М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде 11-қаңтар күні «Педагогтардың жазу дағдыларын дамыту» семинар-тренингі өтті. Республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» газеті ұйымдастырған семинар-тренгингке ұстаздар мен техникалық мамандар қатысты. Екі сағатқа созылған семинар барысында мақала жазуда мұғалімдер жиі жіберетін қателіктерге кеңінен тоқталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Басылым беттерінде жарияланған мақалаларға медиабепкердің басшылығымен талдама жасалынды. Дәріс сағатын жүргізген журналист Жазира Әшірбек ағартушыларға плагиат турасында да толыққанды мағлұмат берді. Мақала жазғанда өзгенің авторлық құқығын бұза отырып, оның мәліметтерін пайдаланудың заңмен қудаланатындығын қатаң ескертіп өтті. Қатысушылар мақала талаптарымен танысқаннан кейін топ-топпен жұмыс жасап, арнайы тақырып төңірегінде ақпарат жазды. Жіберілген қателіктерді ортаға салып, мақала жазуға машықтанды.
- «Білім айнасы» газеті ұйымдастырған семинар-тренинг барысында мақала жазуда жіберетін көп қателіктерімізді байқадық. Ғылыми мақаланың нақты ережелерімен танысып, ондағы стиль мен сөз қолданыстарының, логикалық байланыстың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Сондай-ақ, ғылыми мақала жазғанда өзгенің мәліметін дұрыс қолдану керектігін, өзгенің авторлығындағы дүниені сілтемесіз қолдану плагиат, яғни қылмысқа саналатындығын білдік. Мұғалімдердің шығармашылық дамуына өз үлестерін қосып, тиімді тренинг өткізген, білім беру саласының оң имиджін қалыптастыру барысында жұмыс жасап жүрген республикалық «Білім айнасы» газетінің ұжымына алғысымды білдіремін,- дейді колледж әдіскері Самат Бегайдаров.
Семинар-тренингтің екінші бөлімінде «БАҚ және әлеуметтік желімен» жұмыс жасаудың жолдары және тиімділігі айтылды. Шара соңында белсенділік танытқан ұстаздар «Алғыс хаттармен» марапатталып, барлық қатысушыларға сертификат табысталды.
Меруерт Жеңісқызы
М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық
колледжінің педагог психологы