Бала кезімізде естіп білген Түркістан ұғымы адам жасы өсіп ұлғайған сайын бұл ұғымның тарихы терең, мәні үлкен болып кеңейе беретініне көз жетіп келеді. Алты алаштың ардақтысы ғана емес, түрік әлемінің қажырлы тұлғасы Мағжан ақын айтатын екі дүниенің есігі жайлы толғауының көрінісі біздің бүгінгі өмірімізде орын алып жатқандай көрінеді де тұрады. Иә, ақсарбас! Түріктің тәңір берген несібесі Түркістан күллі жаһандағы түріктің алтын бесігіне айналды!
Тарих көші әлдеқашан жүріп өткен, түйе табаны тапталған дала төсінен не уақыт, небір оқиғалар өтпеді десеңші. Әр жан баласының өзіндік тағдыры болатыны секілді ұлан-ғайыр дала мен мұнарасы асқақтаған мұнарлы қала тәңірдің сыйлаған бай ерекшелігімен өзгені таңқалдырып келгеніне сенем. Орыс ғалымдары «Жоңғар қақпасы» деп айт қойып айдар таққан Еренқабырға бойынан Жетісу мен Сырдария далалары арқылы Аралға дейін созылған кеңістік Тұран даласы аталса, осынау ландшафты аймақтың ай сәулелі алқасы секілденген Түркістан шаһары менмұндалайды.
«Басынан көп тамаша күндер кешкен» ұлы Түркістан – тарихы ғасырлар бойы бір үзілмеген, көне заманғы қалпын бұзбаған, жерінің асты қазынаға толы, үстінен ұшқан құс пен жүгірген аңның қайсыбірі сол күйінше сақталып қалған бірден-бір мұғжизалы өлке. Хорезмшах, шағатай, тимурид, шейбани әулеттерінің неше атасы келсе де, олар жасаған сан қилы саясаттардың сұрапыл дауылына да ұрынғанымен де аман қалған жалқы жәдігер ғой бұ Түркістан! Дауыл соқса лаулаған желдей Түркістан тарихын ақын қалай суреттейді десеңші: «Тұранның тарихы бар отты желдей, Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей». Ұлы Даланың көлі мен теңізін, шөбі мен өсімдігін, шөлі мен желін, аспаны мен тауларын түгел қалдырмай жылқы қорғасындай төгілген сұлу жыр тарихи тұлғалар галереясын сомдап шығады.
Қасиетті тау Қазығұрттың басына кеме тоқтаған кезеңнен, яғни адамзаттың жаңа заманынан бастаған ақын «Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял, Тұранның ерлеріне ер жеткенбе?!» деп тамсандырады. Түрік әлемінің бағына туған ер Шыңғысты асқақ жырлап, «оның атының өзі адамға жігер береді» деген ойды жеткізеді. Тұңғиық ой мен болат жігерге ие данышпан Шыңғыс хандай адамзатта ұл тумайды деген Мағжан ақынға контраст жыр туындайды. Ол «Мен – қазақпын!» дастанындағы Шыңғыс образы. Шектен тыс қатыгез, аяушылықты білмес жауыздық символындай әсер қалдыратын кейіпкердің сөзі де ызғарлы: Мен – Шыңғыс хан, атыңды өшіремін. Менмін сені тірідей жерлейтін де!..» Бір ұлттың екі ақыны түрік даласының ортақ тұлғасы жайлы екі түрлі көзқараста!
Мағжан: «От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір, Жарқ етіп өте шыққан найзағайдай» деп түрік ұландарын аспанға көтере мақтаса, Жұбан: «Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі, Біреуінен бірі кем елірді ме!?» деп жерге тығады. Ең қызығы алда, бұл екі тұлға тек қазақтікі деп меншіктей алмайтын кезеңнің ірілері болғандықтан, үш жүздің баласы бір алашқа ұйысқан баянды шақтың мықтыларын еске алайықшы. «Тұрансыз тарқамаған алаш шері» дегендей, алаш жерінің де, шерінің кіндігі Түркістанда хан Абылай мәңгілік дамылдап жатыр. Тұран мен Сарыарқаны бөлек деу – тарихқа қиянат, сондықтан арқа төсінен ауған қазақтың арман-мұраты біреу: ұлт бақытын іздеу, ел мәңгілігіне тиянақ қарау. «Тұранның топырағында тыныштық тапқан Алаштың арыстаны — Абылай ері» немесе «Тұранның топырағын құшып жатыр Кешегі ердің ері көкжал Кене» дегенде «Мен – қазақпындағы»
«Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені Қазақ өзі қашаннан аң демеді?! Қылықтары еріксіз түссе еске, Қан татыған аузыма дәм келеді» деуі контрастар арасынан өзіңді іздеумен бірдей. Мұндай жолдардан ақындардың шеберлік деңгейінен бөлек, заманалар тартысы мен суық саясаттың салқын сыздары жатқаны анық.
Тәуба, тәуелсіздік жырлары мүлде оқшау. Мәңгілік елдік жыры, аңсардан, сағыныштан туған жылы өлеңдер шоғыры біздің буынды оптимизмге бастайды. «Шер батса — кім іздемес туған елін, Тұлпар да көксемей ме туған жерін?» дегендей, бұған «Өзектi жанды бұл өмiр, өлiмiмен жасқайды, Өзгеше туған асыл ер, елiмдi алға бастайды. Өркениетке жетсек те,бабалар жаққан бояулар, Әлi күн бiзге, бауырым, құпия-сырын ашпайды» деп жырлаған ақын Қасымхан Бегмановтың шығармашылығы дәлел.
Автордың «Шерлі Түркістан» дастаны Түркістан халықтарының біртұтастығы мен келешегі үшін күрес идеясын қозғайды. Бұл еркіндікті жанынан артық көрген қазақ ұлтының мәңгілік тоқтамас майданы. Бас кейіпкер ретінде өзі артық зерттеген М. Шоқайды ала отырып, оның жеке тағдырын, махаббат хикаясымен бірге жымдастыра өріп, тұғыры да биік, тұлғасы да ірі Түркістан тағылымын іздейді. Дастаннан біздің рухани дүниметанымымыздан мүлде алшақтап кеткен, сол көне заманның мызғымас белгісіндей болып қалған түркілік кеңістікті жанталаса іздеу мұраты сезіледі. Төрт қақпалы Түркістанды жырлау – ақын шығармашылығының бұлжымас мұраты.
Заңғар КӘРІМХАН
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты