Петропавл қаласында ұйымдастырылған І аймақтық «Күй тартыс» байқауы өнерлі жастарды табыстырды. Елбасымыздың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша «Тарт күйіңді, домбыра! Төгіл, төгіл тәтті күй» тақырыбында І аймақтық күй тартыс Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарының дарынды балаларға мамандандырылған өнер мектептері мен коллеждерінің жастары өз өнерлерін сынға салды.
Атадан балаға мирас болып келе жатқан үлкен өнердің бірі – күй өнері. Дәстүрлі күй өнерін 2015 жылдан бастап қолға алып, биыл аймақтық деңгейге көтерілген. «Күй тартыс» байқауын өткізіп жүрген Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы «Серпер» өнер мектебінің мұғалімі Тұңғыш Бекенайұлы. Облыстан қолдау тауып, аймақтық деңгейде ұйымдастыруға мұрындық болған Облыстық білім басқармасы мен облыстық жастар шығармашылық орталығы екенін айтты. Расында да Солтүстік өңірде басқа ұлттардың басым тұруына байланысты көптеген құнды дүниелерімізді жоғалтып ала жаздадық. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» дәстүрлі өнерді насихаттау, жастарға рухани серпіліп беру қолға алынып жатыр. Мұндай байқаулар болашақта да жалғасын табады, дейді Тұңғыш Бекенайұлы.
Дарынды жастардың өнеріне әділ бағасын беретін қазылар алқасының құрамында Қазақстанның Еңбегі сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Ғалымов Дәурен Жанашұлы, Мәдениет қайраткері, «Өнер колледжі- музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты кешенінің» домбыра пәнінің мұғалімі Кудерова Тойкен Қабиқызы сияқты танымал мұғалімдер қызмет атқарды.
Қазылар алқасы өнерпаздардың кәсіптік орындау деңгейіне, әртістік қабілетіне, орындау техникасына, сахна мәдениетіне қарап әділ бағаларын берді. Байқау қорытындысы бойынша колледж студенттері арасынан бас жүлдені СҚО Ақжар ауданы «Серпер» өнер мектебінің оқушысы Ерғалиева Аружан жеңіп алды. І орын Темірхан Бекзат, ІІ орынды Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенті Нұрлыбекова Сәбине алса, ІІІ орынды Ақан сері атындағы Көкшетау қалалық өнер колледжінің студенті Нұрсұлтан Әзімұлы иеленеді. Ал, оқушылар арасында Уәлиханов ауданына қарасты өнер мектебінің оқушысы Мират Жұмағұл бас жүлдеге ие болды.
Көкбасқызы Жазира,
СҚО, Қызылжар қаласы,
«Білім айнасы»