Home » Ашық сабақтар » Табиғатпен достасайық. Қуанышбаева Назира Асубайқызы

Табиғатпен достасайық. Қуанышбаева Назира Асубайқызы

Зал іші тақырыпқа сай безендіріледі.

Балалардың табиғат туралы ұжымдық суреттері ілінеді.

Нақыл сөздер жазылады:

«Табиғат – адамзаттың өмір нәрі, қажетінің табылар содан бәрі»

«Таза болса, табиғат, Аман болар адамзат!»

«Табиғатым» әнінің әуенімен залға балалар еніп орындарына жайғасып болғаннан соң жүргізуші шығады.

Жүргізуші:       Тамаша ғой
Бүгін сен
Табиғатқа жүгінсең.
Құлақ түріп,
Көз тігіп,
Төңірекке үңілсең.
Еріп бұлттың ырқына,
Жоқ болады бір күн ай…
Табиғат та бір кітап,
Оқи алсаң, шіркін-ай! –

деп бүгінгі біздің жанымызға жомарттық, кішіпейілділік, қиялымызға құштарлық, сезімімізге асқақтық, көңілімізге мөлдірлік сыйлаған Табиғат ана. Оның сұлулығы мен көркемдігін айтып жеткізу мүмкін емес.

Ата-бабамыздан бізге жеткен осындай желекті, ну орманды ғажап жерлерді сақтап, қорғап, аялап, күтіп баптап кейінгі ұрпаққа жеткізу – міндетіміз.

 

1 бала:             Әтештің де әні бар,

Көкектің де әні бар.

Әндетеді өзінше,

Барлық құс, жан-жануар.

 

2 бала:           Дауылдың да әні бар,

Жауынның да әні бар.

Әрқайсының өз әні –

Өздеріне әнұран.

 

3 бала:           Әннен әлем нәр алған,

Ойға мұны түйген жөн.

Ән мен күйді адам да

Табиғаттан үйренген.

Ән: «Туған жер»

Жүргізуші: Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптасқан. Жер, жалпы табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс – мекені, алтын ұя тал бесігі. Барша адамзат өкіліне ауа, су, жер ортақ. Сондықтан жердің қадірін, байлығын бағалай білу, жалпы табиғатты қорғау – баршамыздың міндетіміз.

4 бала:           Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.

Ал адамға ауа қымбат бәрінен,
Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.

5 бала             Болмасын ауа ешкімнің арман — мұңы,
Ауадан асқан жан жоқ жалғанда ұлы.
Ойлашы кімге керек боламыз біз,
Жұтудан таза ауаны қалған күні.

Би:         «Бәйшешек»

Жүргізуші: Балалар, қазір сендермен «Жақсы, жаман» ойынын ойнаймыз. Мен бірнеше сөздерді айтамын, сендер жақсы немесе жаман деп қана жауап бересіңдер, келістік пе?

 

Құстарды таспен ату…

Ағаштарды кесу…

Қажетсіз заттарды далаға тастау…

Жануарларды қорғау…

Себепсіз гүлдерді жұлу…

Құстарға дән беру…

Ағаш отырғызу…

Суды ластау…

Құмырсқаның илеуін бұзу…

Табиғаттың қорғаушысы болу…

Ән : «Жау, жау, жаңбыр»

Жүргізуші: Ой, балалар мынау кім болды екен, бізге келе жатқан? (Ортаға үстіне түрлі қоқыс жабысқан глобус ұстап Жер – Ана кіреді)

 

Ей, адамдар!
Күн мен гүлден жаралған,
От сезім мен мейірім содан таралған.
Тіршілік иесі – Жер анаға қараңдар!
Зор қайғыдан күрсінгенде,
Ах, ұрады  дүние,
Жаратылыс заңдылығы бұзылса,
Сонда болар, кім ие?

– деп ортамызға «Жер – Ана» келіпті, қане тыңдалық.

 

Жер – Ана: Амансыңдар ма, балалар?

Міне қазіргі менің жағдайым, адамдардың тастаған күл қоқысынан табиғат былғанып, ауа мен су ластануда.

 

Бар дейсің бе, өмірде азап ондай,
Дүние озса, ол енді азады оңбай.
Адам таза болмайды ешқашанда,
Айналайын табиғат таза болмай.

 

Жүргізуші:  Табиғаттың тарылтпайық мөлдір кәусар тынысын,
Пәк табиғат – жүрегімнің тамылжыған тынысың.
Ей, адамдар, қалай ғана қатігездік жасайсың,
Ол – анаң ғой, ал сен – кенже ұлысың!

 

Қымбатты, Жер – Ана, ренжімеңіз төрлетіңіз, біздің

балалардың табиғатпен қалай достасқысы келетінін байқаңыз

 

6-бала:       Жер ана мен өз анаң егіз екен,
Мейірімдері мейлінше теңіз екен.
Анам туды, жер ана жетілдірді,
Осыны өзім өмірге негіз етем.

