Сарбаздар сапында салмақты орны болса да, сардар болуды мақсат тұтпағандықтан, өздерінің соқпағымен сан саланы сағалап, сары даланың төсінде жүрген сақа сарбаздарымыздың саны жетерлік. Солардың бірі – Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектепте ән-күй пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп жүрген запастағы лейтенант, күйші Жұмағазы Кәкімжанов.
Жұмағазы Сұлтанұлы сұхбат барысында әңгімені әріден бастаған еді.1958 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Қайыңды совхозында дүниеге келген ол үйдегі алты баланың екіншісі екен. Атасының қолында тәрбиеленіп, жастайынан өнерге, домбыраға әуес болып өскен Жұмағазы Кәкімжанов 1965 жылы Қайыңды орта мектебінің табалдырығын аттап, 1975 жылы аталмыш алтын ұясынан қанат қаққан. Ал 1975-1979 жылдары Шымкент педагогикалық-мәдениет институтында білім алған жалынды жігіт студент кезінде бірқатар халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанған. Атап айтсақ, Жұмағазы Кәкімжанов өнер көрсетіп жүрген Шымкент қалалық филармониясының «Достық» ансамблі 1978 жылы Польша елінде өткен халықаралық халықтық аспаптар байқауында гран-приді қанжығалаған екен. Оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң кейіпкеріміз 1980 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
— Мен әскерге тура 9 мамыр – Жеңіс күнінде бардым. Шынымды айтсам, әскерге кетуімнің өзі бір қызық болды,- деп езу тарта күлген Жұмағазы аға сарбаз болған сәттерін есіне түсіріп, ерекше тебіреніспен әңгімелеп берді. — Қолыма дипломымды алғаннан соң Арқалық қаласында қызмет істеген болатынмын. Ондағы Қажыбек Дербісалин деген ағамыз бастаған өнер ұжымы осында, яғни қазіргі Астана, сол кездегі Целиноград қаласына гастрольдік сапармен келіп, бір апта бойы қалада концерт қойдық. Концертіміз сол уақытта теледидардан көрсетіліп жатты. Гастрольдік сапарымыз аяқталғаннан кейін Арқалықтағы үйіме келіп, тамақтанайық деп енді дастарқанға отырғанымыз сол еді, бір прапорщик пен екі сарбаз кіріп келді де, маған: «сіз тұткындалдыңыз»,- деді. Мен не болғанын білмей, абдырап қалдым. Сөйтсем, біз Целиноградта концерт қойып жүргенде, бір апта бойы күнде-күнде үйге әскерге шақырту қағазы келіп тұрыпты. Сол жерде қолыма кісен салып, мені әскерге алып кетті. Бұл – 8 мамыр, яғни мерекелік демалыс күндері еді. Қалалық, облыстық комитеттегілердің барлығы жұмыста емес-тін. Ал бізге Алматыға жолдама беріліпті. Хош. Тұтқындаушылар мені Баклан деген (толық аты-жөнін ұмытып тұрмын) қалалық әскери басқармасының бастығына алып барды. Ол кезде өзімше ұзынырақ шаш жіберіп, сән қуып жүрген болатынмын. Мені көрген Баклан мырза: «мына жігіттің шашын, мұртын құртыңдар, тура ертең әскерге кететін болсын» деп, қарамағындағыларға бұйрық берді. Сол кезде мен: «ертең Жеңіс күні ғой, басқа күні барсам қайтеді?..» деп едім, «жоқ, дәл ертең кетесің» деді сөзін нықтап. Сөйтіп, ертесінде Ленинград қаласына жөнелтілдім. Ал 10 мамыр күні Ленинград қаласының маңындағы Сертолово әскери қалашығында болып, ондағы танктік полкке түстім. Сол уақытта біздің әскери қалашыққа шет елдерден делегация келетін боп жатыр екен. Содан жедел екі аптаның ішінде бізді, яғни сарбаздарды жан-жақты дайындықтан өткізді. Танкпен ату, минут, секундқа жүгіру, секіру сияқты жаттығулар жасатқызды. Сонымен қатар қосымша олимпиадаға да дайындалдық. Ленинградқа барып, стадионда жүгіреміз де, одан қайтып келіп, танкпен атуға кірісеміз. Міне, әскердегі күндерімнің басы осындай қарбаласпен басталды.
Алты ай өткен соң жас сарбаз Сертолово әскери қалашығынан Ленинград маңындағы Приозерск әскери қалашығына танктік полктің старшинасы болып ауыстырылыпты. Өзін жақсы қырынан көрсеткені үшін оған көп ұзамай, яғни желтоқсанның он бесінде демалыс беріліпті.
— Домбырам да қажет болып жүрген. Отбасымды, ұлымды сағындым. Сол кезде Арқалықтағы қалалық әскери басқармасының бастығы Баклан мырзаға барып, өтініш жасаған соң ол үнемі «Отбасы жағдайына байланысты» деген анықтамаларды жіберіп отырды. Содан Арқалықта үш ай болдым. Жаңа жылды қарсы алып, 23 ақпан, 8 наурыз мерекелерін отбасыммен бірге өткіздім. Содан домбырамды, қазы-қарта, құрт, ірімшік сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын алып, Ленинградқа аттандым. Сонда жеткен соң демалыс күндерімді арнайы мерзімнен асырғаным үшін мені тағы да дизбатқа жіберіп, қатаң жаза қолданбақ болды. Бірақ дәл сол уақытта танк атудан оқу-жаттығу шарасы өткелі жатыр екен. Командиріміз мені шақырып алып: «тексеріс жүргізіп, арнайы іссапармен келген генералдың көзінше танк атудан жақсы баға ала алмасаң, 2 жылға дизбатқа кетесің»- деп қатаң талап қойды. Мұны естіген соң мен барымды салдым. Оқу-жаттығу алаңында 4 танк, яғни 600, 601, 602, 603-ші нөмірлі танктер болатын. Мен 600-ші танктің ішіндемін. Ал қалған үш танктің бірінде Қайруллин деген қазақ, тағы бірінде Ким деген (кәріс ұлтының өкілі) қарағандылық жерлесіміз, үшіншісінде якутиялық азамат. Өзара сөйлесіп отыратын құралдан жерлестерім менен «Қазақстан қалай?» деп, елдің қал-ахуалын сұрамақ болып, әңгімеге тартады. Бірақ менің оларға жауап беретін мұршам болмады. Жанұшыра міндетімді орындаумен отырдым. Ақыры аталмыш шарада дегеніме жетіп, «өте жақсы» деген баға алдым. Шара соңында генералдың өзі мені құттықтады. Жақсы бағаның нәтижесінде дизбаттың әңгімесі ұмыт болды, қайта командирлік сағатты сыйлыққа алдым, — дейді Ж. Кәкімжанов сөз арасында.
Әскер қатарында жүргенде талай қызықты бастан өткергенін әңгімелеген Жұмағазы аға полктегі ансамбльмен бірге Финляндия еліне және Ресейдің бірқатар қалаларына гастрольдік сапармен барғанын да айтып өтті. Айтуынша, ансамбльге домбыра аспабын да қостырып, концерттерде жекелей күй де орындап, қазақтың әндерін де шырқаған екен.
— Бір күні 3-4 сарбаз кетіп бара жатсақ, құлағыма Шәмшінің әндері естілді. Түсінесіз бе, сонау Ресей жерінде… Сенер-сенбесімді білмей, тоқтай қалып, тыңдасам, «Әлемнің жарығын, Сыйладың сен маған…» деп, баян аспабымен сүйемелдеп, бір топ жігіттер әндетіп жатыр екен. Сол кезде қандай сезімде болғанымды білсеңіз ғой. Көлдің жағасы-тұғын. Айнала жасыл желек, талдар. Әндетіп отырғандардың нақты қай жерде екені, кімдер екені көрінбеді. Бірден қасымдағы серіктерімді ертіп, сол жаққа, қазақтың әні шырқалып жатқан жаққа қарай беттедім. Барсақ, отбасыларымен демалыс күндерін өткізіп жүрген кілең қазақ азаматтары екен. Сол жерде бір мәре-сәре болып қалдық. Кейіннен білуімше, олардың барлығы Қазақстанның әр өңірінен барып, Ленинградта қызмет істеп жүрген лауазымды тұлғалар екен. Осы сәт ерекше есімде қалды, — деген Жұмағазы Кәкімжанов, — тағы бірде ансамбльмен Ленинград қаласына концерт қоюға барған болатынбыз. Ол концертте мен жекелей екі күй шертіп, қазақтың екі әнін орындадым. Кеш соңында мені бір орыс ұлтының өкілі тоқтатып, әңгімеге тартты. «Қай жерден боласыз?» деп сұрады. Қазақстаннан, Арқалық қаласынан екенімді айттым. Жөн сұраса келе, ол менен домбырамды сұрады да, «Сарыарқа» күйін күмбірлете шерткенде құйқам шымырлап, бойымнан тоқ жүріп өткендей күй кештім. Сөйтсем, ол өзіміздің Алматыда 25 жыл тұрған екен. Сол уақытта Ленинградқа көшіп барғанына екі жыл болыпты. Жасыратыны жоқ, концерттен кейін ол мені командирімнен сұрап алды да, оның үйінде үш күн қонақта болдым. Бұл да – менің есімнен ешқашан кетпейтін сәттердің бірі, — дейді күліп.
Арқалық қаласынан 200 жігітпен бірге аттанып, Сертолово әскери қалашығындағы ротада 67-70 сарбазбен, ал Приозерск әскери қалашығында барлығы 250-дей сарбазбен бір сапта тұрған Жұмағаң танк атудан оқу-жаттығу барысында ажал құшып та кете жаздаған екен. Бұл сәт те оның есінен ешқашан кеткен емес.
— Сол сияқты әскерден қайтуымыз да қызық болды. Негізінен Ауған соғысына аттануға 60 күн бойы бізге, барлығы 60 сарбазға қызу дайындық, оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген болатын. Содан соғысқа аттануға сақадай сай болып, «Ленинград – Ташкент» бағытындағы ұшаққа отырғалы тұрған сәтімізде 60 сарбазды үйлеріне қайтаруға генералдың өзі бұйрық беріп, 15 минуттың ішінде қаруластарымызбен қоштасып, әрқайсымыз әр тарапқа тарқасып кеттік. Біздің орнымызға басқа сарбаздар жөнелтілді. Сондағы әскери тәртіптің кереметтілігі соншалық, 15 минуттың ішінде естелік альбомдарымыз әзір болды. Бір-бірімізбен қимай қоштастық. Жалпы, әскер қатарында жүргенде көп өмірлік сабақ алдық, еңбекқорлыққа, тазалыққа дағдыландық. Байқасаңыз, көйлегімді үтіктегенде қырын оқтай қылмасам, көңілім толмайды. Ондағы темірдей тәртіп, тіпті қаныма сіңіп алды деуге болады. Әлі күнге дейін әскери тәртіпті ұстанамын. Балаларымды да сондай тәртіпке үйретуге тырыстым. Бүгінде сарбаздар сапындағы сәттерімді қатты сағынамын, сағынышпен еске аламын. Барлық жастарды сарбаз болуға шақырамын,- дейді Жұмағазы Сұлтанұлы.
Отан алдындағы борышын өтеу мерзімі аяқталып, елге қайтар уақыт жақындағанда полктің старшинасы, лейтенант Кәкімжановті әскери қалашықтағылар командир болып, сол елде қалуға үгіттеп, екі бөлмелі пәтер де ұсынған екен. Алайда қаны «қазақ» деп соққан азамат Алаш жұртының төл өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосуды ойлап, сондай-ақ өзге елде сұлтан болғаннан гөрі өз елінде ұлтан болуды артық санап, ештеңеге қарайламай, туған жеріне қайтуды ұйғарған. Әскерден келген соң бүгінгі күнге дейін табаны күректей 35 жыл бойы мәдениет және білім салаларында жемісті еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде сыралғы бапкердің тәрбиесін көрген талай шәкірт бүгінде биіктерден көрінуде. Мысалы, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептің түлектері, күйші Мәди Бижанов пен дәстүрлі әнші Ақмарал сынды шәкірттері бірқатар республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері екенін атап өту ләзім. Жастардың жұлдызын жағып, абыройларын асырып жүрген ұлағатты ұстаз Жұмағазы Сұлтанұлының әншілік, күйшілік өнерлерімен қатар, сазгерлігі де бар екен. 20-ға жуық әннің авторы туындыларын әншілерге ұсынбайтынын айтады. Айтуынша, «Қайран үміт» атты әнін астаналық Сәбит есімді әнші орындап жүрген көрінеді. Ал «Біз – астаналық» әнін қала мектептерінің оқушылары хорда шырқаса, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептің директоры Ербол Іргебайдың сөзіне жазылған «Марғұлан маршы» әні аталмыш білім ордасының Әнұранына айналыпты. «Жігітке жетпіс өнер де аз» дегендей, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың домбыра, гитара, баян сияқты бірқатар аспаптарда еркін ойнайтынын айта кеткен жөн. Жалпы, өнер Жұмағаңа Сейдахмет есімді үлкен атасынан дарыған екен. Айтуынша, Сейдахмет атасы қазақтың біртуар тұлғалары Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсыновтармен үзеңгілес жолдас болса керек. Тегіне тартып туған ұл өзі «әке» атап кеткен Шәкір атасының қолында болғанда атасы 5 жастағы қарадомалақ немересіне ағаштан ойып тұрып арнайы домбыра жасап берген. Содан бері ол қазақтың киелі аспабын зор құрмет тұтады. Әскерден қайтқанда Ленинградтан өзімен алып келген домбырасын әлі күнге дейін қолданып жүр екен. «Осы домбырамның сынбаған жері жоқ. Әскерде жүргенде де талай рет сынып еді, одан бері де талай елді көріп келеді. Өзіме қатты ыстық бұл аспабым. Қайда барсам да, өзіммен бірге алып жүремін. Домбыра шерткенде жан-дүниең рахатқа бөленіп, емделесің ғой, шіркін»,- дейді ол тағы бір сөзінде. Сұхбат соңында Жұмағазы аға талай жөндеуден өткен домбырасымен күмбірлеген күйді тарту етті. Беу, шіркін…
Нұрдәулет КӘКІШЕВ
Білім айнасы
Астана