Күнделікті өмірде болып жатқан өзгерістер білім беру жүйесін де қамтып отыр. Бүгінгі қоғам — білім беру жүйесіне жоғары технологиялық дамуға сай оңтайлы әрі қарқынды өзгерістер енгізуін талап етеді. Заман ғылым дамуына тиісінше сәйкес келу үшін оқушыларға білім алу үрдісі ғана емес, мектептің жыл бойғы жұмыс жасау ауқымы, педагогикалық-психологиялық ұжымның кәсіби дәрежесі, оның сапасы, материалдық базасы, тұратын жері, тамақтануы т.б. факторлар әсер етеді. Толық күнді мектепте оқушының сабақтан тыс уақыттағы іс-әрекетін жүйелі дұрыс ұйымдастыру жатақхана қызметкерлерінің іскерлігіне байланысты.
Семей қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы жатақхана тәулік бойы жұмыс жасайды. Тәрбиешілердің, олардың көмекшілерінің, медициналық қызметкерлердің жұмысы үздіксіз режимде ұйымдастырылған. Осы ретте оқушылардың сабақ барысынан кейінгі уақытын салауатты, тиімді қолдануы үшін жатақхананың әдістемелік-шаруашылық жұмысын дұрыс жоспарлаудың маңызы зор.
Әсіресе, жатақханада жұмыс жасайтын педагогикалық ұжымның оқу-тәрбие үрдісін, оның бағыттарын әдістемелік сауатты, ұтымды әрі жан-жақты жоспарлауы оқушылармен жүргізілетін жұмыстардың нәтижелі болуына көп әсерін тигізеді. Ол үшін жатақхана жүйесі жұмысын жоспарлауда келесі бағыттардың орын алуы маңызды:
- Сабақтан соңғы уақыттағы қауіпсіздік — ең басты әрі маңызды мәселе болып табылады. Қауіпсіздік шараларымен таныстыру, жыл бойында қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету, оқушы бойында өз өміріне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу;
- Белсенді демалыс, таза ауада серуендеу, ойындар ұйымдастыру, спортқа баулу- жабық типті мекемеде болғандықтан, оқушылардың таза ауада серуендеуі, шынығуы бұлжымас қағидаға айналуы шарт, түрлі физикалық жүктемелер ой еңбегінен соң ағзаға оң әсер етеді;
- Оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесінің жұмыс жасауы оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытумен қатар, екінші бір замандасының басқаруымен жұмыс жасау қызықты болады;
- Қызығушылыққа байланысты үйірмелер ұйымдастыру – оқушылардың қабілеттерін, машықтарын дамытады;
- Оқушылар басқаруындағы клубтар жүйесі — оқушылардың мотивациясын қолдау, жетекшілік жасауға, жоспарлай, ұйымдастыра білуге үйретеді;
- Оқушыларға пәндік кеңестер ұйымдастыру, көмек беру – оқу үлгерімін жақсартуға, тәрбиеші мен оқушы арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді;
- Топтық тәрбие сағаттарын, тренингтер, семинарлар өткізу – шағын ұжыммен жұмыс жасау жас ерекшелігіне байланысты құрылады;
- Оқушыларды мектепішілік және мектептен тыс іс-шараларға баулу – олардың өзіне деген сенімділігінің артуына, ашылуына, өз көзқарасының, позициясының қалыптасуына септігін тигізеді;
- Ата-аналармен байланыс жасау, тәрбиелік іс-шараларға тарту — жатақханада болып жатқан жаңалық, өзгерістер туралы үнемі хабардар болу, атсалысу;
- «Тәрбиеші — Пән мұғалімі – Куратор – Психолог — Дәрігер» — бестігінің үздіксіз, мызғымас бірлігі — оқушыны демеу, көмек беру, қолдау үшін қажетті.
Жатақханадағы жұмыстарды жоспарлауда оқушылардың ойымен санасу, олардың талап-тілектерін ескерген жөн. Оқушылар тарапынан түскен сұрақтарға жауап беру, ұсыныстар бойынша қажетті шешімдер қабылдау, дер кезінде іске асыру, ашық әңгіме жүргізу, бірлесе отырып мәселелерді шешу – оқушылардың жатақхана жұмысын жүргізуде ұжым мүшесі екендігін түсінуге ықпал етеді. Бұл – оқушылардың сенімділігін, белсенділігін арттырады.
Оқушыларды бөлмелерге орналастыруда келесі мәселелерді ескеру қажет:
- Оқушылардың талап- тілектеріне құлақ асу, бөлмеде өзіне жақын, достарымен тұру оқушының көңіл-күйіне жағымды ықпал етеді;
- Бір бөлмеде тұратын оқушылардың жас ерекшелігін, оқитын сыныптарын, психологиялық көрсеткіштерін, оқитын тілін ескеру (қазақша/орысша оқитын оқушыларды қатар орналастыру тілді үйренуде септігін тигізеді). Орта және жоғары буын оқушыларын да бір бөлмеге орналастыруға болады, бұл- үлкендердің кішілерге оқу бойынша да, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерде қолдау жасауына, кіші бауырларының қоғамда өзін ұстай білуіне, араласуына, әрекеттесуіне көмегін тигізуге мүмкіндік береді. Дегенмен, соңғы нұсқада орналастыру оқушылардың сабаққа дайындалуда бір-біріне кедергі жасауы мүмкін. Ортаңғы буын (7-8 сынып) оқушыларының сабақ жүктемесі жоғары буын сыныптарына қарағанда жеңілдеу болғандықтан, олардың бос уақыты көп болады.
- Бөлмеде коллаборативтік ортаның қалыптасуына жағдай жасау-тұрғындардың өзара сыйластығы, көршісінің ойын, ерекшелігін сыйлау, қабылдау. Әрі ортаға бейімделуге, ысылуға, өз бетімен өмір сүруге қажетті машықтардың қалыптасуына зор ықпал етеді.
Семей қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы жатақхана дәліздері бірнеше зоналарға бөлінген. Әр зонаның оқушылардың сабақтан кейінгі іс-әрекетін ұйымдастыруға арналған өз функциясы бар:
- Тынығу зонасы, кітап-журнал, әдеби шығармалардың болуы- оқушылардың ашылуына, бос уақыттарында қабілеттерін дамытуға арналған жұмыстарды ұйымдастыруға септігін тигізеді.
- Оқу зонасы- сабаққа дайындалу, ақпарат көздерімен жұмыс жасауға қажетті орын. Оқушының терең ойлауына, сабаққа дайындалуына толыққанды жағдай туғызады.
- Медициналық бөлме- оқушылардың денсаулығын сабақтан тыс уақытта қадағалау, гигиеналық талаптарды бақылау, тамақ нормасын тексеру, ауырған балалармен процедуралар жасау, сол сияқты аурудың алдын алу шараларын ұйымдастыру.
- Шаруашылық бөлмесі- киімдерін жууға, кептіруге, үтіктеуге арналған аумақ.
Жатақханада тұратын балалар бойынан жағымды өзгерістер байқалатынын атап өтуге болады. Балалар жыл басында ұялып, жеке немесе өзі танитын балалармен ғана жүрсе, кейіннен бір-бірімен еркін араласып, сөйлесе бастайды. Тіпті өздеріне дос тауып, бірлесіп жұмыс жасайды. Сабақтарын дайындауда өзара көмекке жүгініп, түсіндіріп те жатады. Отбасындағы әртүрлі тәрбие стилдері коррекцияға ұшырап, оқушылар өздеріне қажетті қабілет, машықтарды достарынан қабылдай бастайды. Жекебас гигенасына, киімдеріне, бөлме тазалығына, жинау-жууға көңіл аударып, үйренеді. Бұл бала бойындағы жағымды әлеуметтік-эмоционалдық сезімнің дамуының бастама болады.
Оқушылар бойында қазіргі әлемдегі сұранысқа ие негізгі құзыреттілік ретінде мәдениетаралық қарым-қатынасты дамыту, оған бейімделу икемділігі қалыптастыру, сол сияқты денсаулық, адалдық, шыншылдық, сыйластық, жауапкершілік сияқты құндылықтар тәрбиелеу аса маңызды. Сондықтан жатақхана жұмысында бұл бағыттардың тәжірибесін қалыптастыру заман талабы деп білемін.
Гүлжан Дулатова,
Физика-математикалық бағытындағы Семей қаласының
Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәрбиешісі