Тәуелсіз елдің негізгі тірегі — білімді ұрпақ. Білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы енді туды. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлттық білім беру саласына өте жоғары талап қойып отыр. Біздегі білім беру жүйесі Қазақстан мектебінің түлектері өз білімдерін әлемдік оқу орындарында әрі қарай кедергісіз жалғастырып әкететіндей дәрежеде бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы болуға тиіс. Жаңартылған білім мазмұны шеңберінде біз болашаққа нық сеніммен қадам баса алатын, жаһандану заманының барлық талабы мен талғамына жауап бере алатын оқушы тәрбиелеуіміз қажет. Ал сапалы білім беру үшін жаңа үлгілі мектеп пен табысты мектеп басшысының жаңа бейнесін қалыптастыру заман талабы болып отыр. Міне осы мақсатта І Республикалық білім беру мекемелері басшыларының арасында тартысты сайыс өткізілді.
Желтоқсанның алғашқы онкүндігінде Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған білім беру және ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында І Республикалық «Табысты менеджер – 2017!» байқауы бірнеше іріктеуді артқа тастап өз мәресіне жетті. Байқау жалпы білім беретін және шағын жинақты мектептерді, техникалық және кәсіби білім беру, жеке білім беру ұйымдары басшыларының шығармашылығын дамытуға бағытталды. Байқаудың басты мақсаты — шығармашылықпен жұмыс жасайтын басшыларды анықтау, қолдау, мадақтау және ҚР білім беру ұйымының озық инновациялық менеджерін насихаттау болды.
Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар «Мен табысты басшымын» тақырыбында интербелсенді таныстырылым әзірлеп, «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» тақырыбында жобаларын қорғады. Шығармашылық көрмеге авторлық тұжырымдама, авторлық бағдарламалар, әдістемелерін ұсынып, стратегиялық және тактикалық жоспарлау негізіндегі басқару жұмысының жүйесімен таныстырды. Сонымен қатар, басшылар басқару жағдаяттарын шешу шеберліктері бойынша сынға түсті. «Заманауи басшы: табыс формуласы» тақырыбында эссе және «Басқарудағы менің жетістіктерім» тақырыбында бейнебаян әзірледі.
Аудан, қала, облыстың іріктеуінен өтіп, әр аймақтың намысын қорғап келген 16 қатысушы әр кезеңнің талабы мен талғамына сай дайындықпен келді. Алматы қаласы «Өрлеу» БАҰО Республикалық институты ұйымдастырған байқау жоғары деңгейде өтті.
Аталмыш байқауда өзінің табысқа жету формуласы мен басқарудағы әдіс-тәсілдері және мектептің ұйымдасқан, табысты жұмысын № 29ЖОББМ директоры Төлеубаева Гүлжан Төлеуғазықызы таныстырды.
Гүлжан Төлеуғазықызы – жаңа форматтағы лидер. 20 жылдан аса педагогикалық еңбек өтілі және оның ішінде 10 жыл басқарудағы іс-тәжірибесі бар білікті маман. Заманауи басшы әрдайым өз білімін жетілдіріп отыруы тиіс деген қағиданы ұстанып, Мәскеудің қоғамдық қатынастар университетін аяқтап, «Адам ресурстарын басқару» мамандығы бойынша магистр ғылыми дәрежесін алды.
Қазақтың ХХ ғасырдың белгілі ағартушысы Ж. Аймауытов «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – тек білім беруші мұғалім ғана емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз!» — деген еді. Бұл сөздердің бүгінгі күні де мәні өте жоғары. ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болады деп күтілуде. Сондықтан мектеп ұстаздары шәкіртіне ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, эканомика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге дайындауды басты назарға алып отыр. Мектеп ұжымының ұстаздары жоғары білікті, құзіретті мамандар. Оған дәлел ретінде облыс көлемінде өткізілген АПМКО авторлық бағдарламасы нәтижесінде «Ең үздік 30 – білім беру мекемесі» қатарына енді. Ұлттық рейтингтер шеруінде «Ойшылдар мектебі» номинациясын иеленіп, жаңа форматтағы критерийлер мен дискрипторлар бойынша 2 — орынды иелендік.
Мектеп ұжымының білім теңізіндегі жетістігінің нәтижесі тікелей басшыға байланысты. Мектеп жұмысын басқара білген басшы ғана табысты бола алады. Ал табысқа жетудің өзіндік формуласы бар. Ол «ұжым» + «басқару әдісі» + «өз ісіне деген сенімділік» + «кәсібилік» + «жаңа форматтағы мектеп және мектеп басшысы». Жаңа форматтағы мектеп басшысы ол — табысты менеджер.
Екі күнге жалғасқан республикалық байқауда мектебіміздің директоры, стратег Төлеубаева Гүлжан Төлеуғазықызы І Республикалық «Табысты менеджер 2017!» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленіп, «Заманауи зерттеуші» номинациясын иеленді.
Білім беру мазмұны жаңартылған бағытқа бет бұрды. Олай болса мектеп басшысының атауы да, ұғымы да жаңартылуы тиіс. Ендігі ретте ол — менеджер! Түйіндей келе, жаңартылған қоғамда тек жаңаша ұғымдар қолданысқа еніп, білімі мен біліктілігі сай ұстаздар қоғам дамуына өз үлестерін қоса берсін демекпіз!
ШҚО, Семей қаласы
№ 29 ЖОББМ ұжымы