Home » Мақалалар » ТАРИХЫН ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН МҰРАЖАЙ

ТАРИХЫН ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН МҰРАЖАЙ

 Мұражай — ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту жұмыстарының нәтижесі. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың» дегендей, өткінімізді келешекке шежіре етіп қалдыратын да мұражай мұрағаттары. Демек, мұражай дегеніміз өткен мен болашақты жалғастырушы түйін.

    Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары  колледжі — облыстағы тарихы терең арнаулы орта оқу орындарының бірі. Мұнда экономикадағы әртүрлі салалар бойынша кадрлар дайындайды, оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын енгізеді. Білім беру тарихы және білім беру мекемесінің қалыптасуының негізгі кезеңдері туралы колледж мұражайының экспозициясынан көруге болады.

Колледж мұражайы 2000 жылы алғаш рет өзінің есігін ашқан. Бұрын ол екінші қабатта орналасқан және екі көрме залдарынан тұрса, 2015 жылдан бастап мұражай қайта жабдықтаудан өткен. Ол бас ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Кішкентай, бірақ жарқын және жайлы бөлмеде бірегей фотосуреттер, альбомдар, хаттар, тапсырыстар, дипломдар, сертификаттар және көптеген басқа да құнды құжаттар сақталған, олар колледж тарихының беттерінен сыр шертеді.

Мұражайдағы ең ірі коллаж  «Шежірелі білім ордасы» — білім ордасының  генеалогиялық ағашы тәрізді. Мұнда шежірелі оқу орнындағы тарихи даталарды, ескі колледждің атауларын, директорлары мен академиялық ғимараттардың фотосуреттерін көруге болады.

2003 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қызылорда аграрлық техникалық колледжіне Исатай Әбдікәрімов есімі берілді. Осыған орай мұражайда танымал мемлекеттік және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерінің өмірінің негізгі кезеңдеріне арналған «Өнегелі өмір жолы» тақырыбында бұрыш дайындалған.Колледж түлегі И.Әбдікәрімовтің өз қолымен жазылған ескі парақтардағы өмірбаяны және «Көп екен көргеніңнен көрмегенің» атты еңбегі мұражайдың көркін аша түскендей.

Сондай-ақ мұражайда Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің негізін қалаған үш техникумның көшбасшылары мен тарихы және алғашқы оқытушылар құрамы мен түлектердің фотосуреттері мен жеке құжаттарынан жинақталған экспозициялар бар.

«Түлектеріміз ел мақтанышы» атты экспозицияда тамырын тереңге жайған оқу орнынан білім алып, оқып-тәрбиеленіп түлеп ұшқан, қазірде ел мақтанышына айналған, облысымызға белгілі, еңбегі сіңірген түлектер туралы мәліметтер қойылған. Атап айтар болсақ, М.Шәменов, А.Бисенов, М.Жайымбетов, Р.Тайманов және т.б.

ҚР Үкіметінің 1997жылғы 8 мамырдағы №814 бұйрығы бойынша Қызылорда ауылшаруашылық колледжі, Қызылорда политехникалық колледжі, Қызылорда көлік колледжі бірігіп Қызылорда аграрлық техникалық колледжі болып аталуына арналған мұражайдағы келесі бір экспозицияда Үкімет бұйрықтарының көшірмелері, алғашқы колледж ұжымының фото-суреттері  берілген.

Колледждің дамуына, заман талабына сай қарқынды өсуіне өзіндік үлес қосқан басшылары: Н.Б.Құдайбергенов,М.Ж.Өтемұратов және қазіргі колледж директоры С.Т.Тәуіпбаев және сондай-ақ, білікті де білімді маман дайындауда аянбай қызмет еткен ардагер-ұстаздар туралы арнайы «Ғалым-ұстаз-білікті басшы» және «Тәлімі асыл, арналы бұлақ» тақырыбындағы экспозиция да бар.

«Колледждің басқару құрылымы» атты экспозицияда колледждегі қазіргі таңдағы басшылық құрамы мен пәндік әдістемелік комиссиялар,колледж оқытушыларының сандық-сапалық көрсеткіштері туралы мәліметтер қойылған.

Озат тәжірибелі ұстаздар еңбегін насихаттау, дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Ұстаз болу-мәртебелі дәреже» экспозициясы мұражай мұрағатын толықтыра түскен.

Тынымсыз еңбек, қарқынды өсу, үздіксіз даму нәтижесінде колледждің жеткен жетістіктері туралы «Жаңа белестерде» экспозициясынан көруге болады.

Мұражайдағы ең үлкен экспозициялық алаң — колледждің білім беру кешенінің орналасуын көрсететін макет. Көптеген жарық шамдар, жасыл кеңістіктер, жарқын және түрлі-түсті миниатюралармен дайындалған заманауи үлгідегі макетте бәрі ең кішкентай детальдарға — есіктерге, терезелерге, орындықтарға дәлме-дәл келтірілген .

Бірқатар мұражай экспонаттары, фотоматериалдар және дипломдар, спорттық марапаттар Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің  сапалы зерттеулері және шығармашылық оқытушылар мен студенттер жетістігінен сыр шертеді.

Мұражай жиі студенттерге арналған кездесулер, тақырыптық лекциялар мен семинарлар өткізіп отырады. Әр аптаның сәрсенбі күні кестеге сәйкес колледждің 1 курс студенттері мұражаймен танысуға келеді. Колледжге келген көптеген қонақтарға, басқа да ізденушілерге әрдайым мағлұматттар беріліп отырады.

Мұражай біздің рухани компонентіміз, сондықтан да біз өз жастарымызды колледж тарихының мұражайымен таныстырып отыруды өз міндетіміз деп білеміз.

 

Олжабаева Анар Нұрланқызы

Исатай Әбдікәрімов атындағы

 Қызылорда агралық техникалық жоғары колледжі мұражайының меңгерушісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.