Бүгінде технологиялардың дамуы тілдің қатынасына да әсерін тигізіп үлгерді. Олардың көмегімен алыс жерлердегі ағайындармен де қатынасты жақсартып қана қоймай, өзара ынтымақтастық пен бірліктің нышаны ретінде халықаралық конференциялар, семинарлар мен оқу-әдістемелік әрі танымдық тұрғыдағы дөңгелек үстелдер өткізіліп жүргендеріміз жетерлік. Мұндай құбылыс бүгінде кез келген тілдің қызметтік қарым-қатынас құралы болғандығының сипаты деуге болады. Бұл кезіндегі Ыбырай Алтынсариннің Айшылық алыс жерлерден, Көзді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды дегенінің шынай жүзеге асырылғандығының нәтижесі. Сол себепті технология қызметінің толығуы аталмыш конференциялар мен семинарлардың өтуіне де негіз болуда.
Міне осындай технологияның алыс-жақын жерлерде орналасқан елдердің арасында өткен семинардың бірі Астана қаласында өтті. Ол жуырда өткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің практикалық қазақ тілі мен шетел тілдері кафедраларының ұйымдастырылуымен өткен «Тілдерді оқыту әдістемесін жетілдіру және озық тәжірибелер алаңы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік онлайн семинар. Семинар Қазандағы Л.Толстой атындағы Филология һәм мәдениетаралық коммуникациялар институты (Қазан, Ресей) мен Еге университеті (Түркия), А.Акмуллы атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті (Башқұртстан), И.Н.Ульянов атындағы Чуваш мемлекеттік университеті араларында ұйымдастырылды.
Мұнда бірінші кезекте сонау алыс жерлерде орналасқан мемлекеттердің арасын жақындастырған бүгінгі технологияның жетістігі екендігін атау орынды. Кезек-кезек сөз алған тіл мамандарының құттықтаулары мен әртүрлі тілдердегі байланыстары тілдің адамзат үшін құндылығын тағы да бір рет паш етті. Ал семинарда сөз алғандардың түрлі тілдердегі ғылыми баяндамалары тіл мәдениеті мен қызметі және оны оқытудың тиімділігін алға тартты.
Семинарға қатысушылар ішінен Еге университетінің (Түркия) профессоры Мұстафа Өнер мырзаның «Түркі тілдерін өзара оқыту», М.М.Шәкурова мен Г.Р.Галиуллинаның (Қазан) «Татар телен һәм әдәбиятын уқыту концепциясе: проблемалар һәм перспективалар», М.Б.Нуртазина мен М.Ж.Аренованың (Қазақстан) «The implementation of politeness in scientific discourse: cross-cultural aspect», А.М.Әділбектің (Қазақстан) «Екінші тілді оқытудағы сөйлесім дағдыларын меңгертуге арналған тапсырма түрлері» тақырыбындағы баяндамаларының маңыздылығын да ерекше атап өткен жөн.
Шындығында, бүгінде тіл – адамның ой-өрісін, мәдени мәртебесін, ақыл-парасатының көрсеткішін, тіпті рухани байлығын танытатын айна іспетті. Оның ауқымы кеңіп, толығып, кереметтілігі артып, шыңдалып түрлі салада қолданылуы ерекше күшке айналған сәтте қызметі де әрбір адам және халық үшін жігер беретін қуат көзі екендігі айқындалуда. Өйткені кез келген уақытта адамның сөйлеу әрекетіндегі айтылатын ой ашық, айқын әрі әсерлі болу керектігі талап етіледі. Бұл ретте тілдің байлығы, көркемділігі, дауыс ырғағы, сан қырлы мағынасы мен бояуын нақышына келтіріп жеткізу жеткіліксіз. Сондықтан кез келген тіл үшін заманына орай дамуы мен жаңаша бағытта жаңғыруы талап пен сұраныстың артуына сәйкес қалыптасуын қажет етеді. Бұл жайттар да онлайн семинарда ерекше аталды.
Міне тілдерді оқытудың басты бағытына айналып, кез келген тілді ана тілі арқылы оқыту, сондай-ақ оны әрі шет тілі ретінде оқытудың маңыздылығы мен кез келген тілді оқытудағы заманауи инновациялық технологиялардың рөлін ашып көрсету тиімділігі сараланған семинар жүйелі әрі жақсы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, осы сияқты онлайн семинарлар арқылы тілді оқыту да өз орнын табатыны айтылды.
Халықаралық тілдер қатынасын бір арнаға тоғыстырған онлайн семинар нәтижелі өз мәресіне жетті. Соңында қатысушылар бір-бірлеріне өз алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта семинар материалдарының жинағы жарық көретіндігін мәлімдеп, мұндай байланыстар бұдан кейін де жалғасатынын әрі мұны барлық тараптар қолдайтындығын атап өтті.
Нұрлан МАНСҰРОВ,
ЕҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Айнұр НАЙМАНБАЙ,
ЕҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты