Мектеп оқушыларының демалыс күндерін көңілді әрі пайдалы өткізу мақсатында әр сенбі сайын Қазақстан — Атырау телеарнасы «Топжарған» спорттық телебағдарлама жобасын ұйымдастырған болатын.
Қалалық мектеп оқушылары арасындағы сайысқа әр білім ордасынан үш команда жасақталып болашақ спортшы ұл-қыздарымыз мектеп намысын қорғап сайысқа түсуде. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» бақ сынаған бұл сайыста «Тез қимылда», «Кім жылдам», «Ширақ бол», «Арқан тартыс» және «Эстафета» кезеңдеріне сақадай сай дайындалып келген Атырау қаласындағы Ақжар елді мекенінің С.Датов атындағы № 26 орта мектеп оқушылары жеңіс төрінен көрінді. Сайыс қорытындысы бойынша оза шауып, жеңісті қолдан бермеген оқушыларымыз Бас жүлдені және жүлделі бірінші орынды қанжығаларына байлады. Жоба ұйымдастырушыларының атынан дайындалған арнайы диплом және төсбелгілермен марапатталып «Топжарған» жобасының жеңімпіз кубогы табысталды. Бұл жарысқа қатынасқан топ мүшелеріне «Геолог-Казахстан» Железноводск қаласына жазғы демалыс лагеріне жолдама берілді.
Бүлдіршіндерді түрлі сайысқа баулып, спорт өнерінің қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаздары Г.Ауелбаева, Б.Салменов, Р.Ашиков және М.Қартабаев.
Арайлым НАРЕШОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің қызметкері