Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Сөздік жұмысы арқылы оқушылардың тілі мен ойлауын дамытудың жолдары

Сөздік жұмысы арқылы оқушылардың тілі мен ойлауын дамытудың жолдары

Сөздік жұмысы – тіл дамытудың іргетасы, оқушыны жаңа сөздер үйренуде, бұрын білетін немесе түсінбейтін сөздердің мағынасын анықтауда маңызы зор. Сондай-ақ сөздік жұмысы сөйлем құрауға материал береді, сөздерді байланыстырып сөйлеуге, әңгіме айтуға, шығарма жазуға көмектеседі. Әдіскер ғалымдар М.Т. Баранов, А.Р. Прудникова жаттығу әдісінің маңыздылығына тоқтала келіп, «Сөздік және лексикалық жаттығуларды бір-бірімен айыру қиыншылық тудырады, олар тығыз байланысты. Өйткені екеуінің де негізі – сөзбен жұмыс жасау» – дей келіп, сөздік жұмыстарға тілді сезіну мен сөзді дұрыс түсінуі, орынды қолдана білуі, сөз тіркестерін жасау, сөйлем құрау, мазмұндама, шығарма жазуды жатқызады. Сөздік жұмысының ерекшелігі: тіл дамытудың басқа түрлері сияқты оқу-тәрбие жұмысының барлық салаларында жүргізіледі. Өлең, әңгіме, мысал, мақал-мәтелдер т.б білу арқылы баланың тілі дамиды. Балалар сөзді ұғу арқылы сөйлеу үстінде тілін дамытады. Ал, сөздік жұмысы оқушының ойын дамытумен тығыз байланысты. Тілді, оның грамматикалық құрылысын меңгеру оқушыларға өз пікірлерін айтуға, сұрауға, қорытынды жасауға, заттар мен құбылыстар арасындағы алуан түрлі байланыстарды аңғара білуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге сөздік жұмысы сөз арқылы оқушыны дәл ойлауға үйретеді, оның шығармашылық қабілетін арттыруға, сөйлеудің мазмұны мен формасының бірлігін қамтамасыз етуге бағытталады. «Сөз байлығы – қоғамның байлығы және сол сияқты әр адамның байлығы. Сондықтан мектепте оқушыларға сөздік жұмысын жүргізудің маңызы зор. Сөз байлығының аздығы оқушылардың өз ойын ауызша, әрі жазбаша, дәл, жүйелі жеткізуіне қиындық келтіреді. Сондықтан сабақта сөздік жұмысын дұрыс ұйымдастырудың мәні зор. Біріншіден, ол оқушының сөз байлығын молайтып кеңітсе, екіншіден үйренген сөздерін қатесіз, сауатты жазуға бейімдейді де, ал үшіншіден сөзді үйрену арқылы бала тіл нормасымен сөйлеп үйренеді. Сөздік жұмысын жүргізуге мынадай негізгі методикалық талаптар қойылады:

  1. Кесте 1 – Негізгі методикалық талаптар:

Мазмұнды сөйлеу

Жүйелі сөйлеу

Ойды айқын, сендіре, оқушысына немесе таңдаушысына әсер ете білу шеберлігі.

Мұнда тиісті сөздер таңдау, фразалар құрастыру, жалпы әңгімедегі көңіл-күйді білдіре алушылық үлкен рөл атқарады. Оқушы өз ойын белгілі бір ретпен, жүйелі түрде баяндап беретін болуы шарт. Бала өзі жақсы білетін материалын алдын-ала талдап, жинақтап, әуелі не жөнінде айтатынын т.б. жобалап алуға тиіс. Сөз, сөйлемді дұрыс құрмау, ойдың күрт үзіліп, байланыссыз қалуынан, бір ойдың қайталануынан сақ болған жөн, белгілі бір жүйемен баяндауға үйренген жөн. Сөздік жұмысы оқу сабағында мынадай міндеттерді орындауды қажет етеді:

  1. Балалардың сөздігін байыту, яғни белгілі бір сөздердің мағынасын түсіндіру, жаңа сөздер үйрету.
  2. Белгілі және жаңа сөздерді қолдану, пайдалану аумағын, көлемін көбейту, үйренген сөздермен салыстыру арқылы жаңа контекстке пайдалану.
  3. Сөздің стилистикалық рөлін және лексикалық категориясын бақылау арқылы үйрету.
  4. Байланыстырып сөйлеуге көркем сөздерді пайдалану, оның грамматикалық тұлғаларын аңғарту, өмірмен байланысты жүргізу.
  5. Синоним, антоним, көп мағыналы сөздерге талдау жасау, астарлы сөздердің мағынасын нақтылау.
  6. Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу қорына әдеби тілге жатпайтын сөздерді ендірмеу, артық сөздерді қолданбауға үйрету, сөздерді дұрыс айтуға қол жеткізу.

