Home » Жаңалықтар » Туристік өлкетанудың маңызы

Туристік өлкетанудың маңызы

«Рухани жаңғыру» Елбасының Қазақстан халықтарының рухани құндылықтарын дамытуға арналған бағдарламалық мақаласы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 6 арнайы жобадан тұрады. Соның бірі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» және «Туған жер». Жоба Қазақстанның мәдени-географиялық белдігіне қатысты танымдық білімге сүйене отырып, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға көмектеседі. Осыған орай биыл мектептерде өлкетану курсы енгізіліп отыр.

Оқушыларға өз республикамыздың жерін, тау-тасын, суын, құнарлы топырағын, өсімдігін, жануарлар дүниесін оқыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан бағдарлама талаптарына сай географиядан курс өтілгенде оның әрбір тақырыбына жорықтық өлкетанудан сұрақтар қойып, оны әртүрлі әдістермен үйретуге талпыну керек. География ғылымының таңғажайып қызғылықты ғылым екенін теориямен ғана шектемей оқушылармен табиғатқа жиі-жиі жорықтар жасап тұрса, өз көзімен көргендері олардың есінде ұзақ сақталар еді.

География ғылыми қала құрылыстарымен, демек, сәулет өнерімен табиғи байланыста дамиды. Қала салу адамзат тарихында бағзы заманнан келе жатқан салт, тарихи ескерткіш, ондағы сәулет ролі, сәндік тұрмыстың қолайлылығы, ауа тазалағыш, су құбырлары мен көшелердегі жолдардың ыңғайлылығы әр заманның қоғамдық, талаптарына сай жүргізілетінін оқушыларға нақтылы көрнекілікпен түсіндірілуі қажет. Оқушы бойында өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігі осындай тағылымдардан бастау алады. Сондықтан география пәні бағдарламасы бойынша қалаларға, сәулет ескерткіштеріне топсеруен жасап, тарихи ескерткіштерді, ғимараттарды көзбен көрудің, олардың суретін салудың тәжірибелік маңызы зор. Сонымен, өлкетану жорықтық іс-әрекетпен ғана зерттеледі, жорық жасалмайынша өз өлкемізді танып-білу мүмкін емес.

Жорықтық өлкетанудың дидактикалық қызметтерінің ең негізгісі жорықтық, екіншісі өлкетану қызметтері болып табылады.

Табиғатты қорғау – қазақстандық азаматтардың басты борышы, сондықтан оқушылар жүйелі ұйымдастырылған тәжірибелік жұмыстарға белсене қатысуы керек. Олар сол кезден бастап экологиялық тәрбиені де бойына сіңіре бастайды. Мектептерде бұл жұмыс әдетте «Жыл мезгілдері», «Орман», «Көгалдандыру», «Бақ» апталығы «Құстар күні», «Орман-біздің досымыз» деген тақырыптар арқылы жүзеге асырылып отырады. Бұл жұмыс оқушылар бойына туған жер табиғатына перзенттік борыш, азаматтық парыз сезімдерін қалыптастырумен бірге мынандай экологиялық міндеттерді жүзеге асырады:

а) Табиғи ортаны жақсарту: баурайларды, жарқабақтарды көгалдандыру, жыраларды болдырмау, бұлақ көздерін тазалап айналасына ағаш егу, көшелерді, аулаларды, мектеп төңірегін көгалдандыру;

ә)табиғи ортаны сақтау: жануарларға, құстарға, балықтарға қамқорлық жасау, қоректендіру, ұя жасау, оны қондыру, табиғи байлықтарды қорғауға байланысты плакат, кестелер жасау.

б) Табиғатты зиянкестерден сақтандыру: Табиғатты қорғауға байланысты көпшілік арасында үгіт-насихат жүргізу.

в) Эстетикалық бағалы өңірлерді және ауа мен суды сақтау және қорғау.

Жоғарыда айтылған туристік-өлктану қызметтерінің іске асуы үшін, оқыту, сабақ беру және білім әдістемесін құра білу керек.

Мысалы «физикалық географияның» бастапқы курсы туристік өлкетанудың негізгі заңдылықтарын үйретуге тиісті. Өзі тұратын өлкеге жорық жасағанда мыналар зерттеу объектісі болуы керек:

  • өз облысыңның, өзің тұрған ауданның жер бедері;
  • облыс пен өз ауданыңның тау жүйесі;
  • өз облысың мен ауданыңның климаты;
  • су жүйесі, жер асты, тау басындағы мұздықтар т.б.;
  • облыс көлемінің топырақ жамылғысы
  • облыс пен ауданның өсімдіктер дүниесі;
  • облыс пен ауданның жануарлар дүниесі.

 

Жұлдыз Жұманова

№27 жалпы орта мектебінің

география пән мұғалімі

Түркістан қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.