Еліміз бойынша мектеп оқушылары арасында «Туған жерім» тақырыбындағы шығармалар байқауы бастау алған болатын. Байқауды өткізудегі мақсат – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін іске асыру аясында жастар арасында отансүйгіштікті нығайту болып табылады. Аталған байқауға біздің де қала мектептерінің оқушылары атсалысты. Туған жерге деген ыстық ықыластарын, іңкәр сезімдерін қағаз бетіне кестелеп, «Туған жер» тақырыбында қала мектептерінің оқушылары шығарма жазды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші қалалық байқауда Б. Момышұлы атындағы №12 мектептің 10-сынып оқушысы Ибраева Аружан, әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жолдас Жансая, Т. Рысқұлов атындағы №24 мектептің 10-сынып оқушысы Төреханова Назира деген оқушыларымыз жүйрік шығып, облыстық жарысқа жолдама алды. Облыстық байқауда бағымыздың жанғанын күтіп жүргенде Алматы қаласына саяхаттап, Елбасы оқыған мектепке табан тірейсіңдер дегенде төбеміз көкке жетті. Күттірген күн де жетті. Жол сөмкемізді арқалап, оқушымызды жетектеп, Шымқалаға жол тарттық. Оңтүстік өңірінен жетпіс бес оқушы Алматы қаласына жолға шықты. Жетекшілік жасап бес мұғалім қоса аттандық.
Арман қала Алматыда екі күн болдық. Алғашқы күні Тұңғыш Елбасы музейінен басталған саяхатымыз Елбасы саябағында жалғасып, қаладағы «Тәуелсіздік алаңын», «Жиырма сегіз Панфиловшылар паркін» аралап қайттық. Екінші күні Қаскелең қаласында орналасқан Елбасы оқыған мектепте болып, мектеп ішінен құрылған музейді аралап, рухани байып қайттық. Қаскелең қаласында орналасқан «Анаға құрмет» музейінде болып, түскі ас ішіп, Алматыға оралдық.
Оқушылардың саяхаттан алған әсері мол. Демалыс уақыттарының мәнді де мазмұнды өткендігін достарына айтып тауыса алар емес.
Ғ. Қалымбетова,
ҚБББ-нің әдіскері
Кентау қаласы