Бүгінгі мектеп – күрделі де жауапты жүйе. Мектеп қабырғасына жаңа заманның ұстаздары келіп жатыр. Олар компьютерді, интернетті меңгерген. Ел ішіндегі ғана емес әлемдегі жаңалықтардан, озық тәжірибелерден жеткілікті хабардар. Демек, мектепке басшылық ету тәсілдері де өзгерген. Оқу орындарын жаңа талаптарға сай басқару керек.
Мектепті басқарудың әлемдік тәжірибесінде жаңа әдістердің бірі – басқарудан көшбасшылыққа мектепті басқарудың позициясын өзгерту болып табылады.
Қазіргі таңда басқару құрылымын қайта құру, жоспарлау мен бақылауда көшбасшылық пен бөлінген көшбасшылық арқылы басқаруды бұқараландыру, бұрынғы бұйрық-нұсқауларды ұсыныс кеңестермен алмастыра отырып, бөлінген көшбасшылық арқылы, басты назарды педагогикалық мәдениетті, іздену белсенділігі мен дербестігі жоғары шығармашыл тұлға қалыптастыру мақсаты қойылып отыр. Мектеп басшылары мен мұғалімдерге басқару әдетін, педагогикалық менеджмент қағидаларын, қарым – қатынас өнерінің психологиялық негіздерін, педагогикалық қызметін мониторингтік басқарудың үлгілерін ақпараттық және басқару технологияларын оқытып – үйрету, оң шешім қабылдауға, қызметті ішкі мотивациялық негізде ұйымдастыруға баулу мазмұнында жаңа сипат, жаңа қарқын қажет. Осы орайда оқу-тәрбие үдерісінде біртіндеп еніп жатырған өзгерістердің бірі – жоспарлау қызметі: мектептің даму перспективасын жоспарлау, мұғалімдердің орта және қысқа мерзімді жоспарлары.
Мектепті дамыту жоспарын дайындау – өте жауапты және үлкен зерттеу жұмыстарын қажет ететін үдеріс. Бұл үдеріс мұғалім қызметін бағалау, яғни эвалюациялау жүйесі арқылы іске асырылуы мүмкін болады. Мектепті дамыту жоспарын жасақтаудағы ең маңыздысы күні бұрын жүргізілген аудит негізінде стратегиялық басымдықтарды анықтап, нәтиже және табыс критерийлерін белгілеп, іс-әрекеттер жоспарлау. Осы мақсатта білім берудің сапасын арттыруда: Біріншіден мектеп әкімшілігі және мектеп ұстаздарының кәсіби біліктілігінің жоғарылығы яғни оқуы мен қатар оқушылардың терең білім алуы маңызды. Біздің мектебіміздің әлді жақтары мен әлсіз жақтары және дамытуға болатын тұстары туралы білу мақсатында ата-аналардан, мектеп қызметкерлерінен және оқушылардан сауалнамалар алынған болатын. Сауалнама арқылы деректерді жинау мектебімізді одан жақынырақ білуге, жұмыс барысында көп ескере бермейтін кейбір мәселелердің балалар үшін маңызды екендігін, ата-аналардың мектепке деген көзқарасын анықтауға көмектесті. Осыдан кейін «Мектепті қазіргі жағдаймен салыстыра отырып болашақтағы қызметін жақсарту үшін, даму жоспарындағы стратегияларды тиімді жүзеге асыру үшін нені, қалай өзгертуіміз керек?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғадық. Барлық жиналған деректер өз мектебіміздің күшті және әлсіз жақтары мен дамытуға болатын салалары туралы білуге көмектесті және мектепті дамыту басымдықтарымызды анықтадық.
Мектептің дамыту жоспарын іске асыру мақсатында бөлінген көшбасшылықты іске асыра отырып, атқарылатын іс-шаралар айқындалды.
Мектепті дамыту жоспарын жасақтауға мектепте құрылған көшбасшылар тобы яғни өзгерістер енгізу тобы және барлық деңгейлік бағдарламалар бойынша оқып сертификатталған мұғалімдер тартылды. Мектеп жұмысын жақсарту мақсатында көшбасшы мұғалімдермен бірлескен жоспар жасалып, оған бағдарлама идеяларын іске асыру шаралары енгізілумен қатар, менторлық және коучинг жұмыстары жүйелі жолға қойылып, Lesson study үдерісін жүргізу қолға алынды. Мұғалімдер мен оқушылардың кері байланыстары алынып, тиісінше жұмыс жоспары қайта қаралып, жан — жақты талқыланып, күтілетін нәтиже ескеріле отырып, қайта жоспарланады. Осындай қызу жұмыстардың нәтижесінде орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарларды құру жетілдіріліп, оқушылардың оқуын жақсартуға барынша назар аударылып отыр. Шешім қабылдауға ие болған мұғалімдер көп болған сайын, жұмыс ауқымы да соғұрлым көптеп атқарылады. Мектеп ұйымының проблемалары туралы «ойланатын» мұғалімдер қатары көбейген сайын, басқару қызметі де соғұрлым тиімді бола түспек. Бұрын жалпы мектеп жағдайына немқұрайлы қарайтын қызметкер қандай да бір өкілеттілікке жауапкершілік алған соң іске деген көзқарасы өзгерді. Алға қойылған міндетін орындауға деген жауапкершілігі күшейіп, бар күш-жігерін жұмсап еңбек етуге тырысуда.
Азилов Қайырғали Сүйіндікұлы,
№23 А.Байтұрсынов атындағы орта
мектебінің директоры.
Әдебиет:
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ПШО. Үлестірме материалдар алтыншы, жетінші, сегізінші апталар.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Мектепті басқарудағы жаңаша көзқарас»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» Басшыға арналған нұсқаулық.