«Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле!» деген даналықты ту еткен қазақ қыздар гимназиясында туған тіл, туған жер, туған тарих, туған салт-дәстүр, ұлттық тәрбие жүйесінің негізі, оның мазмұнының өзегі. Оған негіз -…Әр адамда өз анасынан басқа,
Желеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек қасиетті төрт ана.
Туған тілі – түп қазығы, айбыны,
Туған жері — сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт-санасы – тірегі,
Қадамыңа шуақ шашар үнемі,
Және туған тарихы,- деп жырлаған ақын М.Шаханов әрбір қазаққа ең қажетті қасиет осы құндылықтарды білу, меңгеру, құрметтеу, ұрпақтан-ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізу, деп ескертеді. Әрбір ұлттың рухани байлығы – Әйел-Ананың білімділігімен, әлеуметтік позициясымен, қоғамдағы рөлімен анықталады.
Ұлттық тәрбие мәселелерін шешіп, халқымыздың рухани келбетін сақтау үшін гимназия ұжымы қыз тәрбиесіне байланысты арнайы “Қыздар әліппесі” бағдарламасын, оның 1-11-сыныптарға арналған хрестоматиясын жасады. Идеясы: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!». Бұл – тәрбиелік мүмкіндік жағынан өте құнды түсінік. Қазақ жастарының арасындағы адамгершілік қасиеттердің жоғала бастауы, басқа ұлттарға еліктеуі, өз тарихына, әдет-ғұрпына деген немқұрайлықтың тууы етек ала бастады. Бағдарламаның қазіргі кезендегі қажеттілігі сөзсіз. Мақсаты – ұлттық рухани байлықты жалпы адамзаттық мәдениетпен ұштастыру арқылы қазақ қыздарын тәрбиелеу және оқыту. Білім мен тәрбиенің жұптасуы аясында оқушылар адам, қоғам, табиғат жайындағы ұғымдарды игеру арқылы өзін-өзі тәрбиелейді, өз тағдырын өзі шешу, өз ойын жүзеге асыру қабілеттерін дамытады, ата-бабаларымыздан сан ғасырлар бойы ұрпағына озық болған ақыл-кеңес, өсиеттерді, асыл мұрасы арқылы ұлттық рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін құрметтеу сезімін жетілдіреді. Бағдарлама мазмұны: “Бағыну Заңы”, “Тек тәрбиесі”, “Қара шаңырақ”, “Келін тәрбиесі”, “Неке тәрбиесі”, “Құрсақ тәрбиесі” бөлімдерімен дараланады. Бөлімдердің тақырыптары сыныптағы оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай берілген. «Мектеп бітіріп шыққан соң, бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен, ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімділердің көздейтін түпкі мақсаты – осы! Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек»,- деген Ж.Аймауытов. «Қыздар әліппесінің» ғаламтордағы нұсқасы (www.kyzdar-alippesy.kz) сайтындағы материалдар республикамызда үлкен сұранысқа ие және отбасылық тәрбиеге берер тәлімі мол.
ЖҰМАДІЛОВА Қарлығаш Болатқызы,
Екібастұз қаласы
№25 қазақ қыздар гимназиясы директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары