Оқытудағы «Саралау тәсілі» ұғымының негізін салушыларды К.Роджерс, А.Маслоу т.б гуманистік психология өкілдері деп есептелінеді.
Гуманистік тәрбие үшін басты құндылық – барша жақсы жаман тараптарымен, артықшылығы және олқылықтарымен, тұлғалық ерекшеліктерімен танылған оқушының өзі. Гуманист педагог өзінің тәрбиелік істерін баланың жеке қызығуларын ескере отырып, атқарады [1, 82-83бб.].
Әлемдік педагогика оқуды саралау туралы ХХ ғасырдың 20-шы жылдары ойлана бастаған. Бұл кезеңде кеңестік және шетелдік педагогикада оқуды жеке даралау және саралау саласында белсенді жұмыстар жүргізген. Өткен ғасырдың басында оқыту үдерісіндегі даралау әдістерін іздеу АҚШ-да кең етек алған.
Кеңес, Батыс Еуропа және Америкада білім беру саласындағы жеке даралау және саралау бағытындағы зерттеулер бір уақытта басталғанымен, қазіргі таңда батыстық педагогиканың бұл бағытта үлкен практикалық және теориялық тәжірибесі басым.
Саралап оқыту — бұл білім алуға бағытталған әрекет. Ол өз бетінше, әр мұғалімнің жетекшілігімен жүргізіледі. Біз қарастырып отырған саралап оқытудың теориялық негізін Л.Выготский, А.Леонтьев, Б.Ананьев, С.Рубинштейн т.б ғалымдар жасаған. Ал, бастауыш мектеп кезеңіндегі саралауға байланысты мұғалім әрекеттерін В.Давыдов, Л.Занков, Ш.Амонашвили т.б зерттеулерінде қарастырылған.
Қазақ зиялы қауым өкілдерінің педагогика саласындағы еңбектерінен және әр түрлі ой-пікірлерінен баланың ерекшеліктері, оның қажеттіліктері турасындағы тұжырымдарын көруге болады. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтің «Педагогика» атты еңбегінде: «Баланың әсерленуі, суреттеу, ойлау һәм сезінуі ержеткен адамнан әжептәуір басқа. Баланың бұл жан көріністерінің әрқайсысының жеке-жеке алғанда басқалығы болған сықылды, бұлардың бәрін тұтас алғанда да басқалық бар» — делінген. Демек, өткен ғасырдың басындағы қазақ мектептерінің мұғалімдеріне баланың ерекшелігі туралы бағыт бергені деп түсінуге болады. Сондай-ақ, осы еңбекте Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың: «Сөзді әрбір адамның ақылына қарай сөйле», — депті. Сол айтқандай, балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек» [2] — деп тұжырымдайды. Дәл осы орайда Ахмет Байтұрсыновта: «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның біліміне шеберлігінің керек орны, өздігінен алатын тәжірибелі білімнің ұзақ жолын қысқарту үшін, сол жолдан балалар қиналмай өту үшін, балаға жұмысты әліне шағындап беруі мен бетін белгілеген мақсатқа түзеп отыру керек» [3, 336б.], — деп пікір білдірген. «Оқуды саралау» деген ұғымның өзі қазақ даласында болмағанымен, қазақ ғалымдарының еңбектерінен теориялық және тәжірибелік негіздерінің болғанын, сол кезеңнің өзінде әлемдік педагогикадағы жаңалықтарды зерделей отыра, қазақы қырынан ұсынуға тырысқанын көруге болады.
Қазіргі таңда білім берудің жаңартылған мазмұн жағдайында мұғалімдердің тәжірибесінде көптеген өзгерістер орын алуда. Бұл өзгерістер мұғалім тәжірибесін дамытуға бағытталған. Осылайша жоспарлау және оқытуда саралаудың маңыздылығы артуда. Саралап оқыту (дифференциация) латын тіліндегі «difference» сөзінен бастау алған және біртұтас затты түрлі бөліктерге, нұсқаларға, сатыларға бөліп жіктеуді, саралауды білдіреді, ал француз тілінде «differentiation» айырмашылық, ерекшелік дегенді білдіреді.
Саралап оқыту дегеніміз:
- мұғалім оқу үдерісінде маңызды болып табылатын белгілі бір ортақ ерекшеліктеріне қарай топтастырылған оқушылар тобымен (гомогенді топ) жұмыс жүргізетін оқу үдерісін ұйымдастыру түрі;
- оқу үдерісін оқушылардың әртүрлі топтары үшін бейімдеуге мүмкіндік беретіндей етіп құрылған жалпы дидактикалық жүйенің құрамдас бөлігі.
- оқушылардың оқу талаптарына сәйкес оқыту үдерісін реттеу;
- оқушылардың тиімді оқуына мүмкіндік беретін кішкентайдан үлкенге дейін өзгерістер енгізу;
- оқу бағдарламасын әр түрлі жолмен жүргізу. Дағды, білім, түсінік және сан алуан тапсырмаларды берудің әр түрлі жолымен келетінін көрсету;
- оқушылардың ерекшеліктерін ескеру және оған сәйкес жоспарлау;
- оқушылардың білімдерін кеңейту үшін жеке тұлғалардың не оқушы топтарының әр түрлі қабілеттіліктеріне сай жұмыс беру.
Кэрол Анн Томлинсонның зерттеуі бойынша мұғалімдер саралап оқытуды төрт жолмен жүргізе алады [4].
Мазмұн бойынша: Мұғалім оқу мазмұнын Блум таксономиясы (төменгі ойлау деңгейінен жоғары ойлау деңгейіне дейін зияткерлік деңгейлер жіктемесі) бойынша әртүрлі деңгейді қамтитын оқушылар тобына әртүрлі оқу әдістерін ұйымдастыруы керек.
Үдеріс бойынша: Оқушыларды ақпаратты қабылдау қабілеттеріне қарай визуалдарды оқулықпен қамтамасыз ету, аудиалдарға аудио жазбаларды тыңдату, кинестетиктерге тапсырмаларды өздеріне жасап көруге мүмкіндік беру.
Нәтиже бойынша. Нәтиже дегеніміз сабақтың соңында мазмұн бойынша оқушының алған білімін демонстрациялау әрекеті. Мұғалім білімді игерту мақсатында тапсырма береді, барлық оқушылар бір тапсырманы орындаса да олардың нәтижелері әртүрлі болады. Бірақ жалғыз «дұрыс» жауаптың бағытында жұмыс жасаудан гөрі оқушылар өздерінің мықты және әлсіз тұстарына қарай жауап береді және жетпей тұрған білімдерін жетілдіру туралы ойланғандары маңызды. Сабақта мұғалім барлық оқушыларға бағытталған нұсқау бере отырып, олардың әрқайысының өздерінен не күтетіндігін түсінгендеріне көз жеткізулеріне әрекет жасайды.
Оқу ортасы бойынша: мұғалімдер сыныпта қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ететіндей оқу үдерісін ұйымдастыруы қажет.
Сыныптағы саралау жұмысының жалпы ортақ қабылданған келесі тәсілдерін қарастыруға болады:
Сыныптағы саралау жұмысының жалпы ортақ қабылданған келесі тәсілдерін қарастыруға болады:
- Тапсырма;
- Дереккөз;
- Қарқын;
- Қорытынды;
- Жіктеу;
- Диалог және қолдау көрсету;
- Бағалау.
Сабақтың басты міндеті оқу мақсаттарын жүзеге асыру болып табылады және сабақ жоспары осы оқу мақсатының төңірегінде құрылады. Сараланған сабақ мақсаттары да, одан туындайтын бағалау критерийлері мен тапсырмалары да оқу мақсатын жүзеге асыру үшін құрастырылады. Сабақ мақсаттары (барлық оқушылар, оқушылардың басым бөлігі және кейбір оқушылар) оқушылардың танымдық деңгейлеріне қарай қойылады. Демек, Блум таксономиясының санаттары арқылы жүзеге асырылады.
Мысал: 7 сынып, Дүниежүзі тарихы
Тақырыбы: АҚШ-тағы құлдық қалай жойылды?
Оқу мақсаты: 7.1.2.2 – трансатлантикалық құлдықтың ерекшеліктерін анықтау.
Сабақ мақсаттары:
Барлық оқушылар:
- АҚШ-тағы трансатлантикалық құлдықтың ерекшеліктерін
анықтайды;
Оқушылардың басым бөлігі:
- АҚШ-тағы трансатлантикалық құлдықтың ерекшеліктерін сипаттайды;
Кейбір оқушылар:
- АҚШ-тағы трансатлантикалық құлдықтың ерекшеліктерін түсіндіреді.
Бұл тарих сабақтарын жоспарлауда оқу мақсаттарын оқушы қажеттіліктеріне қарай саралап жүзеге асыру болып табылады. Енді сабақты жоспарлау барысындағы сараланған тапсырмалар үлгісіне назар аударайық.
№1. Сыныптың төрт бұрышына тақырыпқа байланысты ұғымдар ілінеді. Оқушылардан ұғымдардың ішінен таңдап өздеріне танысы немесе сол туралы білгісі келетінінің тұсына барып тұруы және жинақталған топпен талқылап, негіздеулері сұралады.
№ 2. Суреттерге қарай отырып алғашқы адамдардың наным-сенімдерін сипаттап әңгіме құрастырыңыздар.
- Қолдауды орташа қажет ететін оқушылар үшін әңгіме құрастыруға арналған сұрақттар:
- Бұрын қандай наным-сенімдер болды деп ойлайсыздар?
- Қазір қандай наным-сенімдер бар?
- Үйден қандай наным-сенім байқайсыз?
- Қолдауды көбірек қажет ететін оқушылар үшін әңгіме құрастыруға арналған тіркестер:
«Адасқан сөздер»
- Байлаймыз, қызыл, көлік, тимес, жіпті, үшін, көз.
- Май, үшін, қорғау, пәле-жаладан, тамызамыз, отқа.
- Құямыз, шошынғанда, басқа, қорғасын.
Сонымен қатар тарих сабақтарын жоспарлауда оқушыларға тапсырмаларды жеңілден күрделіге қарай күрделендіріп беруге дағдыланған дұрыс. Бұл арқылы сіз қарқыны жылдам оқушыларды қосымша тапсырмалармен қамтамасыз ете аласыз.
Жоспарлау мен оқыту үдерісінде саралаудың тәсілдерін қолдану балаларға оқу тапсырмаларын өз деңгейі бойынша, қолдау немесе көмек көрсету арқылы орындауына мүмкіндік береді. Бұл оқушылардың оқуға деген сенімділігі мен ынтасын арттырады.
Ізғали Жоламан Ізғалиұлы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша ПҚБАИ аға оқытушысы, тарих магистрі
Пайдаланылған әдебиеттер:
- С.Б.Бабаев. Бастауыш мектеп педагогикасы. Оқу құралы. Алматы. 2007. 413 бет.
- М.Жұмабаев. Педагогика. 1922 жыл, 15 сентябрь, Қызылжар. https://qamba.info/site/book/online/maghzhan-zhumabaev pedaggika/content/content_1.xhtml/
- А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы. Алматы. Ана тілі. 1992. 442б.
- Н.Б.Жакыпова. Физика пәнін оқытуда саралау тәсілін тиімді қолдану. https://www.youtube.com/watch?v=_bqj6jxXRsQ