Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.
Меморандум зияткерлік мектептің тарих және әлеуметтік ғылымдар саласында зерттеумен айналысатын шығармашыл жастардың әлеуетін қолдауға, археологиялық-қазба жұмыстарына қызығушылығы бар оқушыларды ынтыландыруды көздейді. Өйткені Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы табысты жүзеге асып келеді.
Зияткерлік мектеппен серіктестік орнатуға келген музей өкілдері оқушыларға жылжымалы көрме ұсынды. «Мұнда ежелгі қалашықтан табылған қыш-ыдыстар, көне тиындар мен бірқатар тұрмыстық бұйымдарды көруге болады. Ал ең қызығы осыдан 13-14 ғасырда бой көтерген қалада кәріз суына арналған құбырдың жұмыс істегенін анықтадық»,- дейді мемлекеттік музей-қорығының әдіскері Жүніс БАЙҒАЛИЕВ.
Осы уақытқа дейін Сарайшықта жеті ханның жерленгені туралы деректер толықтыруларды қажет етеді. Өйткені соңғы зерттеулерге қарағанда Хан-Ордалы Сарайшықта тоғыз ханның зираты орналасқан болуы мүмкін деген болжамдар жасалуда. Демек, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне шаһардың тарихтағы құпиясы көп. Міне, осының барлығын зерттейтін, Тәуелсіз елдің тарихын толықтыратын жас ғалымдар сіздерсіздер», — деді өз сөзінде «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтар Қапизұлы.
Джаманкулов Ануар Джаманкулович