Home » Мақалалар » Сіз күткен қызықты сұқбат

Сіз күткен қызықты сұқбат

1.Әңгімеміздің кіріспе бөлімін өзіңізден бастасақ:
Алигожаева Гулназ Мәлікқызы. Бұрынғы Кеген ауданы Жалаулы ауылында 1973 жылы  көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Аталған ауылда 8 жылдық мектепті аяқтап ұстаз болу арманымды арқалап, Есік қаласындағы пед училищеге  оқуға түстім. Білімімді Қыздар педагогикалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жалғастырып, ұстаздық мамандығын алдым.Мектеп атты құтты мекенде осы білім саласында бүгінгі таңда оқушыларға білім нәрін беріп, ұстаз атанып, ұлы істің игі жолында аянбай 27 жыл қызмет жасап келемін. Аяулы ұстаздан адамзат баласының барлығы тәлім-тәрбие алатыны анық.
2.Еңбек жолыңыздағы қалыптасқан кезеңге тоқталып өтсеңіз:
Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған ұзақ еңбек жолындағы өмірілік ұстанымым — әрқашан шығармашылық ізденісте, ой қозғалысында болу.Еңбек жолымды өзімнің туған жерім Райымбек ауданында 1992 жылы бастауыш пәні мұғалімі болып бастадым. Одан ары Талғар ауданында № 9 орта мектебінде, Облыстық санаториялық мектеп –интернаты, №7 мектеп лицейінде жалғасын тапты. 2010 жылдан Талғар ауданы Жалғамыс ауылындағы № 15 орта мектепте мектеп директоры болып тағайындалдым. Қазіргі таңда Талғар ауданы « №44  мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар жалпы білім беретін орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде басшылық етемін.
3.Оқушылармен жұмыс барысында қолданатын қағидаңыз?
«Ұстаздық — ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу — үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін. Ұстаз –жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек,  парасатты , ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Әрине, ұстаз  жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға  деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – ұстаз. Әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шар-тарапқа жетелеуші. Бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі. .Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда жас ұландарымыздың биіктен көрнуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.
4.Осы тұста жеткен жетістіктеріңізге тоқталып өтсек?
Еңбек жолымда жеткен жетістіктеріме келер болсақ: аудандық әкімдіктің  мақтау қағаздарымен, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қзақ творчестволық бірлестігінің медалімен, Ы. Алтынсарин медалімен,  үздік мектеп басшысы медалімен марапатталдым.
5.Ұстазға керек мінез. Мінез –адам көңілінің айнасы. Алдыңдағы халықтың баласының шамшырағы –ұстаз. Қандай жағдай болмасын ұстазға ұстамдылық қажет. Өйткені ұстазы жақсының ұстанымы жақсы дегенді халық даналығы бекер айтпаған.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –
деп ақын Ғ.Қайырбеков айтқандай ұстамды болған мұғалімнің еңбегі ақталып, төккен терінің жемісін жейді.
6.Мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе тағы да мұғалімдікті таңдар ма едіңіз? Мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе әрине осы мамандықты таңдар едім. Себебі, ұстаз болу – бала кездегі арманым болатын. Сол арманға жеттім деп айта аламын. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені бұл – мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне ұлы мамандық. Бірақ «Ұстаздық жолы қиын бұралаң, Істей алмас бұл жұмысты құр адам» деген сөзді естен шығармаған жөн.
7.Кешегі және бүгінгі армандарыңызға тоқталайықшы: Ендігі алдағы үлкен арманым да көздеген мақсатым да шеберлігі шыңдалған, тәжірибесі мол ұстаз атанып, бәсекеге қабілетті  шәкірт тәрбиелеу. Ұжымымыз бүгінгі күнде жас өрендерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, бар ынтасымен жұмыс жасағандықтан мектебіміз жаңа, жас болуына қарамастан алдыңғы қатардағы мектептер тізімінен орын алып келуде. Алдағы уақытта да биік белестерден көрінсе деймін.
8.Бойыңыздағы біз білмейтін жақсы-жаман қасиет барма? Бойымдағы жақсы қасиетім де , жаман жағым да кешірімшілдігім. Кешірім сұрамау мен кешірмеу адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз қасиет. Кешірімді болу – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің көрінісі деп білемін. Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі.
9. Мектеп жылдарындағы қызықты кезеңді еске түсірейікші?
Мектеп аясында өткен білім саласында біліктілігін арттырып, бар ілімін шәкіртінің санасына құятын, қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұлағатты жолдың  әрбір күні қызықты деп есептеймін.
10.Ұстаз болу….
Балалар біздің болшағымыз. Болашағымыздың жарқын болуы – білімді ұрпақ қолында. Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә Назарбаев айтқандай: « Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан міндет өте ауыр», — деген. Әрине тәуелсіз ел тірегі —  білімді ұрпақ тәрбиелеу, білім беру – мұғалімге жүктелетін қасиетті парыз. Баланың өмірден өз жолын табуда да ұстаздың еңбегі зор. Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу бүгінгі алға қойған басты міндет. Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар. «Мектеп – білім тірегі, Ұстаз — оның жүрегі”. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.

 Жадыра Бағашар,
Білім айнасы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.