Мәнерлі сөйлеу, дәл сөйлеу барысында әр сөздің стилистикасына, сөздің әсеріне, көркемдік жағына көңіл бөлу керек. Бастауыш сынып оқушылары сөзге мән, мағына беріп үйренсе, үлкен жетістік, өйткені сөз арқылы ғана ойды жеткізуге болады. Мәнерлі сөйлеу тілге деген талғамды, сөзге деген сезімді тәрбиелейді. баланың сөйлеу тілінде дәлділік қажет. Әрбір сөз дұрыс айтылуы, дыбысталуды керек етеді. Онсыз сөз мағынасы, әсері болмақ емес. 343 7. Сөз байланыстарын қолдануға мүмкіндік жасау, яғни әрбір оқушы сөйлегенде, сөйлем құрағанда мүмкіндігінше жаңа сөз қосып отыру. Сөздікті байытудың негізгі көзі – оқулықтағы мәтін, жаттығулар, тапсырмалар және мұғалімнің сөзі. Сондықтан оқулықтардағы ұлы классик, сөз маржаны, ауыз әдебиет үлгілірінен мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылпаштарды оқып, сусындап отырғандары жөн. Оқушы оқыған мәтіннің мазмұнын дұрыс қабылдау үшін, сөздік жұмыстарының мұқият жүргізілуі қадағаланады, яғни балаға түсініксіз бірде-бір сөз болмауы керек. Мәтіндегі кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру 3 кезеңде жүргізіледі: Мәтінді оқуға дайындық кезеңінде. Мәтінді оқу барысында. Мәтінді оқып шыққаннан кейін. Өлең оқу барысында сөздік жұмысы өлеңді оқымас бұрын немесе оқып болғаннан соң ғана жүргізіледі. Осы кезеңдерге тоқталар болсақ, мәтіннің мазмұнын түсіндіруге кедергі жасайтын сөздер дайындық кезінде түсіндіріледі. Ал, тіркестері синоним, антоним, көп мағыналы сөздерді түсіндіру мәтін оқылғаннан кейін, шығарманың мазмұнын талдау барысында жүргізіледі. Сөйтіп, мұғалім мәтінді оқуға дайындалу кезінде, біріншіден мәтінді дұрыс қабылдауға қажетті сөздерді, екіншіден оқу барысында мағынасы ұғындырылатын сөздерді, ал, үшіншіден оқушылардың сөздігіне енгізілетін сөздерді іріктеп алады. Психологтардың айтуынша сөздік жұмысының әдістемесіндегі басты талап – сөз бен балалар санасындағы бейнені түрлі жолдармен үнемі ұштастырып отыру (өйткені сөз бейнесі санадағы нақты елес жеткіліксіз болса, туа қоймайды). Сөздердің мағынасын ашып түсіндіру тәсілдері алуан түрлі. Оның ішіндегі бастылары: Затты табиғи жағдайда бақылау немесе көрсету, экскурсия ұйымдастыру. Заттың өзін немесе суретін көрсету арқылы сөздің мағынасын ашып көрсету. Синоним сөздер қолдану: «қандай сөздермен ауыстыруға болар еді? Басқаша қалай айтар едік?» деген сияқты сұраулар қою арқылы синоним табуға оқушылардың өздерін қатыстыру. Сөзді кейде морфологиялық құрамына қарай талдау арқылы да түсіндірген пайдалы. Мысалы: тетелестері сөзінің түбірі қайсы? т.б. Сөздерге анықтама беру арқылы түсіндіруге болады. Мысалы: Аэродром – ұшақ ұшып, қонатын алаң т.с.с Абстракциялы ұғымдарды түсіндіру үшін тұрмыстан мысалдар, фактілер келтіріп, әңгіме айтылады. Мысалы: батырлық, адамгершілік т.с.с. сөздердің мағынасы осы әдіспен түсіндіріледі. 344. Сөздердің мағынасын түсіндіруге техникалық құралдардың біраз пайдасы бар. Сөздік жұмысы мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндірумен ғана бітпейді. Ол жаңа ұғымдар жасау, заттың жаңа қасиеттерін табу, жаңа көріністерді байқау сияқты жұмыстармен тығыз байланысты. Мұндай жұмыстар оқушылардың ойын, тілін дамытады, эстетикалық талғамын арттырады. Тіл дамытуда көркем шығармалар тілінің бейнелік құралдарын үйретудің алатын орны ерекше. Көркем мәтінде ауыспалы мағыналы бейнелі сөздер көптеп кездеседі. Оларды танытуда оқушылармен істелетін жұмыстың бастылары:

