Home » Таным » ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫН ТОЛҒАҒАН ТУЫНДЫ

ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫН ТОЛҒАҒАН ТУЫНДЫ

Біздің ұлы дала да адамша тыныс алып, адамша тіршілік етеді. Ол түсіне білгенге адамша сөйлейді. Оны түсіну үшін сол далада тууың керек. Дала дегеніміз -сайыпқырандардың ат ойнатып, ептілігі мен ерлігін шыңдар ұлан-байтақ мекені. Ұзақ жолда келе жатқан жалқы жолаушының түпсіз, терең фәлсапаға толы ойлары, тұңғиық тұжырымдары. Сонау шырқау биікте тербелген күмбездей аспаннан да жоғары, одан да заңғар, өзі өмір-бақи іздеумен келе жатқан Ақиқатпен ғана оңаша сырласқан адамның жан сыры іспетті.
Иә, дәл солай. Тіпті, адам атаулы аузынан тастамайтын киелі Ақиқаттың өзі осынау құладүз, құбажонның тылсымында тыныстап жатады екен…
Жазылған туынды, айтылған толғамдар — өз даласын сүйген қаламгердің жүрек түкпірінен шыққан шынайы ойы, сезімі, ұстанымы. Сондай туған жерінің тарихын тереңінен толғаған Әбдіжәміл Нұрпейісов —  ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып, асқар биігіне шыққан Қазақстанның Халық жазушысы. Әбдіжәміл Нұрпейісов есімі халықаралық аренада 60-жылдар басында әлемнің әдеби өрісіне жол тартқан “Абай жолын” жалғастыра жаңғыртқан “Қан мен тер” болып еске түседі. Шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылып, адамзат өркениетінің ұлы құндылығы болған “Қан мен тердің” арқасында қазақ әдебиеті өзінің әлем оқырмандары алдында Әуезовпен алған биігін сақтап қала білді. Жазушы шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері – Аралға арнады. Қаламын найзадай білеп, Аралға араша түсу – жазушы ғұмырының “Соңғы парызына” айналыпты.
Осы орайда,  21.04 2018 жылы  Арал ауданы әкімдігі, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы,  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» ақ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» тақырыбында «Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз романы бойынша дебат сайысы  өткізілді.
Дебат мақсаты: Қазақстанның халық жазушысы, әлем оқырманына танымал жерлесіміз Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын талдау арқылы прагматизм, бәсекелік қабілет пен сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті таныта отырып, әлемдік мәдениет көшіндегі қазақ халқының рухани бай дүниесін паш өту. Көне Арал аймағының экологиялық зардаптарын, теңіздің тағдырын тамыршыдай тап баса суреттей алған  шығармашылығын талдау арқылы   оқырмандық қызығушылықты арттыру.
Арнайы заңғар жазушының туған топырағы Арал ауданында өткен шараның ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов  ашып,    ойы орамды, тілі жүйрік, сөз мәйегінің сенмсерін сілтеп, қарымды қаламгер-жазушының шығармашылығын талдауға келген барша дебат қатысушыларына сәттіліктер  тіледі.
Облыстық сайысқа Қызылорда, Арал, Қазалы, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының ұстаздарынан құралған жеті топ қатысты. Шара «Ә.Нұрпейісов шығармалары арқылы  оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру тәжірибемізден» атты көрмеден бастау алып,  «Теңіз тағдырын толғаған туынды» дебат-сайысымен сабақтасты.
«Ә.Нұрпейісов шығармалары арқылы  оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру тәжірибемізден» атты көрме арқылы шараға жиналған мұғалімдер өзара кәсіби шығармашылықтарымен тәжірибе алмасты. Көрме сайысының қорытындысында I орынды  Арал ауданы, II орынды Қазалы ауданы және III орынды Жалағаш ауданы иеленді. Көрме жұмысына аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының «Рухани қазына» бөлімінің басшысы С.Қосанов,   «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Ә.Ж.Әбдіқалықова, «Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, халықаралық тренер М.Ормановалар  төрелек жасап, Арал ауданы мұғалімдерінің мазмұнды ақпараттанған жұмыстарына жоғары баға берді.
Дебат-сайысқа   ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  облыстық филиал директоры Қ.Есемсейітова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, филология ғылымдарының   кандидаты А.Айтбаева, ақын, филология ғылымдарының   кандидаты, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының «Рухани қазына» бөлімінің басшысы С.Қосановтар  қазылық жасады.
Аудандық Оқушылар Үйі дайындаған концерт  тақырыппен мазмұндас көптің көңілінен шықты. №81 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Булеков Жарасхан «аралым деп толғансам..» өлеңін оқыды.
Қатысушылар арнайы мараптталып,  шара соңы жазушының 2015 жылы ашылған мұражайына және мүсінші Көшер Байғазиннің шығарма желісі бойынша  жасаған ескерткішіне  көріп, естелік суреттерге түсумен ұштасты.

       М.Орманова,
«Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.