Еліміздің жарық жұлдызы, әнші, психолог, философия ғылымдарының докторы Тамара Асар қыркүйектің 27-сі күні туған жері Маңғыстауға келіп, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен ән салды, деп хабарлайды мектептің баспасөз қызметі.
Әншіні білім ордасының Өзін-өзі басқару ұйымының оқушылары күтіп алып, оқу ғимаратын таныстыру мақсатында кампус-тур ұйымдастырды. Мектеп президенті Райымбек Ақкөлұлы және 11-сынып оқушысы Айжұлдыз Надирханова Маңғыстаудағы зияткерлердің жобаларын, оқу кабинеттерін, мектеп гүлзарын, кітапхананы, “Тарих және география” пәні бірлестігі блогының қабырғасына жаңадан салынған “Ұлы Жібек жолы” картинасын көрсетті. Тамара Қалниязқызы оқу орнына қызығушылығын білдіріп, мұғалімдермен кездесіп, көптеген сауалдар қойды. Айта кетейік, мектеп қонағы осыған дейін Ақтөбе және Атырау қаласындағы зияткерлік мектептерде қонақта болған.
Кампус-турдан соң танымал әнші 11-12 сынып оқушыларымен бірге өзіне арналған “Қайтпас қайсарлық” кездесуіне қатысып, өзінің өмір жолын, білімдегі ізденісі және сенім туралы айтты, оқушылардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, жүздесу барысында 11-сынып оқушыларынан құралған “Сағым” вокальды-инструменталды ансамблімен көпшшілікке таныс “Ренжімеші” әнін салып, репертуарына ену тарихын баяндап берді.
- Топ өз ритмінде керемет ойнады… Менің бір қуанып отырғаным Маңғыстаудағы зияткерлік мектеп қазақтілді екен, тілге бай екенсіздер, қуаныштымын!, — деп жылы лебізін білдірді ән соңында.
Бұл кеште “Сағым” тобы мектебіміздің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Мұстафа Шоқайдың “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ 10 жылдық мерейтойына арналған әнін де айтып, өнерлерін көрсетті.
Зияткерлік мектеп оқушылары болашақ көшбасшы және шығармашыл тұлғалар. Сондықтан болар, 11-сынып оқушысы Гүлназ Жұмахан Тамара Қалниязқызына арнаған өлеңін оқып, көпшілікті тебірентті.
- Маңғыстау өңірінің дарынды тумасы Тамара Асармен жүздесуді Ақтаудағы зияткерлік мектептері ұзақ күттік. Бүгін арманымыз орындалған күн болды. Біздің оқушыларға нағыз білімге деген құштарлықты, ізденісті ұштастыра білген керемет дарын иесі келгендігін көрдік. Сонымен қатар, Тамара ханым бізге бүгін жаңа қырынан танылды. Ол жастарды жігерлендіріп қана қоймай, өзінің керемет психолог-педагог екендігін көрсетті, — дейді 12-сынып оқушысы Азиза Жұбаева.
Кездесу соңында мектеп директоры Ермек Пайзов, әншіге зияткерлерге уақыт бөліп келгені, жігерлендіргені және берген кеңестері үшін алғысын білдіріп, оқушылардың “эбру” техникасы бойынша салған картинасын сыйға тартты.
Рысгүл Рамазанова,
Ақтау қаласындағы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі