Ұлт болашағы — бүгінгі өсіп келе жатқан осынау жасбүлдіршіндеріміздің қолында. Бақыт қуаныштан құралады. Ал, баланың бақыты бәрінен де қымбат. Баланың тәрбиесі – баршаның ісі болмақ.
«Тәрбие басы- тал бесік» дейді дана халқымыз. Тал бесіктен бастау алған тәрбиенің жемісі мол болады. Отбасы берген тәрбиеден кейін баланы биікке жетелейтін ол — өзінің ортасы. Саналы, білімді ұрпақты қалыптастыруға қызмет ететін отбасының да, балабақшаның да, мектептің де көздеген ортақ мақсаты – заманына лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Отбасынан кейінгі тәрбиеде мектеп дейінгі ұйымдардың еңбегі ұшан теңіз. Өз ісін терең меңгеріп, баланың жанын қас- қабағынан түсінетін, адамгершілігі мол, ізгі жандардың бірі — Қарақия ауданы Құрық ауылындағы «Болашақ» балабақшасының тәрбиешісі Утенова Алия Оңболсынқызы. Оның бұл қызметте жүргеніне 10 жылдан астам уақыт өтті. «Болашақ» балабақшасында тәжірибелі педагогтар, мектепке дейінгі білім беру саласының үздік те танымыл қызметкерлері арасында Алияның алатын орны ерекше.
Алия Оңболсынқызы – өз іс-тәжірибесінде балалардың ой – өрісін дамыта отырып, логикалық қабілетін жетілдіру мақсатында әр түрлі тақырыптарда ойындар мен іс- шараларды жиі ұйымдастырады. Білім беруде жаңа технологиялық әдіс – тәсілдерді кеңінен пайдаланады. Әр түрлі қызықты ойын түрлері арқылы оқу тәрбие жұмысын заман талабына сай жүргізіп келеді. Солардың бірі – М.Монтессори әдісі. Алия Монтессори терапиясының сенсорика дамыту аймағы бойынша зерттеп, балаларды материалдардың көмегімен қоршаған дүниені танып білуіне ықпал жасайды. Сенсорикалық материалдармен жұмыс істеу баланың логикалық және нақты ойлауына пайдасы мол.Бір сөзбен айтқанда балаларды тиянақтылыққа, тазалыққа, үлкен және ұсақ моторикасын дамытуда еңбектеніп келеді.
«Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, баланың дарын – қабілетін дер кезінде байқап, оларға дұрыс бағыт – бағдар бергенде ғана тәрбиеші еңбегі нәтижелі болмақ. Алияның іс – тәжірибесінде 2009- жылы Аудандық «Үздік тәрбиеші» байқауында Бас жүлдені иеленіп, облыстық деңгейде 2-орынды алды. 2013-жылы аудандағы мердігер компаниялардың бірі «Ерсай» ЖШС мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылған «Үздік тәрбиеші- 2013» байқауында 2-орынды, 2014-жылы «Маңғыстау облысы бойынша мектепке дейінгі білім жүйесіндегі оқыту мен тәрбиелеудің инновациялық бағыттары» тақырыбында аудандық педагогикалық оқылымда 2-орынды, 2017-жылы «Халықаралық дамыту орталығы» «Ашық сабақ-2017» байқауына қатысып 3-орын иеленді. Осы тақырыппен байқауда белсенділік танытқаны үшін алқамен марапатталды. Республикалық интернет сайтында ұйымдастырылған «Үздік балабақша тәрбиешісі» байқауына қатысып Мақтау қағазымен марапатталды. 2018-жылы Қазақстанның педагогтар арасындағы Энциклопедияға еңбегі жарияланды.
Алия Оңболсынқызы – күш-жігері мықты, қай іске де аса жауапкершілікпен қарайтын, жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына сіңіру мақсатында жұмыс жасап келе жатқан нағыз педагог.
Сарина Перизат Бейнеубайқызы,
Манғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылы
«Болашақ» балабақшасы ІІ санатты тәрбиеші