— Мәтіннен бейнелі сөздерді табу.

— Бейнелі сөздердің, сөз тіркестерінің мән-мағынасын түсіндіру.

— Мұғалімдердің сұрағы бойынша сөз арқылы бейнелеу, көз алдына елестету.

— Осы сөздерді өздері құрастырған әңгімелерінде пайдалануын қамтамасыз ету.

— Дауыс ырғағын келтіру, мәнерлеп оқу.

— Теңеу, эпитеттер табуға жаттығулар жасау.

Қандай тіл болмасын оның лексикалық байлығы мен оралымдылығы синонимдер арқылы көрінеді. Ал, қазақ тілі синоним сөздерге ең бай тілдің бірі болып табылады. Бастауыш сыныптарда синонимдер туралы ешқандай теориялық мәліметтер берілмейді, бірақ олармен жұмыс жүреді. Сөздік жұмыстарының ең маңызды бөліктерінің бірі – оқушылардың үйренген сөздерінің белсенділігін арттыру. Ол үшін сабақ сайын жүйелі түрде арнаулы тапсырмалар ойластырылып отыруы керек.

— Үйренген сөздерін кірістіріп сөз тіркестерін құрау;

— Үйренген сөздерін қатыстырып сөйлем құрау;

— Осы сөздерді қатыстырып мәтінге жақын әңгімелеу т.б.

