«Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен
қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет»
Н.Назарбаев.
ҚР Президенті
Қазақ халқы өз еркіндігіне қол жеткізіп, көк байрағын желбіреткен егемен елде шат-шадыман, береке-бірлікте өмір сүруде. Бүкіл әлемді шарпыған әлемдік дағдарыста өз елдігіміздің сақталуына, діңгегіміздің нық тұруына атсалысу, жерұйығымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету – әрбір қазақ азаматының парызы іспеттес құнды дүние.
Үстіміздегі жылдың 8 ақпан күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауын насихаттау мақсатында «Терминология мәселелері: өзектілігі мен қолданысы»тақырыбындағы дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Елбасы Жолдауында көтерілген терминология мәслелерін зерделей отырып, кәсіби мамандығымен байланыс орнату, осы мәселедегі жанашыр ғалым, әдіскер, оқытушылар мен білім алушылар пікірлерін сараптап, тәжірибесінде қолдану. Ғылым тіліне қатысты негізгі ұғымдарын жас ұрпаққа насихаттау, қазақ терминологиясының мәселелері мен қалыптастыру тарихына шолу жүргізу.
Аталмыш шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Абасилов Аман Мәделханұлымен Қызылорда облысының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Байділдаева Баян Социалқызы қатысып, «Терминологияны жүйелеу – тіл дамытудың басты шарттарының бірі», «Аудармадағы терминдердің берілуі» тақырыптарында баяндамаларын оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
«Негізгі орта білім беру» мамандығы «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» біліктілігі бойынша 3-курс студенті Елдес Нұрдаулет «Қазақ терминологиясындағы жалпыкеңестік терминқор қалыптастыру бағыты», Алтынбай Назерке «Қазақ терминологиясының А.Байтұрсынов кезеңіндегі дамыу бағыты», Бахтиярқызы Аружан «Тәуелсіз Қазақстан және терминология дамуының бағытын белгілеу мәселесі» тақырыптарында баяндамалар оқыды.
Колледжіміздің кітапхана қызметкері Бармақова Гүлнұр «Қазақ терминологиясы: кеше, бүгін, ертең» атты кітап көрмесімен таныстырып өтті. Студенттертақырып аясында өздерін толғандырған сұрақтар қойып, оған нақтыжауап ала білді. Сонымен қатар, ҚТ-Ж-15к оқу тобының студенттері қатысушылармен кері байланыс орнату арқылы «Сәйкестендіру», «Жұптас-Аудар-Сөйле» әдістері бойынша орыс тілінде берілген термин сөздерді қазақ тіліне аударып, диалог құрастырды.
Еліміздің өсіп-өркендеуі, дамуы жолындағы қадамын байыппен зерделеп, өзге үшін емес, өзіміз үшін жасалып жатқан игілікті бастамаға барлығымыз қолдау көрсетуіміз қажет.
Міне, Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне, тәуелсіздігіміздің үшінші мүшеліне қадам басты. Сондықтан, тәуелсіздігіміздің тұғыры мен беріктігі бекем болу үшін, әлемдегі алпауыт елдермен иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті елге айналу үшін Жолдауды сараптап қана қоймай, жастарға тәрбие мен білім беру қызметінде әр ұрпақтың санасына құю арқылы атсалысуымыз қажет. Сонда ғана Қазақ елінің келешегі кемелді, болашағы жарқын болмақ. Тіліміздің тұғырлы мәртебесі әрқашан биік болғай!
Жанканова Айгерим Досымовна,
Қызылорда қаласы,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы