Мың ғасыр өтсе де ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өшірілген емес. Өйткені, қай дәуір болмасын қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға да тілекші болып отыратын тағы да ұстаз. Ал, тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді жандарға ілтипат таныту- адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында қасиетті Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Мерғалым ауылындағы Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебінде «Ұстаз-ұлы есім» атты мектеп ұстаздарына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Арнайы өтілген іс-шараны мектеп оқушылары ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаумен бастады. Алдымен мектебіміздің ардагер ұстаздары мен мектебімізде 30жыл еңбек етіп келе жатқан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тусупханов А.М. мен 5 жыл еңбек етіп келе жатқан математика, информатика пәнінің мұғалімі Урасканов Е.А.сахнаға шақырылды. Оларға арнайы мерекелік құттықтау сөзді мектеп тренері БикееваҚ.Д.: Ұрпақтарымыздың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген әріптестерімізге ізгі тілек білдіріп, шын ниетпен құттықтады.
Шыныменен, ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірттері. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздардың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі-аяулы әрі білімді шәкірттері. Саннан сапаға сапар шегу жолында мұғалімнің жаңа ғасырға берер жауабы да әрдайым дайын. Өйткені, талабы күшті қоғамның ағысы қатты. Ал сол ағысқа шәкірттерді дайындау тағы да мұғалімнің еңбегі. Осы ұстаздардың елеулі еңбегін елеген оқушылар өздері дайындаған мерекелік іс-шараны ән, би, әзіл, өлең шумақтарымен ұстаздардың жүректеріне жеткізе білді.
Мерекелік іс-шара соңын «Ұстазым» әнін «Ұстаз» атты тұлғалар сахнаға шығып, шырқаумен аяқтады.
Исагалиева А.С.
Павлодар облысы Аққулы ауданы Мерғалым ауылы
Б.Уахатов атындағы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі