Home » Поэзия » Тағылым алу – бір бақыт

Тағылым алу – бір бақыт

 

Шынары Шыңғыстаудың талайды озған,

Арам келген байлыққа көңілі тозған.

Әркімге ғибрат болар дүние ғып,

«Ақылшы торғай» деген өлең жазған.

 

«Байлық көзі – еңбекте» – басты мұрат,

Ойшылым жыр жазыпты бізді сынап.

Бір адам балаларға үш тиынға,

Торғайды сатпақ болып тұзақ құрад.

 

Торғай да тұзағында бос жатпапты,

Адамға ойландырар сөз саптапты.

Есепсіз бай болуға ұмтылған жан,

Баюға мұнан өзге жол таппапты.

 

Әлгі адам риза болып, көңілі толды,

Алғаш айтқан ақылы былай болды:

«Орынсыз өтірікке нанбайғайсың,

Тегінде, шынның жолын қамдағайсың»

 

Көтеріліп ұшады торғай баптап,

Екінші сөз айтады ой салмақтап:

«Өткен іске өкінбе ыза болып.

Құр жүдейсің ішіңе қайғы толып.»

 

Жоғары ұшқан торғайды ой қамады,

Тұзақшыны алдауды қолға алады.

«Он мысқалдай гауһарым бар еді», — деп,

Тал басына шығып алып жар салады.

 

Жылайды өз сақалын жұлып адам:

«Неге ғана босаттым, бар еді шамам?!»

Торғайдың шын сөзіне сенгеннен соң

Өкінбеуі керек еді басқан қадам

 

Ақылгөй байлық көзін тар қылыпты,

Үшіншісін айтып бермей, зар қылыпты.

Үш тиынға торғай сатып дәніккенді,

Мұңға бай, уайымға бар қылыпты.

 

Ар – ұят пен намысын қолдан бермей,

Таза шаршап, қалжырап, тер төгілмей,

Пайымымша, сұрақтың жауабы – сол:

«Байлық болмас, баянды еңбек көрмей»

 

Жауабым түсініксіз солар ма деп,

Өлең жайын білмеуші болар ма деп.

Хал — қадерше ақын сөзін мәлім еттім,

Кем болмасын айтарым толар ма деп.

 

Сөз парқын танытқанды толғаған жөн,

Ой маржанын таратуды қолдаған жөн.

Дананың айтпақ болған насихаты:

«Дайын асқа тік қасық болмаған жөн!»

 

Айтқанындай: «Жүректің тезі болсын,

Құлағыңның қырағы көзі болсын!»

Ел қамы үшін басын тіккен кемеңгердің,

Кемеліне куә болар кезің болсын!

 

Шәкәрім де Абайдай ақыл сатқан,

Тәрбиенің хақ жолын ойлап тапқан.

Өлеңмен ойы өрілген қажы атаның,

Бақыттымын, жырынан дәмін татқан.

Төлеубаева Жанна Дәрібайқызы

№25 жалпы орта білім беру мектебінің

«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі

Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.