«Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Тараз-Ғасыр» колледжінде инклюзивті білім беру бағытының маңызы мен мәні туралы ата-аналарға түсіндіру мақсатында кездесу өткізді. Шара барысында партияның аймақтық пул спикерлері мен партиялық кадрлық резервтің мүшелері алдымен жыл басындағы Елбасы Жолдауынан туындайтын негізгі мақсаттар мен міндеттерге тоқталып, кеңінен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған аймақтық қоғамдық бақылау тобы Тараз қаласындағы бірнеше оқу орындарын инклюзивті білім беру жұмысын зерделеп, қазіргі таңдағы жай-күйімен танысты. Қоғамдық бақылау тобының балабақша, мектеп, арнайы мектеп, жоғары оқу орындарында жалпы орын алған кемшіліктерді айта келе, инклюзивті білім берудің негізгі мәнін ата-аналарға жеткізді. Сондай-ақ, шарада білім беру мекемелерінде ғимараттың сыртында автотұрақтардың сәйкессіздігі, көзі нашар көретін жандар үшін автотұрақпен ғимаратқа дейінгі тактилді жолының жоқтығы, табалдырықтардың биіктігі және нысан ішіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақпараттық сілтемелердің жоқтығы айтылды. — Инклюзивті білім беру дегеніміз – балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу, – деді «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» бағыты бойынша комиссиясының төрағасы Бақытжан Сейіткәрімов. Ата-аналар инклюзивті оқытуды ашқан мектептерде оқыған балалар адам құқығы туралы білім алуға мүмкіншілік алады, өйткені олар бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, танып білуге, қабылдауға үйренетінін атап өтті. — Мүмкіндігі шектеулі балалардың үйде қалмай, олардың қоғаммен байланысы өте маңызды. Себебі, олар үйде оқшау қалғандықтан, олар көбінесе өзін басқалармен тең санамайды. Бір жағынан бұл ол балалардың психикасына әсер етеді, — деді мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-ана Демеш Назарова.
Home » Жаңалықтар » Таразда партиялықтар білім ордаларында инклюзивті білім берудің жағдайын бақылады