- Балаларыңызды жазу-сызуға баулыйсыз ба?
- Балаңызға интернеттен, кітаптардан, газет-журналдардан әдеби көркем шығармалар оқуға қандай жағдай жасадыңыз?
- Балаңызға не жақындарыңызға ой өрісін кеңейтуіне, танымын шыңдауға көмектесетін қандай газет журналдарды оқуға кеңес бересіз?
Халқымыз «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар шығады» дегенде екінші жағынан жастарға, олардың болашағы мен мүмкіншілігіне сенгеннен де айтқан-ау сірә. «Дария басы – бұлақ» бұл аталы сөз тегіннен айтылмаса керек. Осы дана сөздің кез келген замандағы, уақыттағы жазу-сызуға қатысы бар деп сенімді айтуға болады. Себебі, талант ол көзі аршылмаған мөлдір сулы тұма-бұлақ секілді. Сондықтан оған «алма кездік қап түбінде жатпас» деп қана өгей көзбен қарау үшқары пікір, әбес ой. Таланттың «көзін аршу» керек, тиісті жағдай туғызу қажет.
Айтпағымыз кез келген ата-ана бауыр еті баласын жанындай жақсы көріп, оның қандай да бір жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырғанын іштей қалағанымен оның іске асуына бел шешіп, бара бермейді. Ал ұстаздың жөні де ұстанымы да бөлек. Біреудің баласына құрметпен қарап, жақсы көріп, оны аялап жетелеуге, әр қилы жанрдағы тәлімге, спорт пен өнерге, есеп-қисап пен дүниетанымға, тарих пен жазуға бар жанымен баулуға мәжбүр.
Осы жерде қарама-қайшылық пайда болады. Олай дейтінім отбасында басқа әуен, оқу орнында басқа әуен орындататындай көрініске тап боласыз, көріп қана қоймай құлағыңызбен естисіз де. Бұл дегеніңіз қазіргі таңдағы білім саласындағы оң өзгерістерден жаңа трендтерден тараптардың алшақтығын байқатады. Әрине, менің бұл сөздеріме түгелдей келіспессіздер және айтарсыз «баламды биге, ән-күйге, спортқа с.с.т.б үйірмелерге қатыстырамыз ғой» деп. Жақсы-ақ қолдаймын. Дамудың кез келген түрі, бірі мен бірегейінің бір ұшы қашан да іштей бүгінгі күнмен сабақтасып, сараланып қажет болған жағдайда сұранысты қанағаттандырып тұру міндеті десек артық айтпаған болармыз. Сондықтан да барды базарлап, «болған мен толғанды» айналып соғып айта бергеннен гөрі, бір мезгіл оқу, жазу ғылымын да көңілден таса, өмірден жырақ қалдырмаған жөн сияқты. Он сегізінші ғасырдағы ұлы француз ғұламасы Жан Жак Руссо «қызметтің ішіндегі ең ұлысы — жазушы атқаратын ұлы қызмет, өйткені ол барлық ұрпақтардың рухани ұстазы, барлық уақыттардың ақылгөйі» деген. Ол сөз бүгін де өз қуатын жоғалтқан емес. Әсіресе, ел еңсесін көтеретін рухани мәдениетінің дамып, өркендейтін тұсында жазушының қызметі керек-ақ. Олай дейтінім Қазақ халқының өсіп-өркендеуіне сонау күнгі тасқа қашап, бүгінде том-том кітаптарға маржандап жазылған жазулардың үлесі зор екені бәрімізге аян. Ендеше неге ертеңгі күннің еншісін арғы күнге жеткізетін болашақты неге ойламасқа?! Бұл мәселеге келгенде тоң мінез, томаға тұйықтық ұстаным жараспайды, ол тек тоғышарлық «сен тимесең мен тимеймін…» тоқырауға әкеліп тірейді. Осы тұста айта кететін жайт «жауырды жаба тоқып» немесе «мәстекті тұлпарға теңеп» болсаң да болмасаң да болашақта «жазушы атану керек» деп жапа тармағай қолға қалам алыңыз дегенім емес. Десе де, жастарға мүмкіншілік беріп бейілі мен бейімін жиі-жиі бақылаған абзал. Ол ата-ананың да, ұстаздың да қолынан келетін жұмыс. Тек қадағалау керек, әсіресе ата-ана. Жастардың жазған сызғанын қабылдап жарыққа шығаратын салалық бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасаса тіптен жақсы. Күрмеуі шешілмейтін мәселе болмайды. Тек тиімді шешу ол білімділердің, болашаққа бей жәй қарамайтын көреген кісілердің еншісінде. Тарихтың тағлымын, тәлімнің тәрбиесін, өнердің өнегесін білу мықтап үйрену кішілік болмаса керек. Сондықтан жоғарыдағы қойылған үш сауалға бір жауап Республикалық «Білім айнасы» газеті мен bilimainasy.kz сайты, «Білім айнасы» журналы жауап беретінін айтқым келді. Бүгінде теребайттаған ақпарат ағымында таңдап теріп, сүзіп керіп, салалап, саралап бойға сіңіру басты мақсат деп ойлаймын құрметті оқырман.
Республикалық «Білім айнасы»
газеті мен bilimainasy.kz
сайтының негізін қалаушы
Қуантай Амантайұлы