Home » Мақалалар » Туған жерге туыңды тік

Туған жерге туыңды тік

 

 

 

«Мен  туған ауылымды көркейту үшін келдім», — дейді Дүйсенбай Рахметов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің директоры Жапаров Қуандық.

Баянауыл ауылының кіреберіс сол жақ беткейінде орналасқан айдынды Сабындыкөлдің сыртында таулы жоталарымен астасып жатқан көрікті мекен Ақсан ауылы бар. Таулы өлкенің табиғаты жылдың қай мезгілі болса да, көзтартарлық  құбылысқа ие. Бұл жерден түлеп шыққан кез келген адам сұлу өлкені оңайлықпен қиып кетуі мүмкін емес. Ақсан ауылының тумасы  Қуандық Бөкенұлының да еліне деген сүйіспеншілігі осы ынтымағы мен берекесі жарасқан мамыражай ауылына көрік берген көркем табиғаттың да әсері болар, кім білсін?  Директордың еліне деген махаббатының сырын  сұхбаттасу барысында  ашқан едік.

Егеменді еліміз тәуелсіздік аясында ширек ғасырдан аса көгілдір ту астында бейбіт өмір сүріп келеді.Тіліміздің мәртебесі мен діліміз дамып, әлемдегі 30 елдің қатарына енуді мақсат тұтып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпаққа білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлу. Сондықтан да, барлық рухани өркениеттің ошағы болып отырған ауыл мектептерінің де тыныс-тіршілігі өте кең. Өйткені, ауыл – көненің көзі, шежіренің шөлі, аңыздың астауы, ынтымақтың ырысы. Тірі шежіре, қазынадай болып жүрген көнекөз қарттарымызды да осы ауылдан табамыз.

Бұрынғы Ақсан мектебі бүгінде Дүйсенбай Рахметов атындағы мектеп болып отыруының да себебі осыған саяды. Дүйсенбай атамыз осы көрікті мекенде туып, еліне адал да қажырлы еңбек етіп, елінің ұйытқысы болған Қапса әжеміз екеуі ұлықты ұл, қылықты қыз өсірді. Ұрпақтары бүгінде бәйтеректей жайылып, білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеген елге сыйлы, ордалы отбасы. Ардагер ата ел басына қатер төнгенде қару алып Отанын қорғаған майдангер.

Мақтансаң-ұрпағыңмен мақтан дегендей, бүгінде Дүйсенбай әулетінің республиканың түкпір-түкпіріне тамырдай тараған ұрпақтары ата-аналарының тағлымды тәрбиелерінің арқасында республикаға танылып, балаларының алды 80-ді алқымдап, кезінде елге хатшы болған,  одан генерал, бірі доктор, бірі ғалым, бірі академик,  бірі прокурор, бірі әкім, бірі ұлағатты ұстаз болған ел мақтаныштары. Кенже ұлы Кенжебек Рахметов бүгінде осы Ақсан ауылын басқарып, елін ынтымаққа жұмылдырып отырған әкімі. Сондығынан да бұл мектептің аты – майдангер атамыздың атымен аталуының да жөні бар.

Бізді әңгімеміздің бағытын сұқбатымыздың төркіні болып отырған Қуандық Бөкенұлына келейік.

Сіздің туған жеріңізге келуіңіздің себебін іштей түсінгендеймін. Десек те, өзіңіздің аузыңыздан естіп, жалпы ойыңызды ортаға салсаңыз деймін? Қашан мектепке қызметке келдіңіз?..

— Мен осы ауылда туып, мектебімде тәрбиеленіп, 2005 жылдан бастап білім саласында қызмет істеп жатырмын. Негізгі мамандығым — қазақ тілі мен әдебеиеті пәнінің мұғалімі. Негізгі ойым  — өз ауылымды көркейту мақсаты. Бүгінгі

Елбасының ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын бірауыздан қолдаймын. Әркім өзінің елінің патриоты болу керек. Бүгінде шетел асып кетіп жатқан сезімсіз жастардың ісіне кейде қарап отырып таң қаламын.

Мен мектепке келгенде Көкішұлы Қуантай Елемесұлы мектеп директоры болды. Мектептің білікті мамандары Бақыт Төлебайұлы, Ойранбекова Зәмзагүл Ғафуқызы сынды жетекшілерімнің тәрбиесін алдым. Осы 10 жыл аралығында Абдыкаримов Мереке Талғайратұлы, Қайырбеков Абзал Тәлеуғабылұлы, Әйтімова Рахат Мақсұтханқызы (2013) сынды мектеп басшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасадым. Бұл кісілердің қай-қайсы болмасын өз істерінің мамандары.  Қазір әрқайсысы жоғары лауазымды орындарға ие болып отыр. Кезінде мені тәрбие ісінің меңгеруші қызметіне тағайындаған басшы Мереке Талқайратұлы – бүгінге ауданның білім саласы жүйесін абыроймен басқарып отыр.

«Жас келсе — іске» деген жақсы сөз бар халықта. Қашаннан бері осы қызметке кірістіңіз? Мектептің атауы қай жылы берілді?

— 2015 жылдың 11-ші ақпанынан бастап осы мектепте директоры болып қызмет жасап жатырмын. Мектеп 2016 жылдың аяғына қарай, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық аясында ел қалауымен, аудан әкімшілігі мен бөлім басшыларының ұйғаруларымен ұсыныс қабылданып, Ақсан жалпы орта білім беру мектебіне жерлесіміз, ауданның Құрметті азаматы, ағартушы — ұстаз, қоғам белсендісі Дүйсенбай Рахметовтың есімін мектепке беру осы жылдың басында аудан әкімінің қаулысымен шықты.Бүгінгі күнде барлық құжаттары толық рәсімделді.

Былтыр мектептің атауының тақтайшасы ашылып, ел болып осы үлкен жиынға қатысқан еді. Әсіресе, осы мектепті ашуда майдагер атамыздың ұрпақтары белсенділік танытты. Мектеп ауласына кіреберістегі брусчаткадан салынған тас жолды, тас мүсінін, құны жарты млн. тұратын музыкалық аппаратура мен оқушылардың музыкалық шығармашылықтары дамысын деген ниетпен арнайы Семей қаласынан тапсырыспен жасалған 7 домбыраны сыйлады. Сондай-ақ, шараның ұйымдастырылуына Дүйсенбай атамыздың әулеттерінің үлкені Мұрат Дүйсенбайұлы бастаған ұрпақтары белсенділік танытты. Жалпы, олар әркездері ұсақты-ірілі шараларда қолдау көрсетіп жатады.

Ардагер атамыздың кіші ұлы Кенжебек осы ауылдың әкімі. Бүгінде ауыл халқын іске жұмылдырып, абыройлы қызмет жасап жатқан сыйлы азамат.   Дүйсенбай Рахметовтың осы мектепте Алма есімді қызы көп жылдар қажырлы еңбек етті. 2015 жылдан бері зейнетте. Атамызға қолынан шай құйып беріп, қолында болған кенже келіні Гүлзираш Өмірзаққызы бүгінгі тәжірибелі ұстаздардың қатарында, еңбек, ән сабақтарының мұғалімі.

Мектептің ішкі тыныс-тіршілігі туралы айтып қетсеңіз? Қандай жетістіктеріңізбен бөлісе аласыз?

— Мектепте 100-ге тарта жасөспірімдерді 30-ға тарта ұстаздар білім нәрімен сусындандырып отыр. «Нұрсәуле» шағын орталықта 24 бүлдіршін тәрбиеленуде. Шәкірттеріміздің жан-жақты болғанын қалаймыз. Ұядан шыққан түлектер еліне келіп жұмыс жасаса деген ниетіміз зор.

Жаңартылған білім саласының аясында білім саласындағы өзгерістер өте көп. Соған ілесуде аянбай ұстаздарымыз көп жұмыс атқаруда. Мектеп соңғы үш жылда жаратылыстану бағытына негізделіп оқытады. Математика пәнінің мұғалімі Нығмет Алуа Ерсінқызының сыныбы тереңдетілген бағытта жұмыс істеп жатыр. Әлі де болса материалдық базаны толық нығайтса деген ойымыз бар. Компьютерлер бүгінгі талаппен жеткілікті. Десек те, интернет желісін қолдану мүмкіндігі толығымен болмай отыр. Ауданға жақын орналассақ та, ауылымыз таулы жерде орналасқандықтан болар, тек WIFI ғана қолданамыз.

Ауданның іс-шарасын босатпаймыз. Бекмаханов оқуларынан Ділназ есімді қызымыз қатысып жүлделі келді. Жүсіпбек Аймауытов оқуларына қатыспақпыз. Облыс көлемінде тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мектебімізде осы айдың 8-і күні самбо күресін ұйымдастырды. Жетекшісі бапкер, Халықаралық дәрежедегі төреші — Кокишев Қуаныш Елемесұлы. Мектебімізде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

2015 жылдан мектеп тізгінін алғаннан бері 4 қыз ҰБТ-ның нәтижесіне сәйкес аудан арасынан сапасы жақсы мектептердің қатарына шықтық.

2016 жылы 13-ші орында едік, былтыр 18 мектеп ішінен 5-ші орынға іліктік. Ғылыми жұмыстардан да қалмауға тырысамыз. Осындай шәкір жетістіктері нәтижелердің астында тәжірибелі Жұмангожина Гүлнар, Кокишева Айсұлу, Айткүл Талқайратовна, Мұзафарова Бақытжамал сынды көптеген тәжірибелі мамандардың еңбектері жатыр.

Аудан білім бөлімінің басшылығымен келісіліп аудан көлемінде «Жас маман», «Жас талант» деген сайысты 13-ші желтоқсанға жоспарлап отырмыз. Бұл конкурс келген жас мамандардың шығармашылық дарындарын көздейді.

