Сөйлеуді дамыту сабақтарында мектеп жасына дейінгі балаларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу әдістерін зерделеу, тілдің дыбысталу мәдениетін сақтау, қатынас дағдылары мен біліктерін дамыту жолдарын арттыру. Мектеп жасына дейінгі балаларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелейтін әдістемелік-дидактикалық тәсілдерді тиімді қолдану. Сабақта балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдануды қамтамасыз ету.
Осыған байланысты мектепке дейінгі тәрбие қызметкерлері:
1. Балалардың жаңа мәліметтерді тіл байлығы арқылы жеткізе білуге қызығушылықтарын арттыруға, ауызша сөйлеудің барлық компоненттерін дамытуға арналған іс-әрекет формалары мен түрлерін ұйымдастыра білу;
2. Сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған дұрыс тілдік құрылымдарға үйрету жолдарын зерделеу.
3. Педагог пен балалардың бір-бірін түсінуге, әрекеттесуге өзара қарым-қатынасты қалыптастыра білуі қажет.
Қазіргі кезеңдегі мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеуін дамыту әдіс-тәсілдерінде әдістердің үш тобын бөліп көрсетеді: көрнекілік, сөздік және практикалық. Бұл әдістер бір-бірімен тығыз байланысты. Көрнекілік әдістер сөздік арқылы түсіндіріледі, ал сөздікте көрнекілік тәсілдер қолданылады.
Көрнекілік әдістер балабақшада жиі қолданылады. Тікелей және жанама әдістер ретінде қолданыс табады. Тікелей көрнекілік әдісі және оның түрлеріне: саяхат, натуралды заттарды қарау, мекемені бақылау жатады.
Жанама әдістер бейнелік құралдарды қолдануға негізделген. Бұған ойыншықтарды, картиналарды, фотосуреттерді қарау, ойыншық және картинаны суреттеу, әңгімелеу жатады. Ол білімді, сөздік қорды бекіту үшін, байланыстырып сөйлеуге оқытуға, сөздің жалпы функциясын дамытуға көмектеседі. Бұл әдіс сонымен қатар тікелей танысуға келмейтін құбылыстар мен объектілермен танысу үшін де қолданылады.
Сөздік әдістер – бұл көркем шығармаларды әңгімелеу, оқу, жаттау, мазмұндау, көрнекілік материалға сүйенбей әңгімелеу. Барлық сөздік әдісте көрнекілік тәсілдер қолданылады: заттарды, ойыншықтарды, картиналарды көрсету, балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты иллюстрацияларды қарау.
Практикалық әдістер – сөйлеу дағдылары мен іскерліктерін қолдануға бағытталған. Бұған әр түрлі дидактикалық ойындар, драматизациялық ойындар, көріністер, дидактикалық жаттығулар, хороводтық ойындар жатады. Олар барлық сөйлеу міндеттерін шешу үшін қолданылады. Балалардың сөйлеу қызметінің сипатына байланысты репродуктивтік және продуктивтік әдістерді бөлуге болады. Репродуктивтік әдістер – дайын үлгілерді, сөйлеу материалын қайталауға, қайта өңдеуге негізделген. Балабақшада олар сөздік жұмыста, сөйлеудің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеу бойынша жұмыстарда қолданылады. Репродуктивтік әдіске көрнекілік әдісін және оның түрлерін, суреттерді қарауды, көркем шығармаларды оқу, мазмұндау, жаттау, әдеби шығармалар мазмұны бойынша драматизациялық, дидактикалық ойындарды, яғни балалар сөзді, оларды байланыстыру заңдарын, кейбір грамматикалық құбылыстарды игеретін барлық әдістерді жатқызуға болады.
Продуктивтік әдістер балалардың өздерінің байланыстырып сөйлеуіне негізделген. Осыдан сөйлеу қызметінің шығармашылық сипатын аңғаруға болады, яғни бұл әдіс байланыстырып сөйлеуде қолданылады. Оған әңгімелесуді, мазмұндауды, байланыстырып сөйлеуді дамытуға арналған дидактикалық ойындарды, шығармашылық тапсырмаларды, модельдеу әдісін жатқызуға болады.
Тіл дамытудың әдістемелік тәсілдері дәстүрлі түрде үш негізгі топқа бөлінеді: сөздік, көрнекілік, ойындық.
Сөздік тәсілге сөйлеу үлгісі, қайталап айту, түсіндіру, нұсқау беру, балалар сөйлеуін бағалау және сұрақ жатады.
Сөйлеу үлгісі – балалар еліктеу үшін, алдын-ала дұрыс ойластырылған педагогтың сөйлеу әрекеті. Үлгі мазмұны және формасы бойынша түсінікті болу керек. Оны нық, қатты және асықпай айту керек. Үлгі еліктеу үшін берілетін болғандықтан ол балалардың сөйлеу әрекетіне дейін ұсынылады. Бірақ кейде ересек топтарда үлгіні балалардың сөйлеуінен кейін қолдануға болады, бірақ бұл кезде ол еліктеу үшін емес, салыстыру және түзету үшін қызмет етеді.
Қайталап айту – есте сақтау мақсатымен бір сөз элементін бірнеше рет қайталау. Практикада қайталаудың көптеген нұсқалары қолданылады: педагогтың артынан, басқа балалардан кейін, тәрбиеші мен балалардың бірігіп қайталауы, хормен.
Түсіндіру – кейбір құбылыстар мен әрекет амалдарының мәнін ашу. Дидактикалық ойындардағы әрекеттерді және ережелерді түсініру үшін, сөздің мәнін ашу үшін сонымен қатар затты зерттеу және бақылау процесінде кең түрде қолданады.
Нұсқау беру – арнайы нәтижеге жету үшін балаларға әрекет амалдарын түсіндіру. Оқытуға, ұйымдастыруға және тәртіпке арналған нұсқау беру түрлері бар.
Балалар сөйлеуін бағалау – сөйлеу әрекетінің сапалы орындалуын сипаттайтын баланың сөйлеуін талқылау. Баға қалыптастыру сипатында ғана емес, оқыту сипатында болу керек. Бағалауда сөйлеудің барлық жағымды жақтары ескеріледі, ал кейбір қателіктер үлгі және басқа да әдістемелік амалдардың көмегімен түзетіледі.
Сұрақ – жауапты талап етеді. Сұрақтар негізгі және қосымша болып бөлінеді. Негізгі репродуктивті – кім? не? қандай? қайда? қалай? және құбылыстар арасында байланыстар мен қарым-қатынастар орнатуды талап ететін ізденушілік – неге? қалай ұқсайды? Болады. Қосымша сұрақтар – жетекші және сыбырлап айту сипатында болады. Педагог сұрақтарды әдістемелік дұрыс қоюды игеруі керек. Олар негізгі ойды білдіретін, мақсатқа бағытталған, нақты болу керек.
Көрнекілік тәсілдер – дыбыстарды дұрыс айтуға оқыту барысында артикуляциялық органдардың жағдайын, иллюстртивтік материалды көрсету.
Ойындық тәсілдер – сөздік және көрнекілік болады. Олар балада әрекетке деген қызығушылығын оятады, оқыту процесінде жағымды эмоционалды фон құрады, балалардың сөздік белсенділігін және сабақтың нәтижелілігін жоғарылатады. Сонымен, қорытындылай келе, аталған әдістер мен тәсілдер нақты педагогикалық процесте бірдей қолданылады.
3) Сергіту сәті: «Алтын сандық»
(Әр топтан бір бала шығып сандықшадан алған көрнекіліктер арқылы жаңылтпашты жаңылмай айту).
Кермеде тұр қырық кір қыстырғыш,
Қырық кір қыстырғышқа
Қырық қыз келіп, кір қыстырды.
Қырық құлып,
Қырық құрық.
Құлып та қырық,
Құрық та қырық.
4) Ойын
Жаңа сабақтан алған теориялық білімді іс-тәжірибеде көрсету (жеке және топтық жұмыс)
1-топ. Көрнекілік әдіс (тікелей көрнекілік әдіс)
2-топ. Көрнекілік әдіс (жанама әдіс)
3-топ. Сөздік әдіс (ертегі айту)
4-топ. Практикалық әдіс (драматизациялау)
«Үш тұғырлы тіл» мақсатында: -Қуыршақ – кукла – puppet; сурет – картина -picture; ертегі – сказка – fairytale; эссе – эссе – essay
Қорытынды бөлім.
Ой толғаныс — 5мин
Тіл туралы нақыл сөз, мақалдар айту.
Қазіргі кездегі балалардың сөйлеуін дамытуда қолданылатын өз әдіс-тәсілдеріңді ата. Әр топтан бір студент өз пікірін айтады.
Кері байланыс. Гүл күлтешелерімен кері байланысты көрсету.
Бағалау (алған фишкаларына қарай бағалау)
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Кішібаева Д. Ұлттық ойындардың пайдасы// Бастауыш мектеп, 2004
2. Мухина С., «Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы». Алматы, 1986.
3. Қаженбаева А.Е. Бала танымын ойынмен дамыту//Отбасы және балабақша, 2002, №1.-Б.
4. Алпысбаев Т. Қазақ халық әдебиеті. Т.З; Ертегілер. ─ Алматы, 1975.
5. Тілді меңгерудің халықаралық стандарттары негізінде «Балабақша- мектеп-колледж-жоғары оқу орны» жүйесінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқытуды енгізудің әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013.
http://www.rusnauka.com/12_KPSN_2014/Pedagogica/2_167493.doc.htm
Қазіргі кезеңдегі мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеуін дамыту әдіс-тәсілдері
Габдуллина Жумагиз Нурбергеновна
«Сандуғаш» балабақша тәрбиешісі,
Атырау облысы, Мақат ауданы