17 қазан күні Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Құмкешу жалпы білім беретін орта мектебінде «Жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы» атты «Жігер» жас ұстаздар бірлестігінің онкүндігінің аясында «Жаңартылған білім беру бағдарламасы» тақырыбында бір күндік семинар болып өтті. Онкүндіктің басты мақсаты – оқушылардың білімділік дағдыларын және әр пәнге деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Семинар бағдарламасында бірнеше тақырыптарда жұмыстар жоспарланып өткізілді. Семинар «Балапан» балабақшасының тәрбиешісі жас маман Жасталап Айжанның «Жас ұрпақ – ел тірегі» тақырыбындағы баяндамасымен басталып, мектебіміздің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Жүнісова Қуаныш Мирасбекқызы және математика пәнінің мұғалімі Қауатаева Самал Жомартқызы жаңа бағдарламаға сай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып өткізген ашық сабақтарының өткізілуімен жалғасты. Қазіргі жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендеттер мектептегі білім беру мазмұнының жылдам және қарқынды жаңаруын талап етеді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша көптеген әріптестеріміз кезекті курстардан өтіп, өз білімдерін жетілдіруде. Өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында баяндамамен өрбіді. Баяндама барысында мұғалімдерге қалыптастырушы бағалаудың түрлері әрбір әдіс-тәсілдер бойынша жүргізілетіндігі туралы толық мағлұматтар берілді. Яғни, қалыптастырушы бағалау, бұл – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізіледі, оқушы үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады және сабақ барысында мұғалім мен оқушы арасында тығыз байланыс орнатып, мұғалім, ата-ана, оқушы арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, білім беру үрдісін жетілдіруге мүмкіндік беретіндігі туралы және оқушы мен мұғалімнің арасындағы кері байланыс қана емес, ата-ана мен мұғалімнің арасындағы өзара ынтымақтастықты артырудың дәлелі. Қалыптастырушы бағалау туралы мектебіміздің оқу ісінің меңгерушісі Қылышбаева Арайлым Күмісбайқызы, «Жігер» жас мамандар бірлестігінің жетекшісі Сұлтанова Сәндігүл Ғалымқызы өз ойларын білдіріп, талдау жұмыстарын жүргізді. Семинарды қорытындылау мақсатында «Кола-патти» және кері байланыс ретінде «Ыстық ықылас парағы» таратылды. Семинарда мұғалімдер бір-бірімен өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
Зайкенова Бекзада Жұмаділқызы
Құмкешу жалпы білім беретін орта мектебі
математика пәнінің мұғалімі
Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Құмкешу ауылы