Кезіндегі шәкіртім Қайыржан Әділет Қайыржанұлы (математика пәні), Хасен Аслан Қабдырахимұлы (физика), Нығмет Алуа Ерсінқызы (математика), Асылбеков Кенжебай Бақытұлы (алғашқы әскери дайындық пәні мен денешынықтыру),

Сембин Амангелді, Тәуекел Қарлығаш. Серікбаева Шолпан (психолог) мен Айман (математика) Жарқынқыздары апа-сіңлі қарындастарымыз мектебізді көркейтуге үлестерін қосып кетті.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырылғалы бері ауылдарға біраз жас мамандар келіп жатыр. Қалай ойлайсыз, ауылды көркейту мақсатында қолға алынған бағдарлама бойынша үй алып тұрақтап қалған жастар уақыттары келгесін қалаға кетіп қалмайды ма? Ауылдың баласы мен қаладан келген жастардың арасында қаншалықты айырмашылық бар? Келіп жатқан жастарды қоғамдық өмірде қаншалықты белсенді дей аламыз ба?

— Өзі жас болса, оның үстіне өз ауылының азаматы болса, бұл тіптен жақсы ғой. Кезінде біз де ауылымыз деп келдік. Бүгінде білім беру жүйесінде пайдалана алған адамға көптеген мүмкіндіктер пайда болып жатыр. Келген жас мамандарды үймен қамтамасыз етеді. Үйі бар адамның жұмыстан басқаға алаңдаңдауға негіз бар ма? Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. «Құндылықтар жүйесінде білімді биік қоятын ұлт қана табыстарға жетеді»,-деп Елбасымыз да айтпап па еді?

2005 жылы 6 жас маман келген едік, содан бері қатарлары толықтырылып келеді. Биылдың өзінде үш Қадірбек Айдана, Абдуев Дамир, Ибраев Серік сынды жас мамандармен толықты. Бәрі қоғамда болсын, мектеп өмірінде де үлгілі істерімен көзге түсіп жүрген жастар. Жалпы мектепте мамандар жеткілікті

Үштілділік бағдарламасы негізінде қандай жұмыс бар.

— Шамасында жүріп жатыр. Мамандар бар. Биология пәнінің мұғалімі Жұмангожина Гүлнар Кәріпбекқызы қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілінен, билолгия , информатика, биология «Тыныс алу жүйесіне байланысты ағылшын терминологиясын қолдана отырып, бүгін бір тартымды сабақ көрсетті.

Мектепте қандай өзгешеліктеріңіз бар?

— Бүгінгі жаһандану заманында, санамыз рухани жаңғырып, ұлттық мәдениетіміз көтеріліп, замана соқпақтарынан сүрінбей өткен халықтың салт – дәстүрін жаңғырудың алғышарттарына айналдыруды місе тұтқан күнде біздің мектеп те қадамдарын алға басуда.

Мектебіміз саналы, салауатты ұрпақ тәрбиесін алдыңғы қатарға қойып, жер мен ел тарихын, білсін деген мақсатта мектебімізде мұражай да ашылды.

Мұражай 2017 жылдың мамыр айында Ұлы Отан мерекесі қарсаңында ашылып, мұражай болып бекітілді. Ішіндегі жәдігерлермен ауқымды көрме ұйымдастырылды. Мұражайға қойылған заттардың көбі Д.Рахметовтың өзінің ұстаған заттары, және ауылдан біразы жиналды.

.       «Ел мақтаныштары» қабырға бұрышы бар. Ауылдан шыққан мақтанатын түлектер жетерлік. Сол тұлғалармен арнайы шаралар өткізіп, сынып сағаттары өтіп тұрады.

Жуырда ғана рухани жаңғыру бағдарламасы аясында аудандық «Нұр Отан» филиалының, ауыл әкімшілігінің қолдауларымен «Толағай» отбасылық сайысы жоғары дәрежеде өтті. Жалпы, Баянауылдан түлеп, жан-жақта қызмет жасап жүрген еліміздің ұлы тұлғалардың көбі ат басын біздің мектебімізге бұрып, өз қолтаңбаларын қалдырып, бой көрсетіп жатқаны жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, әрі мақтаныш.

Ендігі жылы мектебімізге 30 жыл толмақ. Осы мерейлі жыл қарсаңында ойастырып жатқан жоспарымыз бар. Оны жүзеге асыру уақыт еншісінде,-деп сөзін қорытты жас басшы.

Дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған болар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының да осыны мегзеген болар, сірә?. Өйткені туған жерін сүйіп, кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, берік қада қадап, қызмет ету – үлкен бақыт деп санауға болады. Қандай іс болса да, еліне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнен бастау алады.

Сондықтан да туған елін көркейтіп, адал еңбегін сіңіргісі келген бұл басшының туған жерге деген құрметі зор. Патриотизм — кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Ендеше, елін көркейтіп, мектебін гүлдендіруге келген Қуандық бауырымыздың алдағы еңбек жолына толағай табыстар тілейміз.

 

Ләззат Теміртасқызы,

Білім айнасы,

Павлодар қаласы, Баянауыл ауданы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.