Оқушы өзінің үйренген сөздерін ауызекі сөйлеу тілінде қолдана білсе, оның ақыл ойын дамытуға әсер етеді. Бұл жөнінде Л.Н.Толстой: «Балаға үйренген сөзін қолдана білуіне жағдай жасау керек, үйренген сөзін сөйлеу тілін өзінің ауызекі сөйлеуінде бір рет қолданса, ол өзінің жеке меншігіне айналады» — деп айтқан еді. Демек, сөзді орынды қолданып, оның мағынасын жетік білетін бала өз бетімен сөйлем құрап, оның мағынасын түсініп, сөйлеу тілінде шебер қолданатыны сөзсіз. Оқушыны өз ойын айта білумен бірге жаза білуге де дағдыландыру керек. Грамматиканы, синтаксисті жақсы меңгерген оқушы сөз тіркесін дұрыс біліп, сөйлем құрастыра алады. Мұғалім сөз тіркесін және сөйлемді құрату арқылы оқушыны тілдік фактілерді орынды қолдана білуге, әсіресе синонимдік қатарларды, сөзді талғап, таңдап қолдануға үйретеді. Сонда ғана баланың жазған мазмұндама, не шығармасы талапқа сай болады, 345 жазба тілі дамиды. Ауызша тіл кітап оқу, әңгімелеу арқылы көрінсе, жазбаша тіл дамыту мазмұндама, шығарма т.с. жазу жұмыстары арқылы іске асады. Бұл жұмыстардың қайсысы болсын, сөз арқылы оқушыны дәл ойлауға, үйретуге, оның творчестволық қабілетін арттыруға, сөйлеудің мазмұны мен формасының бірлігін қамтамасыз етуге бағытталады. Ауызша және жазбаша (мазмұндама, шығарма) жұмыстарын дидактикалық принципке сүйене отырып оқушылардың ойы мен тілін дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі заман талабы қазақ тілін жас ұрпаққа үйретудің тиімді әдістемесі жасалуын қажет етіп отырғаны белгілі. Өйткені, қазір қазақ тілінің қоғамдық қарым-қатынастың барлық саласында қолдану аясы кеңи түсуін қамтамасыз ету міндеті қойылуда. Ана тілінде дұрыс сөйлеп, сауатты жаза білу әр адамның азаматтық парызы болып саналады. Халқымыздың тарихи асыл мұрасы тілді болашақ ұрпаққа жеткізе, олардың сана-сезімдерін, дүниетанымын кеңейтіп, ой дәлдігіне сөз жүйелігіне, тіл тазалығына төсілдіру – аса игі іс. Мектептегі білім беру жүйесіне көз жіберсек, ана тілін оқытудағы басты мақсат – баланың ой-өрісіне, сөйлеу мәдениетіне үйретіп, шешен де шебер сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Сондықтан мәтінді талдауға байланысты жүргізілетін жұмыс түрлерін бір жақты ұйымдастырмай, оқушылардың сөйлеу, пікір алысу дағдыларын ұштай түсу мақсатын көздеп отырған жөн. Сөйлеу – физиологиялық та процесс. Бала мектепке дейін-ақ едәуір дәрежеде ана тілінде сөйлеу дағдыларын алады. Ал мектепте әдеби тілдің нормасы, грамматикалық синтаксистік заңдарымен танысады. Дұрыс жаза, сөйлей білу дағдыларын жетілдіріп тіл байлығын молайта түседі. Ал, тіл дамыту бірсыпыра ғылым өкілдерінің бірігіп шешуін талап ететін психологиялық, педагогикалық, лингвистикалық проблема. Тіл дамыту қазіргі мектептің оқу-тәрбие ісіндегі басты проблема – оқушының дұрыс сөйлей білуіне көңіл бөлу, сөз байлығын арттыру, ойлауын дамыту т.б. қамтиды. Баланың ойлауын жетілдіріп, тілін байыту жолдарының бірі – сөздік жұмысын жүргізу. Сөздік жұмысы мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдрды түсіндірумен ғана бітпейді. Ол жаңа ұғымдар жасау, заттың жаңа қасиеттерін табу т.с.с жұмыстармен тығыз байланысты. Мұндай жұмыстар оқушының ойын, тілін дамытады, эстетикалық талғамын арттырады. Тіл дамыту жұмыстары мынадай принциптерге негізделе жүргізіледі: Сөйлеумен ойлаудың бірлігі принципі Ауызекі сөйлеу мен жазба тілінің бір-бірімен байланыстылық принципі. Грамматика, орфография, пунктуация және әдебиетпен байланыстыра жүргізу принципі. 346 Сөздік жұмысын үнемі бір қалыпта жүргізуден оқушы жалығады. Сол себепті оны мүмкін болғанынша, түрлендіріп отырған жөн. Осы мақсат тұрғысынан жүргізілген жаттығу жұмысының бірінде көркем мәтінде кездескен мағынасы түсініксіз сөздерді оқушыларға бірде олардың синонимдері арқылы түсіндірсек, енді бірде қарсы мәнді сөздерді ойластырамыз. Мұндай жаттығу жұмыстары түрленіп қана қоймайды, бұл тапсырманы орындау нәтижесінде тіліміздегі сөздердің жақын мағыналы және қарама-қарсы мәнді болып келетінін таниды. Сөйтіп, олар білімнің жаңа бір басқышына көтеріледі. Сондай-ақ затты табиғи жағдайда бақылау, экскурсия, суреттерді және анықтама беру арқылы, морфологиялық құрамына қарай талдау арқылы сөздердің мағынасын түсіндіруге болады. Сонымен бірге тіліміздегі архаизм, неологизм, жергілікті сөздерге де арнайы жаттығулар жүргізуге болады. Мұндай жұмыстар оқушының ойлауын дамытып, орынды сөйлей білуге үйретеді, сөздігін жаңа ұғымдармен молайтып, логикалық ойлауын жетілдіре түседі. Оқу сабағында мәтінді дұрыс қабылдау үшін сөздік жұмысын жүргізбейінше, мақсатқа жету мүмкін емес. Сондықтан сөздік жұмысы сабақтың өн бойынан орын алу керек.

Әдебиеттер

  1. Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – Алматы 2005.
  2. Бектуров Ш.Қ. Қазақ тілі. Лексика. Фонетика. Морфология. Синтаксис. Алматы Атамұра 2006.

Абылқасова З.А.,
К. Макпалеев атындағы 4№ ЖОМ-нің қазақ тілі және әдебиет мұғалімі,
Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.