Жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан уақытта Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамдық өзектілікке ие болып тұр. Мемлекет басшысы мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағытын айқындап берді. Соның ішінде XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы Елбасымыз: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», — деген болатын.
Білім беру саласы бойынша «Рухани жаңғыру» мақаласында назарға алынған қағидалардың бірі – жас ұрпақтың бойына патриотизм, бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіру. Ұлт көшбасшысы өз мақаласында патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс табатындығын айтып өтті. Ал бұл міндет «Туған жер» бағдарламасы арқылы жүзеге аспақ.
Осы бағдарлама аясында Тараз қаласындағы Дмитрий Карбышев атындағы №16 орта мектепте біраз іс-шара атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, оқушылар Д.А.Қонаевтың мұражайында болып, ұлы тұлғаның Қазақстанның экономикасының дамуына қосқан ұшан-теңіз үлесі мен өмірінен мол тағылым алды. «Туған жер, жырым да сен, сырым да сен» тақырыбында жергілікті ақын-сазгерлер Үміт Битенова, Ербол Қамбатыров және Әбиірбек Тналиевпен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу үлкен әсер қалдырды, оқушылар өнерпаздардың өнерлерін тамашалаумен қатар, мәнді әңгімелерінен рухани азық алды. Сонымен қатар, Тараз қаласының тарихи ескерткіштері: Қарахан, Дәуітбек баба, Айша бибі, Бабаджа қатын, Тектұрмас кесенелері мен Төрткүл керуен сарайына және Жамбыл облысының қызықты әрі құпиялы орындарының бірі «Ақыртас» сарай кешеніне саяхат жасап, туған жердің тарихына терең бойлап қайтты.
Мектеп қабырғасында өскелең ұрпақ туып-өскен жерінің тарихын, мәдени мұраларын, сондай-ақ туған жерінің көркеюіне атсалысып жүрген біртуар азаматтары жайлы біліп өсуі тиіс. Сонда жас ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі оянады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Шубекова Айгуль Сексеновна
Тараз қаласы
Дмитрий Карбышев атындағы
№16 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі