Алатау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастармен жұмыс жөніндегі «Almaty Zhastary» атты жаңа орталықтың ұйымдастыруымен тағылымы мол кездесу өтті. Кездесуге дүйім елдің алғысына бөленіп жүрген, халықтың бір сүйер азаматы, қоғам жанашыры, белгілі журналист Бейсен Құранбек аға келді.
Мемлекеттік дәрежедегі атақ даңқ иегері болса да, өте қарапайым жан иесі бола білген ағаның Алатау ауданы №180 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушыларымен болған сырлы сұхбаты сәтті өтті.
Елбасымен ғана емес, әлемдік аренада белсенді мемлекет басшыларымен де сұхбаттас болған Бейсен ағамен өткен кездесу өте әсерлі болды. Бейсен аға мамандық таңдаумен қатар, жар таңдаудың да маңызды екендігін түсіндірді. Отбасы бақытының алғашқы орында тұру керектігін айтты. Мықты маман, атақты адам болсаң да, бала-шағаң болмаса өмірдің мәні болмайтындығын әдемі жеткізді. Ол кісінің қызу әңгімесі бізге өмірге азық болар күш-қуат пен сергек көңіл-күй сыйлады.
«Жақсының шарапаты тиеді» дегендей, Бейсен ағаның терең мағыналы сөздері оқушыларыма ой салар сана мен адамгершілік сыйлағандай. Кездесуде ел ағасы жастарға жалқаулықты жеңудің бірнеше жолдарын атап қана көрсетпей, дәлелдеп те берді.
Құранбекпен кездесу сәтінде оқушылар ортаға болашақ жоспарларын айтып, өздерінің кім болғысы келетіндіктерін қысылмай айта білді. Аға да оларға жақсы бағыт-бағдар беріп, өзінің ақыл-кеңестерін айтып өтті.
Ел сүйетін ағаның азаматты бейнесі бізге қатты ұнады. Соның ішінде отбасылық мәселені алдыңғы қатарға қоя білгені маған ерекше ұнады. Өйткені әр отбасы – кішкентай бір мемлекет. Үлкен мемлекет осы кішкентай мемлекеттердің бірігуінен құралған. Сол кішкентай мемлекеттердің мықты болуы, сапалы болуы қоғам үшін маңызды нәрсе. Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір мүшесі сол отбасында тәрбиеленетіндіктен, ата-ана жауапкершілігінің де мән-маңызы зор екендігіне тоқталып өтті.
Жалпы алғанда, оқушыларым Бейсен ағаның кеңестерінен көп нәрселерді көңілге түйіп, айтқан кеңестерін көкіректеріне байлап қайтқандарына сенімдімін.
Салиқалы ойларын салмақтап жеткізе білген журналист ағамен өткен бір сәтіміз есте мәңгі қаларлықтай, өмірімізге мәңгі азық боларлықтай дәрежеде болды. «Жақсымен өткен бір күнің – бақыттың мың күні» дегендей, мың күнге татитындай рухани азық алдық. «Рухани жаңғырудың» бұл да бір бөлшегі десек те болады.
Адамның ішкі жан-дүниесінің бай болуы, таза болуы да мамандық таңдауда өз әсерін тигізетіні айтылды. Қабілетіңе қарай, ішкі дүниеңнің талабына қарай жұмыс істесең, сонда ғана мықты маман, саналы адам болатыныңды көркем сөздерімен жеткізе білді. Керемет ойларымен бөлісе білген Бейсен ағаға деген оқушылардың құрметі айтпаса да белгілі еді.
Бейсен ағаның әрбір сөзі – көздерінде от ойнап, болашаққа нық қадам басатын жастардың жігерін жанығандай, қамшылағандай болды. Ал, әрбір ойы – балалардың ойларымен астасып, оқушылардың ойынан дөп түсіп отырды. Ағалық қамқорлықпен тамаша ақыл-кеңестерімен бөлісіп, шын ниетімен әрбір сұраққа жауап беріп отырғанына біз риза болып қайттық.
Ішкі дүниесі өте бай, Бейсен аға мамандықтың №1 маманы болумен қатар, отбасылық өмірді де қатар алып жүру керектігін, қандай мамандыққа бейімділік жағына да назар аудару қажеттігін ескертті. Адам бойындағы қабілетті дамыта отырып, оны өзің сүйсініп атқаратын ісіңе, мамандығыңа айналдыруға болатындығын айтты.
Өмірге, мамандыққа қажетті пайдалы кеңестерімен бөлісе отырып, Бейсен аға оқушылардың болашаққа бағдарын нақтылап бергендей болды.
Кездесуден соң оқушылар өз ойларын ортаға салып, жақсы әңгіме тыңдағандарына ырза екендіктерін айтты. Біздің бет түзейтін құбыламыздай болған, көргені мен түйгені мол осындай ағаларымыз аман болсын деген ыстық тілегім бар.
Мен Бейсен ағаға ризашылығымды білдіре отырып, менің де оқушыларым сол ағадай ел жанашыры, халық қамқоры, Отанымыздың мақтанышы болсын деген тілегім бар.
Шынында да біз кездесуден жақсы нәр алып, қуанып, күш-қуаттанып, көңілденіп қайттық. Бастысы оқушылар мәз. Оқушылардың күзгі демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізілген іс-шара оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Торыбаева Гүлжахан Ауесханқызы
Алматы қаласы, Алатау ауданы
№180 жалпы білім беретін мектептің
9 «Г» сынып жетекшісі