Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адами капиталды жаңғыртудың айқындалған бағыттары білім беру саласындағы өзгертулерге қуатты серпін берді. Білім беру – елдің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия. Қазіргі таңда экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің маңыздылығын бүкіл әлем мойындауда. Өйткені әлемдегі кез келген мемлекеттің дамуы адамдардың білім деңгейіне, қоғамның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің өзгеруіне бейімделе алу қабілетіне байланысты.
Қазақстан Республикасы білім беру жүйесіндегі барлық реформалар мен оң өзгерістердің трансляторы болып табылатын «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» іске асырып отырған инновациялық стратегиялар, заманауи технологиялар, жаңашыл жобалар, педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруге, еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр.
Біліктілікті арттыру жүйесінің басты функциясы – педагогтің инновацияларды пайдалана білу қабілетін дамыту ғана емес, жаңа әдістерді өздігінен таба алатын, жаңғыртулар мен даму бағыттарына сай жұмысына рефлексивті өзгерістер енгізе алатын кәсіби құзыреттілігін дамыту болғандықтан, филиалда қолға алынып отырған барынша тиімді және сапалы түрде менторлықты ұйымдастыру өз жемісін беруде.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің негізгі мақсаты — білім мен ғылымды және инновацияларды интеграциялау деп белгіленген. «Өрлеу» жалпы орта білім мен жоғары мектеп арасын нығайтатын буын, ол педагогтердің инновациялық процеске қатысу дайындығын қалыптастырады. Біздің институт білім беруді дамытудың негізгі үрдістерін зерттейтін, талдайтын, ғылыми білім беретін әдістемелік орталық болғандықтан, жоғарғы оқу орындары өзара ұтымды ынтымақтастыққа мүдделі.
ЖОО-мен серіктестіктің бір ғана мысалы ретінде 2018 жылдың 27 маусымында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Жаңартылған білім беру — зиялы ұлт әлеуетінің негізі» тақырыбында шеберлік сыныптарды атауға болады. Жиынды университет ректоры, б.ғ.д., академик Б.С.Абдрасилов ашып, «Өрлеу» БАҰО өкілдеріне қолдау танытқандары үшін алғысын білдіріп, білім беру мазмұнын жаңғыртудағы жоғары оқу орнының ролі мен сұранысқа ие педагог-мамандарды даярлау маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Өрлеумен» әлеуметтік серіктестік жағдайында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ОҚО бойынша ПҚБАИ директоры Л.Т.Искакова, п.ғ.д., профессор «Өрлеу» — жаңарту, дамыту және құру стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, білім беру мазмұнының жаңарту идеялары туралы институттың үздік тренерлері «Басқару және білім беру сапасы» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Асқарбекқызы «Жаңартылған білім беру – зиялы ұлт әлеуетінің негізі» жалпы шолу дәрісін, «Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру» кафедрасының меңгерушісі Майра Бақтыбайқызы «Критериалды бағалаудың тиімділігі» тақырыбында тренинг өткізіп, сабақтың рефлексиялық кезеңінде «SMART-сабақты жоспарлаудың ерекшеліктері» («ТКО» әдісімен) тәжірибелік жұмыстар жасады.
Қатысушылар аса ыждаһаттылықпен белсенділік танытып, білім берудің ұлттық моделін қалыптастырудағы келелі пікірлерімен ой бөлісті.
Кез келген бастаманы, кез келген инновацияны білім берудің әлеуметтік ортасының ынтымақтастығынсыз іске асыру мүмкін емес. Тың инновациялық жобаларды жүзеге асыруда университетпен бірлескен қызметіміз нәтижелі болатындығына сенімдіміз.
Г.К.Айберова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ОҚО бойынша ПҚБАИ,
қоғаммен байланыс және баспа ісі бөлімінің басшысы