2017 жылдың 29 қарашасында Облыстық оқу орталығының (әдістемелік кабинет) ұйымдастыруымен Қармақшы ауданы Төретам елді мекеніндегі «Гаухартас» балабақшасының базасында «Театрландырылған әрекеттерді ұйымдастырудың заманауи әдістері» тақырыбында аймақтық семинар өткізілді. Семинар жұмысына Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының меңгерушілері және әдіскерлері барлығы 70-ке жуық педагог қатысты.
Шара барысында балалардың шығармашылық ойлау мәдениетін қалыптастыру, қиялын дамыту, сезімдік-эмоциялық әрекеттерін жетілдіру бағытындағы «Гаухартас» балабақшасы педагогтарының инновациялық технологияларға негізделген іс-тәжірибелері насихатталды.
Ашылғанына үш жыл болған мектепке дейінгі ұйым жан-жақты іздену, кәсіби біліктілікті арттыру негізінде біршама жетістіктерге қол жеткізген. Балабақшаны жоғары эстетикалық талғаммен тақырыпқа сай безендіре отырып, кішкентай бүлдіршіндерді әдемілікке баулу, қоршаған ортаның сұлулығын сезіну және оны күту дағдыларын қалыптастыру міндеттері жүзеге асырылған.
Драма оқу қызметі мен вариативтік компонент негізінде балалардың білім, білік, дағдыларын дамыту, сонымен бірге зерттеу іс-әрекеті негізінде балалардың зерттеушілік қабілеттерін арттыру бойынша жаңашыл әдіс-тәсілдер енгізіліп, насихатталған.
Семинар бағдарламасына сәйкес семинарға қатысушылар балабақша тынысымен «Гүлзар бағы»,«Табиғатпен тілдесейік!»,«Ғарыш әлемі», «Кел ойнайық, балақай!» ойыншықтар әлемі, «Өнерліге өріс кең!» тәрбиешілердің шығармашылық көрмесімен, «Кел ертегі тыңдайық!» кітапхана бұрышымен, «Келіңіз, суретке түсейік!» тақырыбында дайындалған ашық мұражаймен және Этно-ауылмен танысып балабақша өмірімен тыныстады. Семинар жұмысына Облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Дихамбаева Гүлнар Батырбекқызы сәттілік тілеп, ашылу салтанатына жалғасты. Семинардың ашылу салтанынан соң қатысушылар бағдарлама түстеріне сәйкес топтарға бөлініп драма оқу қызметтеріне және вариативтік компонент жұмыстарының жаңалықтарымен танысты. «Өзімді таныстырамын», «Құмырсқа мен көгершін» драма оқу қызметтерінен ертегі әлемінде серуендегендей әсерде болған семинарға қатысушылар келесі вариативтік компонент жұмысына ерекше қызығушылықпен бет алды. «Теңіздегі туылған күн!» су асты театры сахналық қойылымы семинар барысына ерекше тыныс бере түсті. Сахналық қойылымның безендірілуі, балалар мен тәрбиеші арасындағы ынтымақтастығы, шеберліктері өте жоғары деңгейде дайындалған. Семинар бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылған әрбір жұмыстың жаңашылдығы қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлай отырып, «Кішкентай зерттеушілер орталығымен» жалғасын тапты.
Семинар бағдарламасына сәйкес «Бал биі», және бүлдіршіндердің ән-шашуы көрсетіліп, семинар соңында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын жүзеге асыру мақсатында жаңартылған білім беруді дамытуда семинар ұсынымдары қабылданып, Облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Гүлнар Батырбекқызы “Балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізу талаптарына” түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аймақтық семинар жұмысын өте жоғары деңгейде ұйымшылдықпен, кәсіби шеберлікпен дайындаған «Гаухартас» балабақшасының ұжымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта үлкен шығармашылық табыстар, биік белестер тілей отырып жұмыс көрсеткен педагогтарды марапаттады.
А.Уткелбаева,
«Гаухартас» балабақшасы
Қызылорда облыстық оқу орталығының әдіскері
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті