіков. Өскен өңір. 19 ақпан 1972 жыл) Осы мектеп түлегі Ержігітов Уалиханның атына берілген куәлік 1912-1916 жылдары бұл оқу орнының төрт жылдық орыс-түземдік училище болғанын айғақтайды. Генерал-лейтенант Төлеген молда (атақты үш молданың бірі) баласы Мәулен Ақпанбетов бастауыш білімді Жөлекте алады. Бір кездері екі-үш бөлмелі үйге орналасып, 20-25 қазақ-орыс баласын қамтыған бұл училище қазір үлкен орта мектепке айналған.
Ауыл орталығында орналасқан №152 орта мектеп аудан көлеміндегі іргесі қаланған білім ордасының ең алғашқысы екендігі баршаға мәлім. Мектеп 1883 жылы екі кластық бұратана балаларын оқытатын түземдік мектеп болып ашылады. 1912 жылы Бабабек Есеновтың басшылығымен 4 жылдық орыс-түземдік училище болып құрылады. 1937 жылы тамыздың 20-сы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Жаңақорған ауданына қарасты қазақ-орыс балаларын оқытатын Жөлек 7 жылдық орталау мектебі құрылады. 1938 жылы қаңтардың 1-нен бастап Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарады. Алғашқы оқу жылдарында мектебіміз Жөлек, Ащықұдық, Жуантөбе, Ақтоған, Қызылдихан елді мекендерін қамтып, оқушылар саны 480-ге жетті. Мектептің алғашқы директоры Әбілов Нұрмахан болды. 1934 жылдардан соғысқа аттанғанға дейін оқу ісін Қалышев Әлайдар басқарды. 1938 жылы Әбілов Нұрмахан ОблОНО аппаратына ауысып Шевщенко Павел Иванович директор болды. 1938 жылы Талаптан мен Ортақшылда мектеп ашылып, оқушылар контингенті азаяды. 1939-40 оқу жылында Жөлек мектебі білім сапасы жөнінен облыста 3-ші орын алады. 1939 жылы «Жалпыға бірдей міндетті әскерге алыну заңы» шығып, мектептің 5 мұғалімі әскерге алынады. Олар: Шермаханов Нұрмахан, Мұқанов, Басықараев, Горбачев Иван Петрович. 1940-1941 оқу жылында мектеп облыс бойынша 1-ші орынға көтеріліп, Республикалық мектептер көрмесіне жолдама алады. Бірақ ол көрменің өтуіне соғыс кедергі болады. Соғысқа мектептен 12 мұғалім алынып, олардың 4-і жеңіспен оралады. Олар: Сариев, Басықараев, Орлов, Тарасенко. 1-ші және 2-ші жылғы түлектерден 26 оқушы соғысқа аттанып, олардың 6-ы оралады. Соғыс аяқталғаннан кейін мектеп үйінің жаңа құрылысы басталады. Оған құрылысшылармен қатар мектеп оқушылары мен мұғалімдер көп күш жұмсады. 1953 жылы мектеп 8 жылдық орта мектепке айналады. 1967 жылы 10 жылдық мектеп болып, алғашқы түлектері 1968-1969 оқу жылында бітірді. 1972-1973 оқу жылында орыс сыныптары жабылып қазақ орта мектебіне айналады. Мектептің қазіргі екі қабатты ғимараты 1976 жылы пайдалануға берілді. Осы жылдар ішінде соғысқа дейін Әбілов Нұрмахан (1937-1938), Шевщенко П. И. (1938-??), Иван Петрович Горбачев (1938-1939), Фоина Григоревна Соколовская, Дигай К.В (1950-1952), Т. Сәрсенбаев (1952-53), Кузнецов (1959-69), М. Рүстемов (1969-1986), Ө. Исаханов (1987-97), Х.Әлтаев(1997-2012), Қ. Мұсаев (2012-2016), 2016 жылдан Е. Дүйсенов директор болып келеді.
Жөлек тарихында №152 мектепте 1959-1986 жылдары қызмет жасап, оның 24 жылында басшылық жасаған М. Рүстемовтың алар орны ерекше. М. Рүстемовтың талапшылдығы мен жаңашылдығы, білімділігі арқасында мектепті үнемі облыс көлемінде алдыңғы қатарда ұстап, Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі атағын алуы сол еңбектің бір дәлелі болса керек. Ұстаздардың ұстазы бола білген М. Рүстемовтың адами тұлғасы өзімен бірге қызметтес болып, тәлімін алған тұстастарымен қатар, сол кезеңде білім алған шәкірттердің де жадында сақталып, өміріне жарық жол көрсетіп келеді.
Алтын ұя туралы естеліктер
1998 жыл. Сергара Ізтілеуұлы. Қауіпсіздік комитеті ардагері естеліктерінен:
«Есеннің екінші ұлы Бабабек. Ол оқытушылар гимназиясын бітіргеннен кейін ағартушылық қызметін Хан мектебі- қазіргі Сырдария ауданындағы Шаған мектебінен бастаған. Әуелгі кезде орыс тілінен сабақ берсе, көп ұзамай 1905-1908 жылдары сол мектептің директоры болып жұмыс істеген. Бұл жөнінде Бабабектің елеулі еңбегін журналист Несібелі Рахметова «Сыр бойы» газетінің 5-қаңтар 1994-жылғы №2 санында Хан мектебінің мерекелік тойына арнайы «Ғасырға жуық жасаған мектеп» деген мақала жазды.Хан мектебінен кейін Бабабек Шиелі өңіріндегі Жөлекке келіп 1893 жылы ашылған орыс қазақ мектебінде 1929 жылға дейін мектептің директоры әрі орыс тілінен сабақ берген. Ол кісінің алдынан көп орыс, қазақ балалары білім алып шығып, Кеңес үкіметінің кезінде ірі-ірі қызметтерде жұмыс істеген. Олардың ішінде Палмұхамедов Әбу, Бейсенов Әлішер және т.б. белгілі қоғам қайраткері болды.
Бабабектің көзін көргендер оның сауаттылығын, білімділік, адамгершілік мәдениетін, халыққа жасап кеткен қайырымдылығын айтып жыр еткен. Менің өзім Бабабектің мейірімділігінің куәсі ретінде оның бір жетім қалған орыс баласын қамқорлыққа алып, оны асырап өсіріп, оған Байқоңыров Әбдірахман деген ат беріп өсірген де оқытып, ел қатарына қосқанын білемін. Сол Байқоңыров кейіннен Алматыда ірі қызметтерде жұмыс істеді. Бабабек 1929 жылы өкпе ауруынан қайтыс болды.Ол да Оқшы Ата қорымында жерленген.
Бабабектің халыққа білім беріп, сауаттандырудағы, Шиелі өңірінде бірінші мектеп ашуындағы еңбегі жөнінде Республика озат мұғалімі Қалдыбаев Мінәт бұдан ондаған жылдар бұрын газет бетіне мақалалар берген болатын. Бұл кісіден кейін Бабабек еңбегі, Жөлек мектебінің тарихы туралы ешкім баспасөз бетінде қалам тартқан жоқ. Бір таңқаларлығы сол Жөлек мектебінің негізін кім қалағанын, оның ғасырға жуық тарихы бары жөнінде білім қызметкерлері жұмған аузын ашпайды. Соған қарағанда кейінгі ұрпақ мектеп тарихын зерттеу мәселесіне көңіл бөлмей ме деген күмәнім де жоқ емес.
Бабабектің Шиелі өңірінде алғашқы мектепті ашып бірінші ағартушы болғанын зерттеп, Жөлек мектебін сол кісінің атымен атаса орынды болар еді.»
