Home » Жаңалықтар » Тарихы терең білім ордасы

Тарихы терең білім ордасы

Шамамен 1943-1944 жылдары бастауыш мектеп болып ашылып, 1955-1956 оқу жылында жетіжылдық мектепке айналған, бүгінгі күні Молдаш Қаналиев атындағы Алғабас орта мектеп-балабақша кешенінің тарихы тереңде және мол. Мектептің 60 жылдан астам тарихында бірнеше мың ауыл баласы білім алып, еліміздің игілігінде қызмет атқарып келеді. Бір кездері бастауыш, жеті жылдық болып ашылған мектеп өзінің өсу-өркендеу жолында көптеген қиындықтар мен табысты кезеңдерді бастан кеше отырып,бүгінгі күні тәуелсіз елдің білімді ұрпағын оқытып-тәрбиелейтін іргелі білім ордасына айналды.
Өз тарихында ұзақ  жылғы білім мен тәрбие беру жолында есімдері көпке танымал азаматтарды, қоғам қайраткерлерін, ғылым мен өнер жұлдыздарын түлетті. Сол жылдарда өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай жүріп еңбек етіп, шәкірт жүрегіне ізгілікті жол таба білген ұстаздар мен интернат тәрбиешілерінің еңбегі орасан зор. Сонау жылдары мектептің ашылуына, шалғай бөлімшелердегі малшы-шопандар, механизаторлар мен еңбекшілердің балалары үшін арналып ашылған 50 орындық бюджеттік интернаттың салынуына қамқорлық жасаған, бүгінде есімі берілген Молдаш Қаналиевтің өмірі мен қызметі кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге.
1956 жылы тың игерушілердің келуімен халық саны көбейіп, орта мектепте кластар ашылып, 1957 алғашқы түлектері бітіріп шықты. 1963 жылы сол заман талабына сай жаңа типтегі мектеп ғимараты салынып, бу қазандығы орнатылды. 1974 жылы колхоздың өз күшімен 480 орындық типтік жобадағы 2 қабатты жаңа мектеп салынып пайдалануға берілді. 1995 жылы 11 тамызда мектепке Молдаш Қаналиевтің есімі берілді. 2009 жылы Жалпы білім беретін М.Қаналиев атындағы Алғабас орта мектеп-балабақша кешені атанды.
Педагогикалық ұжымның оқыту мен тәрбиелеу саласындағы басты жұмысының бірі – осы атқарылған жұмыстарды жас ұрпаққа ұғындыру. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Адами капитал –жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деді. Қазақстанның өркениеті білімі мен ғылымына байланысты десек, еліміз үшін білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу маңызды орын алады. Білім мен ғылымның іргетасын қалайтын білім беру буындарының негізгісі орта мектеп. Орта мектепте барлық ғылым негіздерінің алғашқы әліппелерімен қарапайым қағидалары қаланады. Ал мектеп мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мектебімізде жалпы 39 педагог-тәрбиеші қызмет атқаратын болса, соның 3-еуі жоғары санатты,13 – І санатты, 14 – ІІ санатты және 9 санатсыз жас мамандар. Мектебіміздің әр жылдардағы түлектері «Алтын белгі», «Үздік аттестатпен»бітіріп келеді. Мектеп 2015 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен «Ауылдың цифрлық бейнесі» облыстық байқауында «Үздік педагогикалық ұжым ордасы» номинациясын, 2016 жылы Сырым аудандық білім беру бөлімінің «Үздік инклюзивті білім беруді ұйымдастырушы» номинациясымен, 2016 жылы мектеп оқушылар құрамасы мектеп оқушылары арасындағы «Жайдарман» ойындарының республикалық жүлдегері атанды.
Бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы елдердің жалпы білім берудегі тәжірибесі негізінде орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар екенін Елбасы өз Жолдауында айтып өтті. Осы орайда мектебіміздің жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері шет тілінде өз біліктіліктерін арттыруда, 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңартылған мазмұнда білім алуда.
«Білікті педагог – білім мен тәрбие кепілі» дегендей, шәкірттерге терең білім беруде оқыту барысында жаңа технологиялық әдістерді пайдалану шәкірттерінің ойлана білу қабілетін дамытып, олардың білім сапасын жақсартады, ой-өрісін кеңейтеді, есте сақтау қабілетін дамытып, қалыптастырады. Осы уақытқа дейін мектепте, басшылық курстан – 1, жаңа форматтағы базалық деңгейлерден – 7 мұғалім және 3 мектеп тренерлері курстан өтіп жұмыстануда.
Біздің мектептің ұстаздары педагогтар арасында кең қолданыс тапқан, әдістемелік жағынан зерттелген озық технологияларды өз сабақтарында қолданып келеді. Олар: сын тұрғысынан ойлау технологиясы, сатылай кешенді талдау, ақпараттық-коммуникациялық құзіреттілік т.б.
Ұстаз қазіргі таңда белгілі бір технологияларды өз мүмкіндігіне қарай таңдай білуі керек. Бір технологияны бернеше мұғалім өз сабақтарында педагогикалық шеберліктері арқылы арқылы іске асыра алады. Біз жаңа заманға сай болу үшін жаңарып, өмір бойы білім ала отырып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуіміз керек.

Сәлмен Аманұлы Ибрагимов,
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы,
М.Қаналиев атындағы Алғабас орта
мектеп-балабақша кешенінің директоры

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.