Home » Жаңалықтар » Сәтті өткен семинар

Сәтті өткен семинар

Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінің ең басты міндеті — білім берудің ұлттық модуліне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу. Білім беру саласының  басынан өтіп жатқан жанартаудай «сілкіністер» оқыту әдістемесіне өзгерістер енгізуде. Заман талабына сай біліп қана қоймай, сол білгенінді іс жүзінде қолдана білу керек.

Мемлекеттік білім саясаты да мұғалім арқылы жүзеге асады.  Осы тұста ұстаздық деген киелі мамандықтың құпиясын ашып, қыр-сыры мол терең дүниеге еніп, көңілдегі арманы толастамай, тоқу мен қуанышын қатар алып, мектеп деген үлкен дарияда жүзіп келе жатқан мұғалімдердің еңбегі зор.  Заман талабына сай білім берудегі бірыңғайлықтан бас тартып,  көп нұсқалы білім алу жүйесіне бет бұрып тұрған жағдайда оқушылардың топтық ерекшелігімен қоса,  жеке танымдық ерекшеліктерін ескеріп, саралап оқытуды ұйымдастыру —  бүгінгі таңдағы өзекті мәселе.

Саралап оқыту әрекеті — білім алуға бағытталған әрекет. Ол өз бетінше, әр мұғалімнің жетекшілігімен жүзеге асады. Саралап оқытуды ұйымдастыру арқылы бала ақыл — ой деңгейімен белсенді әрекет арқасында репродуктивті емес өнімді нәтижеге жетеді.

Осындай міндеттерді басты назарда ұстанған  Алматы қаласы, Алмалы ауданы «№67 жалпы білім беретін мектеп»  коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2019 жылдың 30 қаңтарында  «Саралау тапсырмалары —  білім сапасын арттырудың тиімді жолы»  атты аудан мектептерінің мұғалімдеріне арналған  семинар өткізілді. Семинар білім ордасының  озық тәжірибесін аудан көлемінде тарату,  саралау тапсырамаларын  пайдалану арқылы оқыту сапасын жақсарту,  білім алушылардың үлгерімін  арттыру жолдарын насихаттау мақсатында өткізілді. Семинарға Алмалы ауданы білім бөлімінің бас маманы Б.М.Тажиева бастаған  қазақ тілінде оқытатын  аудан мектептерінен 24 мұғалім қатысты. Келген мұғалімдердің басым көпшілігі жас ұзтаздар болатын, сондықтан жаңалыққа жаны құмар жастардың іс-шараға қызығушылығы жоғары болды. Семинар мектептің басшысы Б.Н.Демеуованың  келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, шығармашылық  шабыт тілеуімен басталды. Ары қарай  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары И.А.Байманасованың  «Танысу»  тренингімен жалғасын тапты.  Тренингте қатысушылар бір-бірімен танысып, өздерінің жақсы қасиеттерін айтып өтті.    Келесі «Тәжірибе алаңы»  атты бөлімі мектептің шығармашыл  ұзтаздарының саралау әдістерін қолдану  тәжірибесін таныстыруымен ұласты.  Келген қонақтар мұғалімдерінің білім алушылардың білімді меңгеру деңгейін анықтайтын тапсырмалар мен сауалнама, психологиялық тәжірибе жасауға арналған   саралау әдістерін қолдану үшін жылдар бойы жинақталған дидактикалық материалдардан жасалған көрмемен  танысты.

Аудандық семинарда қазақ әдебиетінен А.Т.Айменбетова С.Мұратбековтің «Жусан иісі», бастауыш сыныптағы математика пәнінен П.Ж.Елеубаева «Текше», химия пәнінен Б.Т.Алимбекова «Темір және оның қосылыстары», математика пәнінен П.Қ.Уринбоева  «Үшбұрыштың ауданы» атты тақырыптарда өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, шеберлік  сабақтар өткізді. Шеберлік сабақтар қатысушылар тарапынан  жоғары бағаланып, ынталандырушы кері байланыстар айтылды.
Семинар соңында панелдік талқылау болып, келген қатысушылар сабақ берген мұғалімдерге және мектеп әкімшілігіне сауалдарын қойып, игі тілектерін айтты.

Байманасова Индира Асилбековна
 «№67 жалпы білім беретін мектеп» КММ
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.