Иә, алтын бесік туған жерім, қадіріңді әлі де білмей келемін-ау?! Олай дейтін себебім, туған жерім Ордабасы ауданы Тастау деген жерде жастық шағымның ѳткені елес сияқты кѳз алдымда кѳлбеңдейді. Негізінде кіндік қаным тамған жер Шымкент қаласында әкемнің әпкесінің үйінде 1964 жылы 6 мамырда дүниеге келген екенмін.
Туған жердің ыстығын-ай, сол ауылыма былтыр барып жастық, балалық, балдәурен шағымда жүрген жерімді ерінбей аралап кѳрдім. Бірде жыладым, бірде күлдім, бірде шаттандым. Біздің тұрған жерімізде «Қотырбұлақ» дейтін бұлақ болушы еді. Үлкен екі домалақ тас, тасқа бір кемпір қысылып қалған, сол кемпірдің дәл бейнесі қалғандай тас бар. Сосын пайғамбарымыздың аяқ ізі бар дейтін. Ол жерде аяқ ізінде кетпейтін су бар болатын, оған адамдар тыйын тастап суын ішетін еді. Мен сол тасқа да барып кѳрдім, әлі сол суы бар, ішінде тиыны бар екен. Киелі тас екеніне кѳзім жеткендей. Оның арғы жағы үлкен таулар жалғасып жататын еді. Енді қарасам кәдімгі биік қыраттар. Одан әрі кѳтеріле келе Н.Ә. Назарбаевтың үш елдің басын қосқан ескерткіші бар. Бұрынғы үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауы.
Иә, айта берсем, туған жерімнің әр тасын, әр топырағын басқан сайын, есім сол балалық шағымдағындай күй кештім. Туған жеріме деген ыстық махаббатым қатты тебірентті. Содан бері елу жыл ѳтсе де, туған жеріме «Қадіріңді білмей келсем, кеше гѳр!» дегім келеді. Себебі мен, яғни мен отбасыммен 12 жасымда «Бѳріжар» ауылына кѳшіп кеткен болатын. Мен алғаш барған мектебіме бардым. Бәрі ѳзгерген, «сіз кімге келдіңіз?» деп сол мектептің ұстазы таңырқай қарады. Мен осы мектепте елу жыл бұрын бірінші сыныпта оқығанымды айттым. Алғашқы ұстазым Әміркүл апай туралы сұрадым. Апайдың бақилық болып кеткені туралы естігеннен кейін үнсіз қалдым.
Сол кетер жолда үлкен мазараттың жанында тұрып о дүниелік болып кеткен ұстаздарыма құран оқып дұға жасадым.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бѳледің?
Сенде тудым, сенде ѳстім,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
Мен ѳзіңдей байтақ едім кең едім.
Қызығыңды кѳріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін, — деп аяқтағым келсе де, туған жерім, саған деген сағынышым мәңгілік.
Джабаева Күланда Тұрапбайқызы,
№ 62 Нәзір Тѳреқұлов мектебі,
Оңтүстік Қазақстан облысы
Шымкент қаласы