Home » Білім және тарих » ТАРИХ ПӘНІ ЖАНЫМА ЖАҚЫН

ТАРИХ ПӘНІ ЖАНЫМА ЖАҚЫН

Жаныңда жүр жақсы адам

 

Үміт Досмағамбетова білім саласында 32 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан жоғары білімді, жоғары санатты білікті маман, облыстық «Үздік педагог-2014» аталымының иегері. Ол – мектепте жұмысына тиянақты, еңбекқор, талапшыл ұстаз болса, отбасында — адал жар, аяулы ана, ардақты әже. Үміт Тұрсынқызын ұжымы мен ата-аналары білімділігі мен кішіпейіл, салмақты мінезі, адамгершілік қасиеттері үшін риясыз құрмет тұтады. Зуылдап өте шыққан осынау елеулі мерзім аралығында ол жүздеген жасөспірімнің алғашқы білім негіздерімен сусындап, шығармашылық көкжиегін кеңейтуіне зор үлесін қосты. Шәкірттерінің мектеп қабырғасында жүріп, қол жеткізген әрбір жетістіктері мен жеңілістерін де бірге бөлісті.

Үміт Тұрсынқызы «Оқушылардың өздігімен ізденіп, шығармашылық қабілеттерін дамыту» тақырыбы бойынша ұдайы ізденіс үстінде жүріп, тарих пәнінің жанына жақын пән екенін айтады. Өткен жылы облыстық «Альманах» ғылыми-әдістемелік журналында «Ақпараттық білім беру – заман талабы» атты көлемді мақаласы жарияланды. 2013 жылы Қарағанды облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Қазақстан азаматтарын әлеуметтендіру факторы ретінде жоғарғы оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерде «Отан тарихын» оқытуға жаңаша әдіс-тәсілдерді енгізу тәжірибесі» аймақтық форумында өзінің көпжылдық іс-тәжірибесімен бөлісіп, Сертификатқа ие болды. Сол жиында «Алаштану» курсының бағдарламасы және тарих пәні бойынша «Жұмыс дәптері» атты жеке авторлық еңбектерін озық тәжірибе үлгісі ретінде республикалық білім мекемелерінде насихаттау ұсынылды.

Тағлымға толы ғасырлар өткелін таразыға салып, талай-талай құндылықтарымыз жайында тереңнен сыр шерткен тарих оқулығы ұстаздың ғана емес, шәкірттерінің де сүйікті пәніне айналды. Оны жыл сайынғы мектеп қоржынына түскен марапаттар мен жүлделер арасындағы жеке үлестері куә. Мысалы, 2015-2016 оқу жылында тарих пәнінен үш оқушы аудандық, облыстық ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі ІІ, ІІІ орындарға ие болды. Сол жылы Ұзақбай Даниял Павлодар қаласында өткен «Халықаралық Сәтбаев» оқуларында қорғаған ғылыми жұмысы Халықаралық «Сәтбаев оқулары» кітабына еңгізілді. Ал, аудандық ғылыми жобаға қатысқан 11-сынып оқушысы Закарина Карина жүлделі ІІІ орынмен қуантты. Үміт Тұрсынқызының шәкірттері аудандық пән олимпиадасында да әр кез биіктен көрінумен келеді. 9 сынып оқушысы Төкенов Мадияр ІІ орынға, 11 сынып оқушысы Мұқараш Батырхан ІІІ орынға ие болды.

№2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінің дарынды шәкірттері, 10-11 сынып оқушылары: Ауталипова Зарина, Закарина Карина, Аленова Камила, Амантаева Аяулым, Таласов Ернар, Ұзақбай Даниал Халықаралық ғылыми жоба сайысына қатысып, Ауталипова Зарина мен Закарина Карина ІІ, Аленова Камила, Амантаева Аяулым, Ұзақбай Даниал ІІІ орынды иеленді. Ал, өткен жылы аудандық тарих пәні олимпиадасында 10 сынып оқушысы Төкенов Мадияр мен 9 сынып оқушысы Бектасова Диляра ІІ орынмен жүлдегер атанды.

Үміт Тұрсынқызы шәкірттерімен бірге мектепте ғана емес, аудандық іс-шараларға да белсене атсалысады. Сол себепті ұстаз бен шәкірттерінің есімдерін аудандық «Ертіс нұры» басылымында жарияланған жаңалықтардан жиі кездестіруге болады. Үміт Досмағамбетова 2016 жылы облыстық «Шығармашыл ұстаз» байқауының аудандық кезеңінде І, облыстық кезеңінде ІІІ орындарды еншілеп, Дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Өткен жылы аудандық «Қазақ тілі» қоғамының шақыруымен, Ертіс аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған жиында және орталық аудандық кітапханада өткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шараларда «25 жұлдызды жыл», ал одан кейінгі мәресіне жеткен «Дөңгелек үстел» пікірталас алаңында «Діни ағымдардың қоғамға әсері» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, ол белсенді ұстаз әрі білікті тарихшы маман ретінде аудандық ішкі саясат бөлімінің «Құрмет грамотасы» және естелік сыйлықтармен марапаттады.

Биылғы оқу жылында аудандық пән олимпиадасында Кәрімжанова Маржан мектебі мен мұғалімінің сенімін ақтап, ІІ орынды иеленді. Ал, өткен аптада Үміт Тұрсынқызының оқушылары Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыстық «Ертіс ауданының ескерткіштері бойынша ең үздік бейне фильмдер» байқауы және осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асқан аудандық «Тарихи ескерткіштерден ең үздік фотоальбомдар» байқауына қатысушылар қатарында болды.

Мектеп – қайнаған қызу еңбектің ортасы. Мұнда оқушылардың ғана емес, ұстаздардың да шығармашылық ізденістері жылдан-жылға артпаса, толастар емес. Олар саналы ғұмырын қажырлы еңбекке арнаған құрметке лайық жандар. Солардың бірі – Үміт Тұрсынқызы Досмағанбетова. «Еңбек – мұратқа жеткізеді» дейді халық даналығы. Олай болса, қадірлі ұстаздың алдағы арман-мұраттарына сәттілік тілейік.

 Айгүл МОЛДАШ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.