Home » Ашық сабақтар » Телевизиядағы сұхбаттың орны

Телевизиядағы сұхбаттың орны

Ақпарат әлемінде тележурналистиканың алатын орны ерекше. Ақпаратты жанрлары телевизияның ең бірінші кезектегі функциясын, яғни, қалың бұқараны ақпаратпен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыру процесінде жаңалықтар желісі ретінде көгілдір экраннан орын алады. Тележурналистика жанрларының бұл тобындағы ең шағын, әрі ең күрделі жанр – телеақпарат. Қысқа да, нұсқа бас – аяғы бес – алты сөйлемнен тұратын бұл журналистік туынды толыққанды сипат алу үшін алты сұраққа жауап беруі керек. Ақпарат алудың ең негізгі тәсілі болып табылатын  телесұхбат  жанрының  өзіне тән белгілері мен заңдылықтарын сақтаудың басты принципі нақты сұраққа нақты жауап болып табылады. Күнделікті өмірде болып жатқан  қоғамдық маңызы бар оқиғалар мен орын алған құбылыстар телерепортаж жанрының үлесінде. Еліміздің саяси өміріндегі ресми іс – шаралардың қысқаша мазмұнын мән – маңызына қарай іріктеп, жинақтап ұсынатын – есеп жанры. Осындай жанрлардың ішіндегі ең күрделісі телесұхбат деп айтуымызға болады. Себебі, сұхбаттасушы адам әр саладан, әр мамандық иесі, тіпті лауазымы жоғары тұлға, ол Президент болуы да мүмкін. Ал, телесұхбаттың тақырыбын таңдау да өзекті болып табылады. Ол саяси мәселелер төңірегінде, күнделікті іс-шараға байланысты, мемлекеттік маңызы бар оқиғалар туралы немесе қарапайым шаруа адамы туралы тақырыптар төңірегінде де өрбіуі әбден ықтимал. Сұхбаттың сәтті шығуы ол журналистік біліктілігін және білімін көрсетеді.

Сонымен қатар тағы бір ескеретін жағдай сұхбат жанрындағы әлемдік тәжірибе көрсеткендей оның жақсы шығуының өзі көптеген шартқа байланысты, мысалы, журналист өз жұмысын қаншалықты деңгейде меңгергеніне, редакция талаптарының қаншалықты нақты екендігіне, әңгімелесушінің дайындығына байланысты болуы мүмкін. Журналист сұхбат берушіден тыңдарманның аузынан естігісі келген сұрақты қоюға құқылы. Телесұхбатта маңызды, қызықты ақпаратты тек шақырылған кейіпкер бере алатынын ұмытпау керек. Сондықтан журналист керек кезде өз жоспарын өзгертіп отыруға, сұхбат барысын мұқият қадағалауға мүмкіндігі бар. Мысалы, «жоспардағы» сұраққа әңгіме барысында жауап беріліп қойса, ол сұрақты алып тастағаны жөн. Әңгіме қызығына кіріп кетіп, сұхбат беруші тақырыптан ауытқып кетуі де ықтимал. Сол үшін журналист керек кезде сұхбат берушіні тақырыпқа бағыттап отырғаны абзал.

Сұхбат дегеніміз — екі адамның әңгімесінен, журналист пен кейіпкердің сұрағы мен жауабына құрылады. Яғни, қоғам ықылас білдіріп отырған, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық маңызы зор мәліметке ие болу. Зерттеуші В.Д.Пельт сұхбаттың мынандай түрлерін атап айтады: «Сұхбат-монолог, әңгіме сұхбат берушінің ой-толғанысына негізделеді; сұхбат – хабарлама, баспасөзде кейіпкер сөзіне сілтеме жасай отырып журналистің болған әңгімені есеп тұрғысында баяндап беруі; сұхбат-диалог, сұрақ-жауап ретінде өтеді; сұхбат-суреттеме, әңгіменің мазмұнымен қатар әңгімелескен жағдай қоса баяндалады; сұхбат-пікір, нақты тақырып бойынша пікірлер қарастыру; сұхбат-анкета, қандай да бір мәселе жайында белгілі бір аудиторияның қоғамға маңызды пікірлерін анықтау» [1, 34 б]. Зерттеуші сонымен қатар, сұхбат түріне пресс-конференцияларды да жатқызады. Журналистика теориясын зерттеуші ғалым М.И.Шостак: «Сұхбат-журналистің ой-өрісінен туындайтын жайт. Сұхбат алушының басты мақсаты сұхбат берушінің пікірін, көзқарасын толықтай жетік білдіруіне ерік беру» [2,67 б],- дейді. Сұхбат жүргізудің негізгі мақсаты — қойылған сұрақтар бойынша нақты жауаптар мен ақпараттар алу болып табылады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қалалық МТРК телеарнасында  сұхбат жанрында екі тілде жүргізілетін ерекше бағдарлама барын айта кету керек. Бұл бағдарламада көбінде  облыс аумағында өтіп жатқан әртүрлі іс-шаралардың ұйымдастырушыларымен және саяси-әлеуметтік тақырыпта сөз қозғалған жағдайда мемлекеттік лауазымды азаматтармен сұхбаттар  жүргізіледі.

Баспасөз құралдарының өзге түрлерінде жарияланатын сұхбаттарымен салыстырғанда телевизияда алынған сұхбаттың өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Телесұхбатта журналист пен респондент басты рөл атқаратыны белгілі. Оның сыртында эфирден тыс олардың әңгімелерін даярлап жарыққа шығаратын шығармашылық топ, техникалық қызметкерлер тұрады.

Телесұхбат тікелей және жазылымдық (запись) деген екі түрлі формада эфирге шығарылады. Оның өзін ішінара ток-шоу және ақпараттық сұхбат деген екі негізгі топқа бөлуге болады. Мысалы, ток-шоу бағытындағы тұхбатқа «Айтуға оңай», «Қарекет», «Жұлдыздар жарқырайды» т.б. көптеген бағдарламаларды жатқызуға болады. Ток-шоу белгілі бір мәселені арнайы тақырып бойынша көтеріп, оны негізгі көздер арқылы анықтайды және ішкі сырларын ашып, халыққа түсіндіруді мақсат етеді. Оны біз жоғарыда аттары аталған бағдарламалардан көріп-біліп отырмыз. Халықтың сүйікті бағдарламаларына айналды.

Ал, ақпараттық сұхбаттың мақсаты – оқиға, көріністер жайында ресми ақпарат көздерінен мәселенің мәнін нақтылайды, тақырыпты жан-жақты айшықтайтын сұрақтар арқылы көрерменге кең мағлұмат беруді мақсат етеді. Мысалы, күнделікті ақпарат барысында алынатын сұхбаттар жатады. Алайда, тақырып түрлерінің қандай екендігіне қарамастан телесұхбат жасаушы журналист өз командасымен яғни, оператор, режиссерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс. Себебі, сұхбат жүргізу тізгіні журналистің қолында болғанымен команданың өзге мүшелеріне телехабардың мазмұнын, маңыздылығын түсіндіріп алдын ала пысықтап қоймаса жазылым барысында түсінбестіктің туындауы ықтимал. Оның өзі телесұхбаттың сәтті шығуына көлеңкесін түсіруі мүмкін. Сондықтан, телесұхбат басталмай тұрып, журналист, оператор, режиссер үшеуінде де тақырыптың мазмұны жайында нақты әрі біртұтас ұғым қалыптасқан болуы керек.

Телевизия сұхбаттары ақпараттық немесе проблемалық ток-шоудың қай түрінде өтсе де, мейлі, тікелей эфир ме жазылымдық па дегеніне қарамастан қойылатын талаптар ортақ. Олай болса, сұхбат тақырыбы, мазмұны мен маңыздылығына қарай журналист пен респонденттің интервьюге қатысты бейне сюжеттерін қалай түсіруді, оларды сұхбаттасу кезінде қандай сәтте эфирге қалай шығаруды телережиссер шешеді. Сюжетке лайықты музыка, дауыс, дыбыс жағын дыбыс режиссері мен операторлары продюсермен, режиссермен ақылдаса отырып реттейді. Осындай шығармашылық топтың  идеялары ортақ мүддеге тоғысып, бір жерден шыққанда ғана телеөнім толыққанды түрде көрермен қауымның сұранысын өтей алады.

Журналистің кәсіби шеберлігі сұхбат барысында елеулі рөл атқарады. Тележурналист сұхбаттасушы тұлғаның эмоциясын, қойылған сұрақтарға реакциясын толық сезінумен қатар жауаптарын да мұқият қадағалап, негізгі тақырыптан ауытқыған жағдайда сыпайы түрде басты арнаға салып отыруы қажет. Себебі, эфир уақытын үнемдеу және көрермен қауымның арнайы бөліп отырған уақыт зая кетірмеу, маңызы төмен бос әңгімеге жол бермеген абзал.

Журналистің жүргізген сұхбаты тартымды болуы үшін ол сөз болып отырған тақырыпты респонденттен де артық білген, алған мағлұматы мол болуға тиіс. Жалпы сұхбат берушілер де талқыланатын тақырыпты терең білетін журналистермен қатынасқанды артық көреді. Себебі, олардың арасындағы сұрақ пен жауап тергеу ісі емес, нағыз іскер, білімдар адамдар арасындағы терең талдау, түсінікті сараптама сипатында болуға тиіс. Сонда ғана ол жанды әңгіме-дүкенге айналады. Ал, жанды, сауатты сұхбат көрермен көңілінен шығары қақ.

Журналист шынайы әрі барлық жағынан артықшылығыңыз бар, білімді, сапалы репортаждар мен жаңалық сюжеттерін үнемі жасап жүрген журналист болсаңыз сұхбат жүргізуде аса қатты қинала қоймайсыз.

Заман талабына сай қазіргі журналистер үшін негізгі талаптардың бірі белгілі бір мәлімдеменің, ақпараттың нақтылығын растайтын тетік бар ма, жоқ па дегенді алдын ала болжай алуы. Халық бәрін білуге құқылы және құпияланған дүниенің сырын ашуға тіпті құмар болып келеді.

Сондықтан, телевизия жаңалықтарын, репортаждарын, сұхбаттарын дайындайтын туындыгерлер кәсіби этика мен жауапкершілікті терең сезінуге тиіс.

Жалпы сұхбат беруші белгілі бір қайғы-қасірет шеккен жандар болса, апатты еске түсіргісі келмеуі, ешкіммен тілдеспей оңаша қалғылары келуі мүмкін. Ондай жағдайға да журналист құрметпен қарауға тиіс. Сонымен қатар қайғысын өзгелермен бөліссе жеңілдеп, шерін тарқатып алатын адамдар да кездеседі. Осындай жайлардың бәріне журналистер асқан сезімталдықпен қарап, алдын ала болжап отырулары қажет. Көрермен де өз кезегінде осындай қасіреттерді тікелей болмаса да олармен жанама түрде бөлісетіндігін естен шығармауға тиіспіз.

Ақпарат көзінен алынып отырған сұхбаттың тақырыбы  неше жерден қызықты болса да журналист пен респондентті ғана эфирде алма-кезек  көрсетумен ғана шектелу телесұхбаттың сапалық талабын қанағаттандыра алмайды. Оны телевизияның өзге техника, технологияларын пайдаланып қызықты формамен байытып отырған дұрыс болады. Алайда, байытудың жөні осы екен деп тым асыра сілтеп, эффектілеп, дауыс, дыбыстармен орынсыз әшекейлеу тағы орынсыз.

Телекөрермендер әңгіме тақырыбының мазмұнын, оқиғаларын өз көздерімен көріп, ішкі сырларына терең бойлауды қалайды және оны тележурналистен үнемі талап етеді. Оларға толыққанды мағлұмат беру үшін тәжірибелі әрі білікті журналистер тақырыпқа қатысты оқиғаларды, респондентке қатысты бейне сюжеттерді алдын ала түсіріп дайындап қояды.

Оқиға өтіп жатқан өңірден сұхбат жүргізіліп жатқан болса, тақырыпқа қатысты мәселенің бейне түсірілімдері алдын ала дайындалғаны тиімді. Мұндай материалдар сұхбатты қызықты ете түсумен қатар кейбір маңызды тұстарын ешбір түсініктемесіз-ақ аудиторияға өзі жеткізеді.

Проблема көтерген сұхбат барысында журналист респондентінің айтқан сөзін, жасаған мәлімдемесін шындықтың шыңырау шегі деп қабылдаудан сақтануы қажет. Тіпті ол ресми тұлға болған күннің өзінде ол ақиқаттың жалғыз жаршысы емес. Журналист аудиторияның яғни, халықтың өкілі екендігін ұмытпауға тиіс. Сол себептен алдын ала жасалған зерттеулерге сүйене отырып, көрерменнің білгісі келген барлық сауалдарын дөп басып сұхбат беруге қоя білгені дұрыс.

Телесұхбатты жүргізгенде журналистен кәсіби шеберлік, терең білім мен біліктілік,  эфир мәдениеті талап етіледі. Жазылымдық (запись) сұхбат кезінде кеткен қателіктерді монтаждауға, жөнге келтіруге болады. Ал, тікелей эфир кезінде журналист үшін ондай мүмкіндік жоқ. Сонысымен де зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, көрермен қауым эфирдегі бағдарламаның тізгінін ұстап отырған тележурналистің кәсіби шеберлігіне, білімі мен пайымына, жеке мәдениетіне қарап тек тұлғаның өзіне ғана емес, күллі телевизия ұжымына баға береді және қазіргі заманның қоғамдық талабын түсінеді, үлгі өнеге алады.

Тікелей сұхбат барысында кездесетін бір қиындық – респонденттің жауабынан туындатып сұрақ қою қабілеттілікті барлық журналистердің бәрі меңгере бермейтіндігі. Бұл әсіресе, жас журналистер үшін тіпті оңайға соқпасы анық. Тележурналист оқиғаға қатысып отырса да, кез келген жағдайда ақпарат көзімен қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік, заңдық-құқтық тақырыптардың бәрімен де еркін пікірлесетін, көрерменнің көкейіндегі сауалды тастай алатын, мәселені салмақтап, таразылай алатын болуы керек. Сонымен қатар телевизияның тікелей эфир сұхбаттары әрдайым уақытпен санасып, уақытқа тәуелді екенін естеп шығармай минутпен жарысып, онымен санасып режиссердің ескерпелерін үнемі қаперде ұстап сапалы өнім көрерменге ұсынуы қажет. Бұл да тележурналистің игеруге тиіс көптеген қабілеттіліктерінің бірі.

Қорыта айтқанда телесұхбат әзірлеп өткізгенде жоғарыда айтылған ерекшеліктер мен талаптардың болатындығына қарамастан қандай көңіл күйде болсаңда сауатты бағдарламаны халыққа ұсынсаң нұр үстіне нұр. Оның үстіне қарапайым халық үшін журналист-жүргізушінің әр сөзі құнды болып есептеледі. Сол себепті де журналист аузынан шығатын әр сөзіні салмақтап, тапқырлықпен сөйлегені абзал.

 

Гизатова Дана,
М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік
университетінің
2 курс магистранты
Петропавл қаласы

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Пельт В.Д. Теория и практика советской периодической печати. — М.: 1980.
  2. Шостак М.И. Оперативная журналистика. М.: Изд. МГУ. 2000.
  3. Шындалиева М. Журналистика жанрларының пішіндері мен функциясы. – Астана, 2012. – 248 бет.
  4. Қуандық Шамахайұлы. Халықаралық журналистика. Тікелей эфирдегі сұхбат. –Астана, 2016

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.