Білім саласы күн санап өзгеріп, оқыту мен оқу үрдісіне көптеген реформалар енгізілуде. Осы орайда облысымыздың аудан, қалаларынан келген бастауыш сынып мұғалімдері «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы, тренері Гүлнар Сәрсенғалиева өткізген бір апталық курстан өттік. Курстан кейін, бүгінде осы мұғалімдер өздерінің іс-тәжірибесінде сындарлы оқыту тәсілін табысты қолдануда. Курс «Қазақстан Республикасының бастауыш білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартын ендіру жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбындағы дәріс беру сабағынан басталды. «Жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктері неде?», «Критериалды бағалау жүйесінің ерекшеліктері қандай?» деген сұрақтарға жауап алумен қатар, жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақтарда жүргізілетін қалыптастырушы бағалау, бөлім және тоқсан бойынша жүргізілетін жиынтық бағалау туралы толыққанды ақпарат алдық.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мақсатында өткен курстың екінші күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ «Мұғалімдерінің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.А. Демеуова жаңашыл ұстаздар назарына пән мен тілді кіріктіріп оқыту (CLIL) әдісі негізіндегі сабақ процесінің ерекшеліктері туралы көптеген тың ақпараттармен бөлісті.
Жаңа педагогикалық технологиялар Қазақстандағы білім беру үдерісінің айнымас бөлігіне айналғаны белгілі. Оқыту барысында осы және басқа да инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияларды қолдану жөнінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы, білім мазмұнын жаңарту бойынша информатика пәні тренері Рысжан Шахимова дәріс берді. Ол ақпараттық құзыреттілікті қалыптастырудан күтілетін нәтиже жаңа заманға сай ақпараттық мәдениеті мен құзыреттілігі қалыптасқан, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алатын, информатика пәнін басқа пәндермен байланыстыра білетін жеке тұлға қалыптастыру жайына кеңінен тоқталды. Инновациялық технологияларды кеңінен пайдалану барысында әр ұстаз өзіне керекті сапалы ақпаратпен қоса жақсы әсер алды.
Курсқа қатысушылар атынан тренерлерге шығармашылық табыстар тілеп, білім саласындағы тың идеялар мен өзгерістер жайлы дәріс сабақтарын жиі өткізіп тұруды сұраймын.
Адемхан УТТИБАЕВА,
№5 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі,
Қарақия ауданы