Home » Мақалалар » Талабы зор, талантты ұстаз

Талабы зор, талантты ұстаз

Жаныңда жүр жақсы адам

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, Набережное ауылдық округіне қарасты Жаңа-қала ауылының Григорьевка жалпы орта білім беру мектебінің директоры Көлтай Калелхан білім саласында 17 жылдан бері қажырлы еңбек етіп келеді. Ол білікті басшы әрі өнегелі ұстаз ретінде мектеп ұжымы мен шәкірттерінің зор құрметіне ие.

Кейіпкеріміз Монғолия жерінің Баян Өлке өңірінде дүниеге келген. 1993 жылы ата-анасы Ұлы көшпен бірге атамекені – Қазақстанға атбасын тірейді. Осында алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. 1996 жылы Екібастұз қаласындағы №22 жалпы орта білім беру мектебін тәмамдап, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиет пәні бөліміне оқуға түседі. Жас жеткіншектің болашағына мөлдір бұлақ бастауындай, ақ жол ашқан киелі білім ордасы оның шығармашылыққа деген құлшынысын оятып, талантты жастың сөз өнерiнің асыл жауһарларына деген қызығушылығын арттыра түседі.

Көлтай Калелхан өзінің еңбек жолын Павлодар қаласындағы №24 жалпы білім беру мектебінде өзі оқыған мамандық бойынша мұғалім болудан бастайды. Сондай-ақ, мектепішілік «Жас ақындар» үйірмесіне жетекшілік етіп, ақынжанды, шығармашыл жас өспірімдердің талабын ұштайды, оларды жазба ақындық өнер мен қазақ ауыз әдебиетіндегі ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр – суырып салма сөз сайысының қыр-сырын үйретеді. Ойы озық, дарынды шәкірттері қалалық, облыстық байқауларда жүлделі жеңістерге қол жеткізеді. Қызмет барысында алғыр, білімді, бастамашыл, ұйымдастырушы ұстаз ретінде көзге түсіп, директордың орынбасары лауазымына жоғарылайды. Білім беру және тәрбие бағытында өткізілген бірқатар іс-шараларға ұйытқы болып, мектеп жұмысының ілгерілеуіне зор үлес қосады.

Көлтай Калелханұлы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақ тілі» кафедрасының оқытушы, Тілдерді дамыту басқармасының «Ана тілі» облыстық орталығының әдіскері, Павлодар ауданының білім беру бөлімінің әдіскері секілді бірқатар жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды.

2013 жылы Григорьевка жалпы орта білім беру мектебінің директоры болып тағайындалғаннан бастап, мектеп өміріне жағымды өзгерістер енді. Мектеп асханасына таза су тартылып, мектеп ішінен жылы дәретхана салынды. Бұрынғы тозығы жеткен ескі сынып тақталары толықтай түрлі өрнектегі заманауи нұсқасымен жаңартылды. «Ең үздік кабинеттер» байқауы ұйымдастырылып, нәтижесінде оқу кабинеттері ішкі эстетикалық көрнісімен қоса, қазіргі қажеттілікке сай дидактикалық материалдардың жаңа мазмұнына ие болды.

Кейіпкеріміз аталмыш білім ордасын дамыту мақсатында жергілікті шаруа қожалықтарының көмегімен мектептің материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етті: «Жаңа-қала» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Тұрлыбаев мектепке 1 млн. 400 мың теңге қаражат бөліп, оқушылар игілігіне қажетті – тоғазытқыш, мұздатқыш, музыкалық аппаратура және басқа да тұрмыстық заттарды сыйға тартты. Оған қоса, жыл сайын мектеп асханасына бір ірі қара малдың етін жеткізіп отыруды дәстүрге айналдырған. Ал, ауылдағы өзге кәсіпкерлер болса, мектеп оқушыларының сапалы білім алуын қамтамасыз ететін электронды құрал-жабдықтарын тарту етіп, ауыл шаруашылық өнімдерін тегін жеткізуде.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, белсенді маман қай жұмысты атқарса да, адамгершілік пен жауапкершілікті бірінші қатарға қояды. Қашан көрсең де, оның сыпайы мінезі мен қарапайымдылығына, еңбекқорлығына тәнті боласың. Осындайда, қазақ жігіттерінің туабітті тектілігіне тамсанбай, мәртебесіне мақтанбай қалу – әсте, мүмкін емес!

Жаңа-қала ауылдық мектебінің іргетасы 1984 жылы қаланған. 30 жылдан астам уақыт өткен соң, мектеп басшысы К. Калелханұлының бастамасымен, 2017 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектептің төбесі мен терезелері, сынып кабинеттерінің есіктері ауыстырылды. Қазіргі кезде мектептің іші-сырты бірдей қарасаң, «көз тоярлық» келбетке ие болып, ұстаздардың білім берудегі әдістемелік мәнері де өзгерді. Мұғалімдер жаңашыл жобалар аясында өз білімдерін жетілдіріп, санаттары жоғарылап, түрлі деңгейдегі олимпиадалардан жүлдегер атанса, ата-аналар жаңа басшының жанашырлығын бағалап, қолдау көрсетуде. Мектеп әкімшілігі ішкі іс-шаралардан басқа түрлі мемлекеттік айтулы мерекелерді атап өтуде ауыл клубымен бірлесе жұмыс жасайды. Мәселен, жақында Жаңа-қала ауылында өткен Қарттар күні мен Павлодар ауданының 90 жылдық мерейтойы осы екі ұжымның ұйымдастыруымен жүзеге асты. Мерекелік концерттен қуат алған ауыл тұрғындары клуб жанынан арнайы тігілген алты қанат ақ ордада дәм татып, сый-сияпатқа ие болды.

Аталмыш білім ордасының биылғы оқу жылындағы ең үлкен жетістігі – бұрын аралас мектеп болса, енді бірыңғай мемлекеттік тілде, бір ауысымда оқытатын мектептер қатарына қосылды. Бұл – оқушылар мен ұстаздардың ертеңгі күннің сабағына еркін дайындалуына мол мүмкіндік берді. Осындай игі істерімен көпшіліктің көңілінен жол тапқан Көлтай Калелханұлы әлі де талай жағымды жаңалықтарымен қуантар, деген ойдамыз.

Айгүл МОЛДАШ,
Павлодар қаласы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.