ТУЫ БИІК, ТҰҒЫРЫ БЕРІК – СЫР ЕЛІ
МАҚСАТЫ: оқушылардың туған кең байтақ даласына, халқына, тұрмыс тіршілігіне патриоттық сезімін туғызу. Туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, жыраулармен танысып, Сыр елі жайлы түсінік алу.
— Балалар біз қандай мемлекетте тұрамыз?
— Елбасымыз кім?
— Біздің туған жеріміз қалай аталады?
ТӘРБИЕШІ СӨЗІ: «Елбасы өзінің Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласында: «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз — ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Соның ішінде Қызылорда қаласы өте киелі жер. Бүгінгі «Туған жерге тағызым» жобасы аясында өткізгелі отырған «Туы биік, тұғыры берік -Сыр елі» деп аталатын тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер. «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасының сөзі. Бүгінгі сабақта Туған жеріміздің тарихы жайында толық мәлімет алатын боласыздар. Міне балалар, біздің Қазақстанымыз туған еліміз егеменді ел болып, тәуелсіз ел атанды. Адамның өз туған жері өзіне ыстық болады. Себебі дүниеге келген сәттен бастап, туған жердің табиғаты, ауасы, қоршаған орта баурап алады. Адам өз туған жерінің тарихын білу міндетті. Қызылорда облысы сыр елі деп аталған себебі күріш, бидай, дәнді-дақылдар егіп кәсіпке айналдырған.
Сынып үш топқа бөлініп отырады
І КЕЗЕҢ. КӨНЕНІҢ КӨЗІ БОЛҒАН КӨРІКТІ ҚАЛА
Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа,
Сырда туған елімді
Әбділда ТӘЖІБАЕВ
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫ
Тәрбиеші сөзі: Қазақ тарихында өзіндік үлкен рөл атқаратын қаланың тарихы да тереңде жатыр. Сонау 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында бой көтерген алғашқы қорған Ақмешіт болып аталады. Кейіннен, яғни 1853 жылы шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Содан соң қала Перовск атанып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. Міне, осыдан соң қалада мәдени орталықтар мен үлкен жұмыс орындары бой көтере бастады. Теміржолдар пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды.
БІРІНШІ ТОП ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫМЕН, АУДАНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫРАДЫ.
ІІ КЕЗЕҢ: СЫРДАРИЯ ТУДЫРҒАН ЖЫР ДАРИЯСЫН
Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған,
Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған.
Ежелгі Сырдың елі, жырдың елі,
Киелі, қасиетті Қызылордам.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ
ТӘРБИЕШІ СӨЗІ: Сыр өңірі – жыр сүлейлері шыққан киелі өңір. Сол себепті де «Сыр елі – жыр елі». Мұнда жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған тұлғалар Сырдың даңқын асырды, мәртебесін арттырды. Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын, Нартай, Нұртуған, Әзілкеш Шымырұлы, Құлан Алдабергенұлы, Қаңлы Жүсіп сынды тұлғалар Сырдың даңқын асырды, мәртебесін арттырды. Сыр елі – қазақтың кемеңгері, от тілді, орақ ауызды шешенінің бірі Әйтеке бидің, туған жерін жаттан жан аямай қорғаған Жанқожа, Көкен, Жанназар, Бұқарбай сынды хас батырлардың, азаттықты аңсаған, ұлтын сүйген азамат Мұстафа Шоқайдың Отаны. Бұл жерден шыққан кәсіби ақын-жазушыларды сөз еткенде ең алдымен ауызға ілігері – Әбділда Тәжібаев. Жұбан Молдағалиев: «Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария. Екінші дария – жыр дариясы… жыр дариясы ұшы-қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев», – деген еді. Осындай ұлы ұлдар тудырған Сыр топырағынан Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбдіжәмил Нұрпейісов сынды тұлғалар шыққан.
ЕКІНШІ ТОП СЫР ЕЛІНІЕН ШЫҚҚАН АҚЫНДАР, ЖЫРАУЛАР ТУРАЛЫ МАҒЛҰМАТ БЕРЕДІ.
СЫРМЕН СЫР БӨЛІС
Дария тағы да алға асығады,
Толқындар бірде тасып, басылады.
Сан ғасыр бауыр басқан Аралының,
Алдынан кең құшағы ашылады.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ
ТӘРБИЕШІ СӨЗІ: Иә, қызылордалықтар сырғып аққан Сырымен мақтанады. Сырдарияның бүгіп жатқан сыры да мол сынды. Ол көне грек тілінде Яксарт деп аталса, ортағасырлық мұсылман жазбаларында өзен жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен Сейхун деп аталған. Тарихшылардың айтуынша, Ескендір Зұлқарнайынның жаулап алған жерлерінің солтүстік шекарасы Сырдария өзені арқылы өткен екен. Міне, сан тарихтың куәсі болған Сыр өзені – бүгінде барша Алаштың мақтанышы. Сырдың бойын жағалап, сыр бөліссең, Сыр сенің сырыңды ұғар сырласың, мұңыңды шағар мұңдасың, тіпті жаныңа медеу жолдасың да бола алады. Ендеше, қай-қайсысыңыздың болмасын Сырға жолыңыз түссе, Сыр суымен сырласыңыз. Қимастықпен қоштасарыңыз анық.
(Оқушыларға Сырдария туралы видеоролик көрсетіледі, оқушылар берілген сұрақтарға жауап береді)
НҰРТУҒАН: Сыр топырағы –табиғи және қазба байлықтардың қалың ордасы. «Қара алтын» аталып отырған мұнай көздерінің көптеп табылуы, яғни «Құмкөл» мұнай кеніші, Арал төңірегіндегі мұнай көздері, Шиелідегі уран кеніші, Шалқиядағы түсті металдар кеніші, «Қаратаудың» «Қарамұрын» аймағындағы алтын қоры сөзіміздің айқын дәлелі.
ТҰРАН: Сыр өлкесінің халқы «Сыр күріші – ел ырысы» деп ақ күрішті орынды атайды. Мұнда жыл сайын сан мыңдаған тонна күріш өндіріліп, ел ырысына айналуда. Ақ күріштің атасы, атақты диқан, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев күріш өсіру туралы үлкен мұра қалдырған абзал адам. Ең бастысы бұл аймақта қазақ халқының салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрлері берік сақталған.
НҰРАЙ: Ел мақтанына айналған Сыр өңірі туралы қаншама әндер жазылған десеңші! Мысалы Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі», Мұрат Сыздықовтың «Сыр гүлі», Бейбіт Ахметованың «Сүйем сені, Сыр елім», Лена Әбдіхалықованың «Сыр елім», Рамазан таймановтың «Қызылорда- туған жерім» әндері Қызылорданың әсем бейнесын айшықтайтын сыршыл да әуезді әуендер.
АРАЙЛЫМ: Жылдан жылға облысымыз бен оның орталығы Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық деңгейі көтеріліп келеді. Бір кездері үймелеген қоржын тамдардың орнына қазір сәулетті соңғы үлгідегі құрылыстар ірге көтеріп көлік қатынасының күре тамыры кеңейе түсті. Тұрғындардың демалуына жағдай жасайтын бірнеше ойын-сауық кешендері, жасыл желекті жағажай тағы бар. Сырдария өзенінің оң жағалауын абаттандыру көп жылдан бері айтылып келеді. Ендігі кезекте сол аумақты абаттандыруға мән берілмекші. Оның аумағы қазіргі заманға сай абаттандырылады. Жаяу жүргіншілер мен велосипед тебуге арналған жолдар қарастырылады. Өзге де халыққа қажетті орындар бой түзейді. Бұл жұмыстың бәрі біз үшін, қызылордалықтардың игілігі үшін жасалып келеді
СЫР ЕЛІ – ОҚУ-БІЛІМНІҢ ОРДАСЫ
ТӘРБИЕШІ СӨЗІ: Сыр елі – оқу-білімнің ордасы. Мұндағы «Сырдария кітапханасы» – Сыр елінің жауһары. Ал мұндағы басты білім ордасы саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өзінің 73 жылдық тарихында өңірдегі жоғары және орта кәсіби оқу орындарының көшбасшысы болып қана қоймай, еліміздегі еңселі оқу орындарымен иық тірестіре аларлық дәрежеге жетті десек, артық айтпағандық болар.
Ал 190 жылдан аса тарихы бар Алаштың анасы атанған ежелгі мұражайлар да менмұндалайды. Қай-қайсысына кірсең де, тарихтың қойнауына күмп бересің. Ендеше, Қызылордаға қыдыра қалсаңыз, қызықтан құр қалмаңыз. Қайта Қызылорданы қимай қайтасыз…
ҮШІНШІ ТОП СЫР ЕЛІНІҢ ҒИМАРАТТАРЫ ТУРАЛЫ ТАНЫСТЫРАДЫ
ҚОРЫТЫНДЫ: ТӘРБИЕШІ СӨЗІ: Қорыта айтқанда, біздің мақсатымыз — Қызылорда облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау, археология және этнография салалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу және тарихи құндылықтарды Қазақстан халқына насихаттау болып табылады.
Алиева Айнұр,
№ 4 Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға
арналған облыстық мектеп интернат тәрбиешісі,
Қызылорда қаласы