Биылғы жылы қазанның 5-і күні Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі мен Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен мұғалімдер мерекесіне орай жуырда ғана ашылған №3 мектеп-лицейінде салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға аталған білім бөліміне қарасты 61 мектеп пен 45 балабақшаның, мектептен тыс мекемелердің қызметкерлері мен ардагер-ұстаздар қатысты. Жамбылдық білім саласы қызметкерлері бейнеэкран арқылы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевтің қазақ және орыс тіліндегі құттықтау сөзін тыңдады. Әуезді кештегі мереке жүргізушілері «Мектеп толқыны — 2018» жастар радиостанциясының жұмыс істейтіндігін хабарлап, мұғалімдер мен ардагер ұстаздарды құттықтады. Радиостанция сахнаның оң жағында безендірілген еді, DJ-лер кеште қонақтарды көңіл-күй көтеретін музыкамен қарсы алып, балалармен сұхбаттасу күтіп тұрғандығын айтты.
«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға», — деп қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай, шәкірттеріне ілім-білім үйретуден еш жалықпаған ұстаздар аталмыш салтанатты жиында марапатталып, үлкен құрметке ие болды.
Іс-шарада Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Райылұлы білім саласы қызметкерлерін құттықтап, өз қолымен ұлағатты ұстаздарды марапаттады.
«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деп дана халқымыз айтқандай, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы заңды келесі жылы үкіметке тапсыруына орай, талай жылдан бері біліктілігі мен шәкірттерінің жетістіктері арқылы мақтана алатын тараздық өнегелі педагогтар сахнаның төрінен көрінді. Яғни Тараз қаласы әкімінің 4 «Құрмет грамотасы» және 2 «Алғыс хаты», «Нұр Отан» партиясы Тараз қаласы филиалының 3 «Құрмет грамотасымен» белсенді ұстаздар марапатталса, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін 2, Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын» 7 ұлағатты ұстаз иеленді. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын» иеленуге ата-анала мен мектеп директорлары және білім бөлімінің өтініші бойынша республикалық «Білім айнасы» газеті мұрындық болғандығын да айта кету керек.
Жиында Білім және ғылым министрлігінің 3 Алғыс хатымен, Жамбыл облыстық Білім басқармасының 4 «Құрмет грамотасымен» мектеп директорлары мен мұғалімдер марапатталса, 3 ұстаз Тараз қалалық Мәслихаттың «Құрмет грамотасын» үлкен қошеметпен қабыл алды.
Жалпы, Тараз қаласының әкімі мен білім бөлімі қызметкерлері тәжірибелі әрі білікті ұстаздарды марапаттап қана қоймай, «10 000» және «100 000» теңгелік сыйақы сертификатын табыстаған еді.
«Студияға қоңырау шалу» айдарында 1 сынып оқушысы ұстаздарды телефон арқылы құттықтаса, «музыкалық ашық хат» айдарында «Ұстазым» атты вокалдық қойылым көрсетілді. Мерекелік іс-шара «Ұстазым» вокалды-хореографиялық қойылыммен тәмамдалды.
Жансая Құрманғалиқызы,
«Білім айнасы» ,
Тараз қаласынан