Home » Білім және тұлға » Талабы биік жас маман

Талабы биік жас маман

Елбасының «Қазақстан-2050» саяси бағыты» Жолдауы қазақстандықтардың өмірінің барлық саласын қамтиды десек, жастар саясаты туралы жаңа заңға «жас маман» ұғымы енгізілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын. Осы ретте «Жақсының жақсылығын айт» жобасына Астана қаласы №77 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі, Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Қайынды ауылының тумасы, жас маман Мукушева Жұлдыз Хасенқызын ұсынғымыз келеді. Себебі, қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, педагогикалық және психологиялық сауаттылық, заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген, білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде жас болса да ұлағатты саналатын ұстаздардың бірі деп ауыз толтырып айтсақ артық болмайды.

Арнайы сұхбаттасуға келгенде-ақ, өз мамандығын жақсы көретіндігі, ұлт жанашыры екендігі бірден байқалады. Әрине, еңбек жолын енді бастаған жас маманға мұншалықты жоғары баға беру қаншалықты дұрыс? «Жас келсе – іске» деген бар, аз ғана уақытта жеткен жетістіктерінің санынан жаңылатындай педагогикалық бағыт пен шығармашылық еңбекті ұштастыра біліп, жұртшылық алдында бағалануы дәлел. Ең негізгілерін атап өтсек, 2016 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде өткізілген «Биология пәнінің маңызды мәселелері және биологиялық ақпараттандыру» семинарына қатысқаны үшін, 2017 жылы «Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа инновациялық бағыттар» атты II республикалық ғылыми-практикалық конференциясында жоғары деңгейде баяндама жасағаны үшін марапатталған болса, дәл осы жылы Республикалық білім сайтында ұйымдастырылған I Республикалық «Жас мамандар» сайысына қатысып сексен төрт мектептің ішінен үздік жеті мұғалім қатарына ілініп, Республикалық www.bilim-gylym.kz ақпараттық порталында ұйымдастырылған шығармашылық конкурста «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен құрметтелген. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік құрдастары» атты симпозиумда биология пәні бойынша «Болашақта Қазақстанның жасыл елді мекенге айналуы» тақырыбында ғылыми жоба қорғап жоғары дәрежелі Дипломмен марапатталған. Қорғалған тақырыптың өзі жоба иесінің жақсы көріп айналысатын істерін білдіретіндей. Әңгіме барысында гүл өсірудің қыр-сырларын оқушылардың қызығып сұрауы бойынша ашық сабақ түрінде өткендігін құлшыныспен айтты. Қорытындылай келе, кейіпкеріміздің жан-жақтылығы, оқушылармен үнемі тығыз қарым-қатынаста ортада жүретіндігі, сыйлы мұғалім екендігі сезіледі. Оған дәлел, оқушылардың жетістіктерін дәлелдейтін құжаттардың менмұңдалап сынып сөресінде тұрғандығы: 2015 жылы «Ақбота — 2015» республикалық оқушылар арасындағы олимпиадада сертификат; 2016 жыл 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық конкурсының қалалық кезеңінде экология, валеология секциясының жүлдегері – Диплом, 2017 жыл Халықаралық Пони олимпиада турнирінен сертификат.

Ал еңбек жолында қатар алып жүрген, жүрегіне жақын шығармашылық жұмысы биология пәнінен оқушылардың өзіндік зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, жүрекжарды өлең шығару. Бұлар – кейіпкеріміздің біліктілігін сипаттайтын өзіндік тағы бір ерекшелігі. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Мукушева Жұлдыз Хасенқызы оқушыларының да болашағына жол салып, мақсатын айқындап қойыпты.

Астана қаласы №77 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Мукушева Жұлдыз Хасенқызы: «Оқушының өзіндік зерттеу жұмысы. Осы тақырыпты менің шығармашылық жұмысымның өзегі ретінде алып отырмын. Яғни, оқушы өзіндік зерттеу барысында көп нәрсеге қол жеткізе алады. Мысалы, дарынды баламен жұмыс жасауды айтамыз. Ол өзі ғылыми жоба жазады. Ғылыми жоба жазу барысында жеке ізденісте болады. Белгілі бір уақыт ішінде ол жан-жақты мол ақпарат жинайды. Әрине, біз тек бағыт-бағдар беруші ғанамыз. Сондағы менің ауқымды, проблемалық зерттеу жұмысым, көп көңіл бөлетін тақырыбым осы – оқушының өзіндік зерттеу жұмысы. Биология пәнінен ойын технологияларын пайдалана отырып оқушының қызығушылығын арттыру. Күрделі дүниені өзі талқылап, болшаққа үлесін тигізе білуге баулу – басты мақсат».

Жаңашыл ұстаз – сапалы білім беру үшін, жаңашыл педагогтардың еңбектерімен танысу арқылы үздіксіз ізденісін айқындайды. Қазіргі таңда Мукушева Жұлдыз Хасенқызы биология пәнін ағылшынша меңгеру үстінде. Әзірге деңгейі А1 мен А2 элементі. Осы бойынша оқушылармен аптасына бір сағат биология пәні терминдерін баспа кітабымен практика ретінде өтіп, әрі балаларға ақырындап сіңістіріп жатыр. Мұндағы көзделіп, негізделіп отырған мақсат – оқушыларына биологияны ағылшын тілінде жетік меңгертіп, шетелде де ғылыми жобалар қорғай алатындай деңгейге бастау, өз еңбегі арқылы әлемге елін танытса – қандай жетістік. Қазіргі таңда техниканың тілі ағылшын тілінде екені мәлім. Сондықтан да заманына қарай бәсекелестікке қабілетті болуымыз керек. Заманымыз дәл бүгінгі кейіпкеріміздей сауатты, білікті жас мамандардың көбейгенін талап етіп отыр. Болашақта бұл ұстаздың шәкірттерімен үлкен жетістікке жететіні – біздің тілек пен сенімде.

Мұстафина Жансая Алибекқызы,

Білім айнасы

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.