Home » Мақалалар » Тағылымы мол кездесу

Тағылымы мол кездесу

Бұл кездесуді берекелі күздің мерекелі күні десек те болады. Ел құрметіне бөленген Есенғали Раушанов ақынның асқаралы мерейтойына орай Ш. Есенов атындағы ҚМТИУ акт залында зиялы қауыммен, студенттермен кездесу өтті. Бұл шараға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.

Кездесуді университет профессоры Нағбду Қамарова жүргізді. Алғаш сөз алған ақын өзі жайлы, шығармашылық жолы, өзіне үлгі болған ұстаздары туралы қысқаша әңгімелеп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Университет студенттері ақын өлеңдерін оқып, ізгі тілектерін білдірді. Кездесу кезінде тілек білдірушілер қатарында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасы төрайымының Бірінші орынбасары Ж.Қараев, жас ақындар А.Жаңбырбай, Б.Жайлау, ардагер, ақын А.Рамазанова, 4-курс студенті Н.Көбегенова болды. ҚМТИУ-дың ғылым және қарым-қатынас жөніндегі проректоры С.Закенов университет ұжымы атынан мерейжас иесіне туған жер табиғаты бейнеленген картинаны сыйға тартты.

Бұл кездесу университеттің мәжіліс залындағы дәріске жалғасты. Оны Ш.Есенов атындағы ҚМТИУ құрметті профессоры, ақын Е.Раушанов жүргізді. Ол көркем әдебиеттің қоғамдағы рөлі, сипаты туралы тағылымды әңгімені айта келе, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына ерекше назар аударды.

«Әдебиеттің адамзатты ізгілікке тәрбиелеуі қашан да біліммен ұштасады. Ал білімнің негізі, әрине, мектепте қаланады» деп бастады өз сөзін «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасы төреайымының Бірінші орынбасары, ғалым Ж.Қараев. Ол қоғам алдындағы мұғалім міндетіне, білім беру жүйесінің жаңару өзгерістеріне кеңінен тоқталды. Білім сапасының әлемдік деңгеймен теңесуі жаңа педагогикалық технологиялар әдіс-тәсілдерін, Білім таксономиясы бойынша қадамдық жүйені тиімді қолдану арқылы жүзеге асатыны жайлы нақты мысалдар келтіре жеткізді. Білім сапасының түрлері, үш өлшемдік әдістеме, бағалау критерийлері туралы жан-жақты, толық түсінік мәжіліске қатысушы — келешек педагог мамандығын таңдаған студенттер үшін де, университет оқытушылары үшін де пайдалы болғаны анық. Педагогика ғылымдарының докторы Ж.Караев нәтижеге бағытталған білім беруді ұйымдастыру жайы, білім мазмұнының жаңару бағдарламалары, көптілді білім берудің өзіндік ерекшеліктері, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіруді қазіргі заман талаптарына сай жүргізу сияқты мәселелерді де қамтыды. Университеттің ардагер ұстазы Нияз Тобыштың үштілді білім беру мәселесіне байланысты қойған сұрағына ол дәлелді, нақты жауап берді.

Бұл әңгімені «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ директоры И.Джумагалиева жалғастырды. Өлкеміздегі білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістерді нақтылай келе, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде институт қызметінің алар орны маңызды екеніне тоқталды. Білім мазмұнын жаңарту бағдарламалары бойынша курстардың жоспарлы, сапалы өткізілетіні және қазіргі таңда ағылшын тілін химия, биология, информатика пәндеріне кіріктіріп оқыту мақсатында «Үштілде оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және тілдік қатысымдық құзыреттіліктерін қалыптастыру» тақырыбында курс жүргізіліп жатқаны туралы атап өтті. Бұл курста бүгінгі күні облыс мектептерінің 36 мұғалімі дәріс алуда.

Университет профессоры Б.Нұрдаулетова өз ойын былай білдірді: «Елімізде білім беру жүйесі қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру ісінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ алатын орны айрықша. Ол балабақша-мектеп-колледж-жоғары оқу орны қызметкерлерінің білім сатысы оқуларын жүйелі әрі заман талабына сай ұйымдастыру, отандық іс — тәжірибені шетелдік әріптестердің ғылыми және зерттеу еңбектері мен педагогикалық технологиялар жаңалықтарын орынды әрі тиімді пайдалану арқылы жүзеге асырып келеді. Біздің университет оқытушылары да Алматы қаласында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, тың идеялар және заманауи әдіс-тәсілдермен қаруланды. «Өрлеуден» басталған осы іскери қарым-қатынас жергілікті филиал ұжымымен де жалғасуын қалаймыз. Университеттің жас мамандары мен болашақ педагог студенттер үшін осы байланыс білім сапасын арттыруда қолданылатын әдіс — тәсілдерді, бағалау түрлерін, кері байланыс пен рефлексия ерекшеліктерін танып — білуіне, оқу үрдісінде қолдану мүмкіндігіне зор ықпал етіп, өз нәтижесін берер еді». Ол біліктілік арттыру институты мен университет арасында байланыс болу қажеттілігі туралы ерекше атап өтті.

Өлкетанушы А.Еділхан білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер туралы тәлімді дәрістің жастар үшін өнегелік мәні зор екенін ескерте, бүгінгі кездесудің тағылымды әрі үндестігі жарасымды кездесу болғанына өз ризашылығын білдірді.

Кездесуден де, дәрістен те мол мағлұмат алып, рухтанып шыққан қатысушылар көтеріңкі көңілмен тарасты.

 

Ж.НЫҒМЕТ,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ

Жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық)

пәндерді оқытудың инновациялық

технологиялары мен әдістері

кафедрасыныңаға оқытушысы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.