Home » Ашық сабақтар » Табиғат тамашасы. Жакып Айтолкын

Табиғат тамашасы. Жакып Айтолкын

Мақсаты: 1.Балалардың табиғат жайлы білімдерін бекіту; Жанды және жансыз табиғат нысандарын ажырата білу; Судың адамзат тіршілігіндегі маңызы туралы түсініктерін нақтылау; Суды қолдана отырып, тәжірибе жасай білу дағдыларын арттыру.

2.Балалардың сөздік қорларын дамыта отырып, сұраққа толық жауап бере білуге және де өз ойларын толықтай жеткізе білу қабілеттерін дамыту.

3.Табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру, табиғатты көзінің қарашығындай сақтауға, қамқор болуға тәрбиелеу.

Көрнекілік құралдар: Табиғаттың балаларға арналған даналық сабақтары атты презентациясы, слайд, сюжеттік сурет, сандық қақпа, гүлдер, тоты құс, балықтар, су, топырақ, тас, құмшекер, ағаш.

Әдіс-тәсілі: Сұрақ-жауап, ойын, тәжірибе, түсіндіру, өлең, жұмбақ шешу.

Барысы: Шаттық шеңбер:

Балалар, бүгінгі күн ерекше күн. Бізге қонақтар келіп отыр, олай болса қонақтармен сәлемдесейік.

Күннің көзі ашылсын,
Көкке шуақ шашылсын.
Құтты қонақ келіпті
Төрімізге еніпті.
Ал, қанекей бәріміз
Сәлем дейік үлкенге
Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Тәрбиеші: Жарайсыңдар!

Бүгін балалар ұйымдастырылған оқу іс әрекетіндегі тақырыбымыз « Табиғат   тамашасы».

Табиғат  ана  жер жүзіне  жылуын, мейірімін сыйлап тұр емес пе? Сондықтан ешқашан жамандық жасама, жақсылық қана ойла. Барлығы саған жақсылық жасауға, дос болуға ұмтылады.

Енді балалар, мен сендерге жұмбақ жасырайын. Жұмбақ шешімін тапсақ бізге берілген «сиқырлы қақпалар» ашылады.

Жұмбақ:

Таңмен көзін ашады,
Әлемге нұрын шашады.   «Күн»

Тауда өсер, таста өсер,
Көктем менен жазда өсер.
Қыста өшер.    «Шөп»

Келесі жұмбақты балалар өздері жасырады:
Жылт-жылт етеді,
Жылғадан өтеді.       «Су»

Отқа салса жанбайды,
Суға салса батпайды.     «Мұз»

Үй үстінде ұсақ тас,
Алайын десем алынба.   «Жұлдыз»

-Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
-Көктем мезгілінде неше ай бар?
-Кім атап береді?
-Жалпы көктем мезгілінің қандай ерекшеліктері бар?

Мінекей, балалар, «табиғат-ана» ризашылығын білдіріп, бізге қола қақпада ашылды. Қола қақпа ішінде бізге «ашық хат» берілген, ашып көрейік. Бізге сұрақ-жауап берілген. Жауап берсек «күміс қақпа» ашылады.

Балалар, табиғат екі түрге бөлінеді.

Өлі табиғат және тірі табиғат.

-Осы топ ішіндегі өлі табиғат және тірі табиғатты атап шығыңдар?
-Тірі табиғатқа жаны бар заттар жатады.
-Өлі табиғатқа жаны жоқ заттар жатады.
-Біздің топтағы тірі табиғатты атаңдаршы?
-Тоты құс, балықтар, тышқан.
-Ал, өлі табиғат ше?
-Ауа, алдымыздағы су, топырақ.

Ойын: «Үш сөз ата»

Тәрбиеші белгілі бір тақырыптық атауды атайды.

Көкөністер…(қияр, сәбіз, картоп).

Жемістер…(алма, банан, алмұрт).

Үй құстары… .

Үй жануарлары… .

Жабайы аңдар… .

Мінекей, балалар, «күміс қақпа» ашылуда.

Сергіту сәті: «Жылға және көл»

-Кім айтады, жер бетінде адам, өсімдік, жануарлар тіршілік ету үшін не керек?

-Балалар, қараңдаршы, «күміс қақпа» ішінде өлі табиғат берілген. Енді өлі табиғатқа тәжірибе   жасап көрейік. Судың қандай қасиеттері бар екенін білеміз. Енді оны тәжірибе жүзінде дәлелдесек, «алтын қақпа» ашылады. Алдарыңдағы суды ішіп көріңдер.

-Судың дәмі бар ма?
-Жоқ.
-Иісі бар ма?
-Жоқ.
-Түсі бар ма?
-Мөлдір.

Енді стакандағы суға қант түйіршігін салып араластырыңдар.

-Қант қандай күйге енеді?
-Қант суда ериді.
Келесі стаканға құм салып көрейік.
-Құм ериді ме?
-Құм стақан түбінде шөгіп қалады, ерімейді.
-Мінекей, балалар, табиғат ерекшеліктері. Табиғат-ана бізге ризашылығын білдіріп, «алтын   қақпаны» ашты.

Қорытынды:

-Балалар, бүгінгі сабақта сендерге не ұнады?
-Таза болса табиғат-аман болар адамзат.
-Табиғат – тіршіліктің нәрі, оны аялап және қорғай білейк!

Ғажайып сәт: Бұтағы сынған ағаш келді.

-Менің бұтағымды бұзақы балалар сындырып кетті. Сендер маған көмектесіңдер. Бұтағымды байлап беріңдер. Құстың салған ұясын жерге құлатып кетті.
-Балалар, біз ағашқа көмектесейік. Оның жарасын байлап берейік. Ұяны орнына орналастырайық.

Нұрымжан: ұяны орнына қояды.

Ағаш: Рахмет сендерге, балалар!

Нұрымжан: Апай, жұмыртқа жыбырлап жатыр.

Тәрбиеші: Міне ғажап. Жұмыртқадан балапан жарып шықты. Жаңа өмір басталды деген осы.

Нұрымжан: Апай, мен осыған байланысты тақпақ айтқым кеп тұр, достарыма.

Өсіруге балапан

Құстар ұя салады.

Тақия тұзақ салмайық,

Қайғысына қалмайық,

Әдейі көздеп атпайық,

Көп күнәға батпайық,

Құс ұясын бұзбайық,

Жұмыртқасын алмайық,

Обалына қалмайық

-Міне ғажап, алтын садық ашылды. Алтын сандық ішінде табиғаттың балаларға арналған даналық сабақтары бар.

Тәрбиеші: Табиғаттың балаларға арналған даналық сабақтарын түсіндіреді.

Қорытынды: Балалар не білді? Не үйренді ?

Жомарт болуды, күннен бір орнында тұрып қалмауды – сыңғырлап аққан өзеннен.

Жарқырай білуді – жұлдыздан.

Ізденуді – жерден.

Көк аспаннан – самғауды.

Тазалықты – жаңбырдан.

Гүлдерден – сүйе білуді.

Көк жиектен – арманды.

Табандылықты – желкеннен.

Ал кешірімді – ананың қара көзінен үйренейік балалар, сөзіме құлақ салыңдар.

Қоштасу шеңбері: Бәріміз дос-бауырмыз

Ажырамас іргеміз,

Қиындыққа мойымай

Сау болыңыз дейміз біз!

Жакып Айтолкын,
№ 24 «Айналайын»
балабақшасының тәрбиешісі
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.