 

7 бала:         Жаратылыс жан ана
Қарық қып суға, ауаға
Топырағымен асырап,
Сәулесін құйған санаға.

 

8 бала:       Табиғаттың тарылтпайық мөлдір таза тынысың,
Пәк табиғат әр жүректің тамылжыған жырысың.
Ей, адамзат, ақылға сал, қатігездік жасама,
Өзің дағы содан тудың, табиғаттың ұлысың.

9 бала:           Табиғат та әке болып еңіреп,
Табиғат та ана болып жылаған.
Айта алмаймын қасиетін мүлде мен,
Табиғаттан жаратылғам, гүлдегем.

 

10 бала:         Табиғат – әсемдіктің төркінісің,
Ән саламын бір сенің көркің үшін.
Бүкіл адам табынып бір өзіңе
Сенен алып тұрғандай бар тынысын

 

Жүргізуші: Ал, қалай балалар, Жер – Ана дем алып болса оның тазаруына көмектесеміз бе?

11 бала:       Табиғатты қорғау үшін бәріміз

Күресейік, бір-бір ағаш егейік
Текке отырмай жасымыз бен кәріміз
Таза ауа үшін терімізді төгейік.

 

12 бала:         Табиғаттың тынысы кең, тілі бай,
Ауасының шәрбатын-ай, тұнығы-ай.

Бұлбұл болып сайрап кетсе, ал бірде
Адамдарша сөйлейді екен, күнім-ай!

(балалар глобус үстіндегі қоқыстарды алып орнына гүлдер жабыстырады, ұжымдық жұмыс)

 

Ән: «Көктем»

 

Жер – Ана: Рахмет, сендерге. Барлық адам баласы осылай табиғатты таза сақтауға атсалысса нұр үстіне нұр болар еді.

 

Жүргізуші: Жер – Ана, біздің балалар тек өлеңдер ғана емес, мақал-мәтел мен   тыйымдарды да біледі.

Балалар:     «Су ішкен құдығыңа түкірме»,

«Бұлақ көрсең, көзін аш»

«Жер адамды асырайды, ана баласын асырайды».

«Жаңбыр жауса – жер ырысы».
«Тіршілік көзі – су»

«Судың да сұрауы бар»

«Жер – байлық көзі»

«Жері байдың – елі бай»

«Жер – ана, ел – бала.»

«Тозған жерде тоқшылық болмайды.»

«Көлдің көркі – құрақ, таудың көркі – бұлақ».

«Бір ағаш кессең, он ағаш отырғыз».

«Орман көп болса, олжаң көп».

«Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады».

 

Би : «Гүлдесте»

 

Жер – Ана: Рахмет, балалар, сендер табиғат туралы көп біледі екенсіңдер, ендеше ойларыңның жүйріктігін байқап көрсек қайтеді? Мен жұмбақ жасырамын, сендер тауып көріңдер, жарай ма?

 

Жайғаным түкті кілем,

Ілгенім – тықыр кілем. (Жер мен аспан)

 

Түсі бар көрінбейтін,

Біртұтас бөлінбейтін.

Тынысы ол тіршіліктің,

Ешқашан жерінбейтін. (Ауа)

 

Еш тесікке тұрмайды,

Ол жоқта жер құрғайды. (Су)

 

Жер – Ана. /домбырамен сүйемелдеп, күй тартылып тұрды/.

О, менің перзенттерім! Менің қойыным кең. Сендерді әр уақытта мейірімді құшағыма аламын. Менің саялы бағымды, мөлдіреген таза кіршіксіз өзен – көлдерімді, сиқырлы да сазды үнді құстарымды, жалпы табиғат атаулыны аялап, сүйіңдер. Бұл кейінгі ұрпақ, сендерге аманат. Сау болыңдыр!

(Жер – ана қолындағы глобусты жүргізушіге тапсырып, шығып кетеді).

Хор: «Атамекен»

Жүргізуші:          О, табиғат! Тағдырмысың сен менің

Сенің барлық өзен, тау мен көлдердің,

Ауаң, суың, өсімдігің болмаса

Дүниеде қалай өмір сүремін?

Құдыреті мол табиғат, мен саған

Әрқашанда алғыспен бас иемін!

Табиғатсыз адам өмір сүре алмайды екен, ендеше жердің, табиғаттың иесі мына сендер, біз оны қорғауымыз керек. Демек, табиғатты қорғау – өз Отанымызды сақтау деген сөз. Осымен бүгінгі ертеңгілігіміз аяқталды. Хош сау болыңыздар, келгендеріңізге көп рахмет!

Қуанышбаева Назира Асубайқызы,
Шолаққорған ауылдық округі,
әкімі аппаратының «Балауса» бөбекжай
балабақшасы МКҚК әдіскері,
Созақ ауданы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.