«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша
Күн райы күрт құбылып, көңіл-күй болмай қалатын күндер болады. Сол екпінмен сұхбатқа бардым. Аязға қарамай, жоспардағы балабақшаға бет алдым. Есікті ашқанымда ар жағынан:
«Біз әдепті баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Үлкендерге жол беріп,
Біз ақылды боламыз» — деген әдемі әуен естіле кетті. Абайша айтқанда, бірден барып, жүректі тербеген тәтті тіл иелерімен таныстым. Балабақшаның жүргізіп жатқан жұмыстары да іс-шарасы да нәтижелі көрінді. Балабақшаның бағыт-бағдарын білмек болып, басшымен танысып, ашық әңгімеге шақырдым. Бұл арқылы Алматы қаласы Жетісу ауданы №175 балабақшаның меңгерушісі, яғни «Білім айнасының» бүгінгі кейіпкері Боранбаева Нағима Рүстемқызының мейірімділігімен кеңпейілділігіне куә болып қайттым. Аузын «а» деп ашқан сәтте-ақ сауатты, жауапты маман екеніне көзіңіз жетеді. Оқи отырыңыз.
— Өзіңіз туралы толық мәлімет беріп өтсеңіз.
— Мен, Боранбаева Нағима Рүстемқызы 1972 жылы 13 қыркүйек Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келдім. 1979 жылы М.И. Калинин атындағы орта мектептің табылдырығын аттап, 1989 жылы бітіріп шықтым. 1989 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының «мектепке дейінгі тәрбие» факультетіне оқуға түсіп, 1993 жылы оқу орнын үздік бітіріп шықтым. Сол жылы қыркүйек айында Алматы қаласы, Жетісу ауданы № 139 балабақшада тәрбиеші мамандығымен еңбек жолымды бастадым. 2006 жылы 98 балабақшада әдіскер қызметін атқардым. 2012 жылдан Алматы қаласы Жетісу ауданы № 175 балабақшада меңгеруші қызметіндемін.
— Кешегі және бүгінгі армандарыңыз?
— Бала кезімде дəрігер болуды армандадым. Қазіргі арманым халқыма абыроймен қызмет көрсету.
— Мамандығыңыздың басқа саладан айырмашылығы яки ерекшелігі?
— Мамандығымның ерекшелігі — кішкентай булдіршіндермен жұмыс жасайтыным. Бала сияқты кейде солардың тілімен сөйлейтінім. Шыны керек, ұлт болашағын тəрбиелеуде қосар үлесімнің бар екеніне қуанамын.
— Өткен өміріңіз оралса, тағы осы тағдырды таңдайтын ба едіңіз?
— Бұл өкінгенім емес, дегенмен өткен өмірім қайта оралса дəрігер мамандығын таңдайтын едім. Жауапкершілігі жоғары, сонымен қатар адамдарға өмір сүруге, қайта аяққа тұруға үміт сыйлайтын сала.
— Бойыңыздағы қасиеттеріңіздің артыө-кем тұстары?
— Жақсы жағымды мені қоршаған ортамен менімен араласатын адамдар айтқаны дұрыс болады-ау. Жаман жағым кішкентай бала құсап тез өкпелейтінім. Бірақ менің ренішім шәй орамал кепкенше ғана.
— Мақсатыңызбен ұстанымыңызға туралы не айтасыз?
—Максатым — адам болып өмір суру. Ұстанымым — ұлт болашағына дұрыс тəрбие беру.
—Балалармен қарым-қатынасыңыз қандай?
—Балалармен қарым- қатынасым өте жақсы. Тіпті тамаша. Шəкірттерімнің көбісі қазіргі таңда əр сала қызметкерлері деп мақтанып айта аламын.
— Басыңыздан өткен қызықты оқиғаны баяндап берсеңіз.
— Қызықты оқиға көп қой. Тəрбиеші кезімде топқа жаңадан бала келді. Бәрде әлгі бала тоқтамай жылай берді. Себебін сұрасам: «- Где я?» дейді «- Ты в садике» — десем одан сайын жылайды. Сонымен кешкісін анасы келді, айтып жатырмын «Где я?» деп жылады десем, анасын Диля дейді екен ғой, сол оқиғаны ұмыта алмаймын. Тек бұл ғана емес, айта берсем күн ұясына батады ғой. Әсіресе күнделікті әсер сыйлайтын балақайлардың бал қылығына тоқталайын. Оқу қызметінде «бүгін аптаның қай күні?»деп сұрағанда тәтті тілдерін бұрап «бүгін понедельник» деп жауап береді. Қыс мезгілінде топ болып жиналып аққала жасадық. Балалармен қолын жасауға үлгермеген соң, ертең жасаймыз деп топқа кірдік. Топта бір баламыз жоқ, оны əбден іздедік. Іздеген баламыз аққаланың қолын жасап шығып келе жатыр. Неге қалдың десек: «маған қолы жоқ аққалаға жалко болды», — деп көңілсіз қарады. Сол кезде не күлерімді не жыларымды білмегенмін…
— Керемет. Есте қалатын естеліктеріңіз көбейсін деймін. Қорытынды ретінде бір сөзбен айтып өтсеңіз, «сіз үшін тәрбиеші болу»?
— Мен үшін тəрбиеші болу дəнді жерге егіп, баулап баптап өсірумен бірдей, яғни дұрыс мағыналы тəртіпті өмірге бүлдіршіндерді тəрбиелеу.
— Еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Ниетіңізге жете беріңіз! Сұқбатыңызға рақмет!
Жадыра Бағашар,
«Білім айнасы».