1977 жыл. Сәпи Құрманаев. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі:
«Қазақтар арасында орыс білімінің ықпал-әсерін дамытыңыздар, жас та дарынды, ақындық әсерге бай халықтың орыс халқымен адамгершілік аясында жақындасуы үшін әсер етіңіздер, — сонда қазақ халқы орыс мемлекетімен тез қосылып кетеді, өзінің бақытын осы қосылудан көретін болады, сөйтіп, қазақтар тек бақташы ғана емес егінші, дихан да, тіпті өзі үшін аса қымбат және қазірдің өзінде мақтан тұтатын Россия туы астында жауынгер қазақ та бола алады» — «Орнебургский листок» газетінің №7 санында жарияланған Ыбырай Алтынсариннің осы бағалы да құнды ұсынысы қазақ даласында ағарту мектептерінің ашылуына себепші болды десек еш асырып айтқандық болмас еді. Ендеше 1883 жылдары Жөлекте тек Россиядан келген әр түрлі шендердің, 1870 жылғы жаңа ережеге бағынғысы келмеген Орал казактарының жер ауып келген семьяларының балалары үшін ғана шағын мектеп жұмыс істеген болса, 1890 жылы Шиелі тарихында тұңғыш рет орыс-қазақ мектебі ашылды.
Аудан көлеміндегі ең алғашқы мектеп болып саналатын Жөлек орта мектебі таяуда екі қабатты жаңа үйге көшті.
Алғашқы мектепте кімнің тіл ұстартқаны жөнінде біздің қолымызда пәлендей тарихи мәліметтер жоқ. Тек беріде ғана Ташкенттегі мұғалімдік семинарияны бітірген Бабабек Есеновтың осы мектепке ұстаздық еткені белгілі. Ұзақ жылдар бойы шаруашылықтардың әр түрлі саласында есепші қызметін атқарып пенсияға шыққан Жұмабеков Уалихан осы Бабабек Есеновтен дәріс алған адам. Ол кісінің сол кездердегі жазба дәптерлері қазірдің өзінде тазалығымен, көркемдігімен, сауаттылығымен, ұқыптылығымен кімді де болса қызықтырғандай. Жөлек мектебінің дирекциясы «мектеп шежіресін» ұйымдастыруды қолға алғандай болса бұл дәптерлер ең құнды экспонаттардың бірі болар еді.»
Бүгінгі мектеп
Ұлттық мектеп тағдыры қай қилы заманда да, қай ұлттың болсын көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды азаматтарын толғандырып келген ең өзекті мәселелердің біріне саналды. Осы орайда ежелгі мекен Жөлек ауылында орналасқан, тарихы 19 ғасырдың 80-ші жылдарынан бастау алатын №152 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымының да өзіндік үлесі бар. Екі мыңнан астам халқы бар ауылда мектеп жасындағы балалар саны да жылма жыл өсіп келеді.
Біздің мектеп — жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін, білім ордасы, бірнеше ғасырлар бойы жиналып сақталған ел мұрасын келешек ұрпақ игілігіне жеткізе алатын мәдени ошақ, ұлттық тәлім-тәрбие орталығы.
Бабажанова Айгерім,
Қызылорда облысы Шиелі ауданы
Жөлек ауылы
«№152 қазақ орта мектебі» КММ-нің
тарих пәнінің мұғалімі
Пайдаланылған әдебиеттер:
- С.Құрманаев “Өскен өңір” газеті, №100, 22 тамыз, 1970 жыл.
- С.Ізтілеуов “Өскен өңір ” газеті, №35, 18 шілде, 1998 жыл.
- С.Құрманаев “Өскен өңір” газеті, №25,26. 22,24 ақпан, 1977 жыл.
- Б.Сатаев. “Сырдың сырлы Жөлегі”, АРЫС баспасы, Алматы, 2017 жыл.
- Сыр өңірінің белгілі журналистері С,Пірназаров, Н.Елтай,
С.Құрманаев, Алтай Нуриддинұлы,т.б әр жылғы мақалаларынан.
- Қазақ Совет Энциклопедиясы. 4-том.
- Ардагер ұстаздар З.Әлжанова, Б.Құрбанова , С.Әлиева, т.б естеліктері.